Мәдениет

Ұлт ұстазы – Ахмет

Ұлт ұстазы – Ахмет

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында жаңа қойылым көрерменге жол тартты. Алаш ардақтысы, ақын, ағартушы, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, драматург Сантөре Пірмановтың «Ұлт ұстазы» атты символикалық композициясының премьерасы сахналанды. Қойылымның қоюшы-режиссеры – ҚР Мәдениет саласының үздігі Анар Сағымбекова.

 width=

Мың бұрала билеген биші қыздар, өмір пернесінің сиқырлы сазына жаздың түрлі түсін қосып алып, әсем қанатымен көкке ұмтылған көбелек іспетті. Ахметтің нәзік һәм жаралы жанындай дамылсыз шарықтаған олар шарайнаны шыр айналды. Олар өзінің сынық қанаттарының қайтарымын кімнен, қалай аларын білмей мұңаяды. Өмір иірімін таба алмай аласұрады. Шеті мен шегі, түйіні мен шешімі жоқ тұрлаусыз тіршіліктен қолдау күткендей, әлденеден үміт еткені яки әлдекімді іздегені белгісіз, не көкке көтеріле алмай, не дамылдап жерге де қона алмай екі ортада қалықтай берді... Сахнада Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылық жолы, халыққа жанын аямай жасаған қызметі көрініс тапты. Сондай-ақ қазақтың кешегісін сараптап, ертеңінің қамын ойлауының өтеміне ұлтшыл, халық жауы ретінде жала жабылып, қуғындалуы, өмірінің қиындыққа толы сәттері суреттелді.

 width=

Көрермендер отбасы, ошақ қасындағы шаңырағының ұйытқысы бола білген аяулы жары Бадрисафа мен Ахметтің арасындағы махаббат пен бір-біріне деген сенімнен туған құрметінің шексіз екенінің куәсі болды. Ағартушының өз ісіне адалдығы қойылымда айқын көрініс тапты. Көбелектер қойылымның соңына дейін қалықтап жүрді. Олардың тіршілігі тып-тыныш. Бейбіт, баяу ғана қозғалады. Тұп-тұнық. Тап-таза. Бірақ сол тұнық күн, тамұқ кеш дүр сілкінді. Әп-сәтте бойды үрей билеп, ажал алқымнан алғандай бір уыс болып қалды. Сол сәт аспан астын, алқызыл қан жапты. Ұстаздың дақ түспеген ақ жүрегіндей ғана аппақ шымылдықтың айналасында қанға бөккен көбелектердің биі тоқтап қалды. – Бұл спектакльде Ахметтің бала кезі, жастық шағы мен өмірінің соңғы күндері көрініс тапқан. Мектеп жасындағы балалар көрсе де, өздеріне ой түйіп қайтатын сондай әсерлі, тағылымы мол қойылым. Сантөре Пірманның спектаклін 50 минутқа шақтаған режиссердің аз ғана уақытқа көп ой сыйдырғаны анық. Спектакльдің айтар ойы нақты. Қойылымның көрерменге берері мол деп білемін, – деді өз сөзінде Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаған театр әртісі Кенен Ақүрпеков. Ал қойылымға анасы Ажар Тілепбекқызымен бірге келген 17 жасар Ахмет Назаровтың өз айтары бар. – Менің әкем ұстаз. Мен дүниеге келген тұста әкем «Ахмет Байтұрсынұлындай еліне елеулі еңбек етіп, білімді болсын» деген ниетпен менің есімімді Ахмет деп қойған екен. Осы уақытқа дейін өз есімім жайлы ойланбаппын. Бүгін міне, маған есімін берген тұлға жайлы спектакльді көріп, өзгеше ой түйдім. Мен сондай ұлағатты ұстаздың есімін арқалап жүргенім үшін кеудемді мақтаныш кернеді. Бірақ оның өміріне аянышпен қарадым. Ұстаз әділетсіздікпен қаза тапқанымен, оның болашағын жалғаған біз сияқты білімді ұрпағы барда Ахметтің есімі өшпейтініне сенімім мол, – дейді Ахмет Назаров.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ