«Qamqor» әлеуметтік дүкендері көбеюде

20

Әлеуметтік дүкенге тауар апарып, қайырымдылық жасауға кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. Тараз қаласында киім-кешектер мен тұрмыстық заттар қабылдауға арналған жәшіктер әдетте халық көп шоғырланатын «Mart», «Халық», «Ирс» және «Айрылмас» сауда орталықтарында орналасқан. Сондай-ақ тура осындай жәшік М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратында да бар. Себебі, дүкеннің жұмысын үйлестіріп отырған да – ерікті жастар. Демек, қайырымдылық дүкеніне жастардың тауарлары да үздіксіз қойылады деген сөз.

Дәл қазір облыста Тараз қаласымен қатар Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарында қайырымдылық дүкені бар. Бұл дүкеннің негізгі мақсаты әуелден-ақ жастарды, волонтерлерді қайырымдылық жасауға шақыру арқылы мұқтаж жандарға киім-кешек үлестіріп, түрлі қайырымдылық акциялар ұйымдастыру болған. Сөредегі заттардың басым көпшілігі тұрғындардан жиналған киімдер. Мұндай киімдер өңделіп, қайта қалпына келтіріліп, кейін мұқтаж жандарға үлестіріледі. Дүкендегі тауар қорында кеденде мемлекеттік тәркілеуге алынған киімдер де бар.

Тіпті бірнеше жыл бұрын бренд тауар сататын дүкен желілерінде өтпей қалған немесе қалып кеткен киімдерді еріктілер кәсіпкерлермен келісіп алып отырыпты. Бір сөзбен айтқанда, жастар қайырымдылық дүкені арқылы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмектесудің бірнеше жолдарын қарастырғаны көрініп тұр. Тауарларды көпбалалы, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасы мүшелері тегін алады.

Бір ғана қаладағы әлеуметтік дүкеннің мыңға жуық тұрақты тұтынушысы бар екен. Тек олар дүкеннен киім-кешек немесе тұрмыстық заттар аларда жеке куәлігін көрсетуі тиіс. Дүкенде тұтынушыларды бір адам қабылдап отырса, заттарды сұрыптау мен тазалауға еріктілер қол ұшын созады. Тағы бір шартқа тоқталсақ, бір тұтынушы дүкенге айына бір рет қана келе алады. Бірақ сол келгенде бірнеше киім алуына болады. Қайырымдылық дүкені барынша ашық, әрі қолжетімді болуы үшін жастар тұтынушылардың электронды базасын да әзірлеп қойған. Сол базадан тұтынушылар қашан және қандай киім алғанын білуге мүмкіндігі бар.

Қайырымдылық дүкендері 2019 жылы ашылғаннан бастап бүгінге дейін тұрғындарға 46 мың тонна киім-кешек үлестірген. Ал биыл мыңға жуық тұрғынға салмағы бір тоннаға жететін киім-кешек таратқан. Еске салсақ, әлеуметтік дүкеннің заттары Арыстағы оқиғада зардап шеккен отбасыларға да жөнелтілген еді. Сонымен қатар Мақтааралдағы су тасқыны кезінде үйін, дүние-мүлкін су басып қалған біраз тұрғындар да Жамбылдағы қайырымдылық дүкендерінің киім-кешегімен қамтамасыз етілген болатын.

Бүгінде Тараз қаласындағы қайырымдылық дүкені Ы.Сүлейменов көшесі, 16 мекенжайында орналасқан. Енді жастар мұндай дүкендердің санын келер жылы арттыруға ниетті екенін аңғартты. Сондықтан «Qamqor» дүкенінің жұмысын үйлестіріп отырған еріктілер демеушілер мен қала тұрғындарын дүкенге тауар әкеліп, қайырымдылыққа үлес қосуға шақыруда.

 

 Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.