- Advertisement -

Базары мен ажары жарасқан ауыл

148

- Advertisement -

Бұрын Көктерек, бүгінде Бірлік аталатын ауыл – Халық қаһарманы, Желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбеков туған өлке. Батыр ұлдың кіндік қаны тамып, балалық шағы өткен мекеннің бір кездері Көктерек аталуы тал-дарақтың молдығынан шығар. Қазір де жасыл желекке тұнып тұр. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген осы-ау, сірә. Алдыңғы толқынның еккен тал-дарағы қысы қатал мекенде – пана, жаздың аптап ыстығында – жанға сая. Оның үстіне мал өсіріп, егін салу сынды ата кәсіппен қатар, ауылдың бүгінгі тұрғындары жыл сайын жас көшет отырғызуды жалғастырып келеді.

 Аудандағы іргелі мекендердің бірі – Бірліктегі 22 километрді құрайтын 22 көше толық асфальтталып, жарық орнатылған. Былтыр шілде айында басталған спорт кешенінің құрылысы аяқталып келеді. Ауылда шешімін таппай келген «Байбарақ» және «Бірлік» тоғанына 1406 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына 495 мың теңгеге айналдыра шұңқыр қазылып, 1400 мың теңге қаржыға округ әкімдігінің ғимараты да жөндеуден өтіп, жаңарыпты.

Бірліктегі бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ауыл тұрғындарының туған мекенге деген жанашырлық қамқорлығына да риза боласың. Былтыр «Жомарт түлек» жобасы аясында Қайрат Рысқұлбеков орта мектебінің 1981 жылғы түлектері Исабеков көшесінің бойынан «Балалар ойын алаңын» пайдалануға берсе, 2011 жылғы түлектері «I Love BirIik» көркем инсталляциясын орнатып беріпті. Ауыл жастары «Бірлік» мешітінің жанынан асхана ашып, жылу жүйесі мен су құбырын іске қостырған. Имандылық үйінің алдынан жазғы алаң соғып, пайдалануға берген. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында да 2020 жылы және былтыр еріктілерді ұйымдастыра отырып, жалғызбасты, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларының тұрғын үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кәсіпкерлер, ауылдың белсенді жастары жинаған 2 миллион теңгеге 70 отбасына азық-түлік алып беріп, отынмен қамтамасыз еткен. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында да аз қамтылған отбасыларының мектеп жасындағы балаларына барынша көмек көрсетілген.

– Ауылдық округ бойынша 83 ауыл шаруашылығы құрылымы тіркелген. Мал басы жылдан-жылға арта түсуде. 2500 мүйізді ірі қара, 21895 уақ мал және 868 бас жылқы бар. Ветеринариялық емдеу шараларын уақтылы жүргізудің нәтижесінде эпизоотикалық жағдай тұрақты, малдың аса қауіпті ауруы тіркелген жоқ. Біздің Бірлікте ауыл шаруашылығының екі саласы да қатар дамыған. Биыл 100 гектар жерге егілген арпадан жеке шаруашылық құрылымдары 16 центнерден өнім алып, 160 тонна дән жинады. 422 гектар алқаптағы жүгері 56 центнерден айналып, 2363 тонна өнім түсті. 53 гектардан 795 тонна бақша өнімдері алынып, 50 гектар көкөніс 650 тонна өнім берді. Ет, сүт, бақша, көкөніспен ауыл тұрғындарын қамтамасыз етіп отырған шаруалар, артылғанын 60 километрдей жердегі Шу қаласындағы базарға шығарады.

Былтыр «Батеке», «Жанғазы» және «Ерсін-ел» шаруа қожалықтары су үнемдеу технологиясын енгізу мақсатында тамшылатып суаруды кеңейту үшін техника мен жабдықтар алуға 11 миллион 650 мың теңге субсидия алған. Жайылымдық жерлерді тиімді игеруге байланысты жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде игерілмей жатқан 103 гектар егістік және 680 гектар жайылымдық жер анықталып, ауыл тұрғындарының пайдалануына берілген. Қысқаша айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында осындай жұмыс бар. Ал енді, Қайрат батырдың ауылының көркі мен келбетін өзіңіз көріп, танысып жатсыз, – деді Бірлік ауылдық округінің әкімі Қуаныш Оспанов.

Бір ауылда тұрғындарға қызмет көрсететін 37 нысанның жұмыс істейтінінен-ақ ауылда кәсіпкерліктің қанат жайғанын аңғарасың. Тәулігіне 100 дана нан дайындайтын екі наубайхана, 27 дүкен, екі асхана, екі мейрамхана, үш шаштараз, екі техникалық қызмет көрсету орталығы, екі май құю стансасы және бір ағаш өңдеу цехы жұмыс істейді. Осы кәсіпкерлік нысандарының иелері 27 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерге жерлестері риза. Дүкендердегі азық-түлік бағаларына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отыратын көрінеді. Алайда ауылдықтар бір-бірімен ағайын-туыс, бауыр. Бағаны көтеріп, туыстарының наласына қалмайды. Сонда да ауылдық округ әкімдігі бақылауды назарда ұстайды.

 

Амангелді ӘБІЛ

Мойынқұм ауданы

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support