- Advertisement -

Тірлігі төрге, өндірісі өрге озған өңір

94

- Advertisement -

Шу ауданының географиялық орналасуы инвесторларды тарту, кәсіпкерлікті дамытуға өте ыңғайлы. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік тұрмыс сапасының жақсаруына елімізде жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» және басқа да бағдарламалардың үлесі зор.

 Әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларының да басты бағытының бір саласы ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартып, ауыл шаруашылығын өндіріспен қатар дамыту болып табылады. Сонымен бірге Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген. Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы – осы. Өйткені мемлекетіміз үшін әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды. Біздің өңірде де Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді.

Ең алдымен осы тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында қараша халықпен ауданның әлеуметтік желілерінде және жеке парақшамда мейлінше қажетті ақпаратпен қамтамасыз етудеміз. Өңірде жүзеге асырылатын игіліктер жайлы тұрғындар үйінде отырып-ақ хабардар болуда. Сондай-ақ ауданның, облыстың басылымдарында аудан жаңалықтары тұрақты жариялануда. Тұжырымдамада көрсетілгендей, әр саладағы орынбасарларым, ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары атқарылған жұмыстарын жариялап отыруды аппараттық кеңесте міндеттеп, тұрғындардың сауалына уақтылы әрі тұшымды жауап беру керектігін жүктегенбіз.

Бүгінде бұл жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Сондай-ақ қоғамдық қабылдауларды жиілетіп, Президент Жарлығына сәйкес, ауылдық округтерде әр тоқсанның қорытындысы бойынша кездесулер ұйымдастырылып, онда сол аралықта атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндаудамыз.

Жаңа жұмыс орындары ашылды

Ал енді ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталар болсам, өткен сегіз ай қорытындысымен өңірде оң динамика қалыптасты. Бұл кезеңде өнеркәсіп саласында өндірілген өнім – 14669,4, ауыл шаруашылығы өнімі 33411 миллион теңгені құрады. Өңірде құрылыс саласы 17571 миллион теңгеге жетіп, тұрғын үй көлемі 19059 шаршыметрді құрады, ал инвестиция көлемі 133,8 пайызға артып, ол есепті кезеңде 22293,6 миллион теңгеге жетті.

Алдағы үш жыл аралығында ауданда жалпы құны 189,1 миллиард теңгені құрайтын 148 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Оның 103-і ауыл шаруашылығына тиесілі. Мұның 44-ін жеке қаражат есебінен жүзеге асыру көзделсе, 59 жоба несиені қажет етеді. Тарқатып айтар болсақ, оның 76-сы жылыжай, 8-і мал бордақылау алаңы, 3-еуі жаңбырлатып суғару технологиясы, 4-і балық шаруашылығы, 2-і алма бағы, 3-еуі сүт өнімдерін өңдеу цехы, біреуі қант қызылшасын өңдейтін зауыт, 2-еуі көкөніс сақтау қоймасы, 2-еуі тауық фермасы, біреуі жем-шөп дайындау цехы.

Келесі сала – өнеркәсіп. Бұл салада жалпы құны 182,4 миллиард теңгені құрайтын 45 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар жүзеге асырылса жаңа 809 жұмыс орны ашылмақ. 45 жобаның 39-ын шағын инвестициялық жобалар құрамақ. Оның 13-і өңдеу, 5-і тамақ өнеркәсібі өндірісі, 21-і қызмет көрсету саласына тиесілі. Бұл жобалардың 41-і мемлекеттік қолдауды қажет етпейді. Бір жоба мемлекеттік қолдауға ие болса, 3 жоба мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Олар гранулдық ситифон, табиғи тастан жасалған қаптама тақтайша, құрылыс гипсі, мәрмәр толықтырғыш өндіретін өндірістер.

Жоғарыда аталған жобаларды өңірдегі ірі компаниялар, яғни «Қызылша», «KAZAQUAALLIANCE», «Автокемпинг», «ҚАЗАҚМЫС», «ALTYNALMAS REAGENTS» және «ZHANASHYR PROJEKT» ЖШС алдағы үш жылда кезең-кезеңімен іске қосып, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашатын болады.

Мемлекеттік бюджет есебінен ауданда 224 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оның жалпы құны 49 миллиард теңгені құрады. Ол жобалар ағымдағы жылды қосқанда төрт жыл ішінде атқарылады деп жоспарланған. Бұл жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, билікке ұсынылған. Ол жұмыстар тиісті қаражаттың аударылуы барысында жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады. Осы жобалар аясында ауданда спорттық-сауықтыру кешендері, білім ошақтарының жылу жүйесін газға ауыстыру, Шу қаласындағы қант зауытын менералды сумен жабдықтау, 18 елді мекенге тартылатын газ құбырын жүргізу және «Шу» АГТС салу, басқа да нысан құрылыстарын жүргізу қаралған. Бұл жобалардың барлығының игілігін алдағы уақытта ел көретін болады.

Тұрғын үй бойынша айтар болсақ, Шу қаласында 80 пәтерлі бір көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Инженерлік-инфрақұрылымдық желімен «Жетісу» шағынауданындағы 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйге 197 миллион теңге қажеттігі анықталып, ұсыныс берілді. Жыл соңына дейін қосымша 20 нысанның мемлекеттік сараптамалары дайын болады деп күтілуде, оның жобалық құны 11,3 миллиард теңгеге жетіп отыр. Сондай-ақ мәдениет үйін Белбасар мен Ақтөбе ауылдарында салу, Жаңажол ауылынан бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының құрылысын жүргізу, Шу қаласының кәріз жүйесін ретке келтіру үшін сараптамалық қорытындысы алынуда.

Бұдан бөлек, Жайсан, Жиенбет, Еңбек, Тасөткел, Бөлтірік ауылы, Жайсан және Горгаз шағын аудандарын таза ауыз сумен қамту және Бірлік, Жайсан ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін сараптамалық қорытындысы жақында алынады. Ал білім нысаны бойынша Макаренко, Абай, Естемесов, Мойынқұм, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептерін жөндеуден өткізілмек.

Білім саласы бойынша айтар болсақ, қолымызда қажетті 25 жоба бар. Оның 7-еуі мектеп құрылысы, 3-еуі жапсарлас құрылыс, 15-і күрделі жөндеу жұмыстары. Биыл Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде жапсарлас ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілсе, Төле би ауылында 300 орынды әл-Фараби мектебінің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы Төле би ауылындағы С.Шәкіров мектебіне жапсарлас мектептің қосымша спорт залының құрылысын әзірлеуге жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 10 миллион теңге бөлінді.

Денсаулық саласында ауданға әлі де бірнеше медициналық нысан қажет. Алдағы уақытта 6 жобаны қолға алмақпыз. Оның 5-еуі құрылыс, 1-еуі күрделі жөндеу. Бұл жұмыстарға 1,2 миллиард теңге қаражат қажет. Біз шағын ауылдарды да назардан тыс қалдырып жатқан жоқпыз. Мысалы, биыл Еңбек ауылында 5 келушіге арналған медициналық нысан пайдалануға берілсе, Оразалы батыр ауылында фельдшерлік-акушерлік пункті 44 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілуде. Ал Шу қаласындағы емханаға қайта жаңғырту жұмыстарын бастадық.

Сондай-ақ Төле би ауылындағы 48 орынды балаларды оңалту орталығының құрылысын қазан айында аяқтау жоспарлануда. Жиделі стансасында дәрігерлік пункт құрылысына және Шу қалалық ауруханасын қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттамаларына қаржы қарастырдық. Аспара, Жиделі стансаларына медициналық нысанды салу 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр.

 Баспана – басты мәселе

Бүгінгі таңда баспана мәселесі бізде де өзекті күйінде. Ауданда тұрғын үй кезегінде 1844 азамат тұр. Шу қаласынан 80 пәтерлік 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына бюджеттік өтінім берілді. «Жетісу» шағын ауданында көпқабатты пәтерді салуға 2,8 миллиард теңге қажет. Бұл жобалар республикалық бюджеттен қолдау табатын болса, 240 азаматты тұрғын үймен қамтитын боламыз. Сонымен қатар Шу қаласындағы әскери қалашықта күрделі жөндеуді қажет ететін әрқайсысы 75 пәтерден тұратын 4 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда тұрғын үйді жөндеуден өткізіп, пайдалануға берудің басқа да жолдары қарастырылуда. Аталған мәселелер оңтайлы шешімін тапса, тұрғын үй қажеттілігі 540 адамға азаймақ.

Тұрғын үй мәселесін «Асар» жобасы арқылы да шешуге атсалысудамыз. Ағымдағы жылы «Асар» жобасы аясында 4 үй мұқтаж деп танылған отбасыларға беріліп, алда 7 үйдің кілтін тапсыру көзделген. «Дипломмен ауылға» жобасымен 62 маманды үймен қамту жоспарланса, бүгінгі таңда оның 42-сі баспанамен қамтылды. Сонымен қатар жер телімі кезегінде тұрған 6484 азамат бар. Олардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Алға ауылында 210, Төле би ауылында 859 азаматқа тұрғын үй салу үшін жер телімі берілді. Ал Шу қаласынан 1449 азаматқа жер телімін беру қаралуда.

 Халықтың өтініш-тілегі назарда

Аудандағы 35 елді мекеннің бүгінгі таңда 9-ы таза ауыз сумен қамтылмаған. Елді мекендерді таза ауыз сумен қамту бойынша 17 жоба жасалған. Биыл Көкқайнар, Сауытбек, Көктөбе, Еңбекші, Ақтөбе ауылдары мен Қант зауыты шағын ауданына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталды. Алдағы жылы Төле би ауылын тіршілік нәрімен толық қамту жоспарлануда. Арғы жылы Шу қаласындағы Горгаз, Жайсан шағын ауданы, Алайғыр стансасына модульді су стансасын сатып алу жоспарлануда. Одан кейінгі жылы Бөлтірік, Жиенбет, Еңбек ауылдарын таза ауыз сумен қамту, Құлақшын стансасы мен Көкжиек ауылына модульді су стансасы салынады. Жоспарлағанымыздай жұмыстар аяқталар болса, ауыз су мәселесі 2025 жылы түбегейлі шешімін таппақ.

Ал көгілдір отын мәселесіне тоқталар болсақ, ауданда 12 елді мекенге газ құбыры жүргізілмеген. Бүгінде Мойынқұм, Еңбек, Жиенбет ауылдарына газ құбыры тартылуда. Биыл Балуан Шолақ, Бәйдібек, Бөлтірік, Далақайнар, Шоқпар, Шоқпар бекетіне магистральды газ құбыры жеткізілуде. Бұл жұмыстар келесі жылға өтпелі екенін айта кеткен жөн.

Жол қадірін жолаушыдан артық ешкім білмейді. Алғаш жұмысқа кіріскен сәтім ауылдық округтерде жыл қорытындысы бойынша өтетін кездесумен тұспа-тұс келді. Ауылдықтардың басым көпшілігі көшелерге асфальт қажеттігін алға тартқаннан кейін, өтініш-тілектерді қағазға түртіп алдық. Биыл жолдар бойынша 97 жоба дайын, оның құны 2,7 миллиард теңгені құрады. Оның 91-і ауылішілік, 6-ы аудандық мәндегі жол. Ол бойынша анықтау жұмыстары жүргізіліп, жоспар құрылды. Ағымдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 көше, жергілікті бюджеттен 29 көшеге қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Сондай-ақ биыл Шу қаласына кіреберісінен бастап, Балуан Шолақ ауылына дейінгі 32 километр жол күрделі жөндеуден өткізілуде. Нысан 2023 жылға өтпелі. Сондай-ақ 52 километрді құрайтын Шу-Қайнар жолына күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Мәдениет пен спорт саласы да бақылауымызда. Алдағы жылғы жоспарларда екі сала да қамтылған. Ал қазіргі таңда Қонаев ауылында 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталса, Абай ауылында 100 орындық мәдениет үйі желтоқсан айында ел игілігіне берілмек. Ақтөбе, Белбасар ауылдарының мәдениет үйі құрылысының жобалық-сметалық құжаттарына қаржы қаралып, сараптама қорытындысы алынуда. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы Ақсу, Далақайнар ауылдарында мәдениет үйі бой көтерсе, 2024 жылы Жаңажол ауылында бұл жұмыстар республикалық бюджеттен қолдау тапқан жағдайда жасалатын болады. Ал биыл Қонаев ауылында спорт кешенін салуға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ Төле би мен Қорағаты ауылында 2 спорт алаңы салынуда.

Асыраушы сала саналатын ауыл шаруашылығында да ілгерілеушілік бар. Биыл ауданда 130,9 мың гектар алқапқа дәнді, масақты дақылдар орналастырылды. Мәселен, аудан диқандары 34,2 мың гектар арпадан 59,7 мың тонна өнім жинады. Басқа дақылдардан да мол өнім алынуда. Ауыл шаруашылығы саласына ауқымды жобаны «Qyzylsha» ЖШС енгізуде. Бұл компания өткен жылы өңірге 4,3 миллиард теңге инвестиция салып, 1500 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын еңгізсе, биыл 5 миллиард теңге инвестиция аударды. Өткен жылы 7 553 гектарға су үнемдеу қондырғылары орнатылса, оның 5792 гектары тамшылатып, 1761 гектары жаңбырлатып ылғалдандырылды. Биыл бұл көрсеткіш 10060 гектарға жетіп отыр. «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы арқылы Жаңақоғам ауылдық округіне қаржы бөлінсе, 2023 жылы Бірлікүстем ауылдық округін жобаға енгізуді көздеп отырмыз.

Сөзімнің соңында айтарым, алдағы жобалардың барлығы халықтың игілігі үшін атқарылатын болады.

 

Сәкен Арубаев

Шу ауданының әкімі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support