Жастарды тынбай еңбек етуге шақырды

Жастарды тынбай еңбек етуге шақырды
– Біз де бала болдық, студенттік кезеңді бастан өткердік. Мектепте сабақтан кейін спортпен шұғылданатынмын. Кейін Ленинград ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенімде сабақ арасында жұмыс істедім. Стипендиямыз 40 сом, 30-35 сом жалақы алатынмын. Әскерге барып келген соң, оқуымды жалғастырып жүріп, бір оқу корпусының коменданты болдым. Жастардың бойында күш-қуаты көп, оны елге, ата-анаңа пайдалы іске жұмсау керек. Күні ертең осы елдің иесі сіздер боласыздар. Елге қызмет етесіздер. Студенттер арасында өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыруға қатысты жаңа жобалары, тың идеялары бар жастар болса, тыңдауға дайынмын, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Білім қуған жастарға арналған лекциядан кейін өңір басшысы Нұржан Нұржігітов студенттерге сұрақ-жауапқа көшуді ұсынды. Жастар облыс әкімінен мамандық таңдауда берер кеңесін, қазіргі қоғамдық формация, әлеуметтік желінің өмір сүру дағдысына әсері туралы көзқарасын сұрады. Тіпті білім алушылар арасында экономиканы тұрақтандыруда шетелдік инвесторларды тарту үшін қандай қадамдар жасалып жатқандығын білгісі келетіндер де табылды. Оқуға ынталы жастардың әрбір сауалына іждағаттықпен жауап қатқан Нұржан Молдиярұлы игі шара соңында студенттерді тынбай еңбек етуге үндеді.
Есен ӨТЕУЛІ