Жаңалықтар

Ұмыт болған Ұлттық мереке жаңғырады

Ұмыт болған Ұлттық мереке жаңғырады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Қазақстан Республикасының Ұлттық мейрамы – Республика күнін мерекелеу туралы» баспасөз конференциясы өтті. Жиынға қатысқан облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай бұл күні жоспарға сәйкес «Менің Отаным – Қазақстан!», «Менің Республикам – менің мақтанышым!», «Еркін елдің ұланымын, Тәуелсіз елдің қыранымын», «Қазақстан – достықтың киелі мекені», «Туған жер – тұғырым» атты іс-шаралар өтетінін айтты.

– 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен 25 қазан – Ұлттық мереке ретінде белгіленді. Ендеше, Ұлттық мерекені ұлықтау мақсатында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстан!» атты мәдени көпшілік іс-шара өтеді, – деді Ерлан Нұрманұлы. Мұнан соң сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев Ұлттық мереке күніне орай облыстық басқармалар мен Тараз қаласы, аудандық әкімдіктердің ұйымдастыруымен екі жүзден аса іс-шара өткізу жоспарланғанын айтты. «Аталған мереке күніне орай 19 нысанның ашылуы жоспарланып отыр. Біріншіден, жаппай халықтық мерекелеуді ұйымдастыруға бағытталып отыр. Екіншіден, мерекенің жалпы идеологиясы жасампаздық мәдениетін, татулық пен өзара көмекті қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Бұл жаңа мерекенің әлеуметтік және шығармашылық миссиясын күшейтетін жаңа дәстүрлердің өзегі болуы тиісті. Сондай-ақ Республика күніне орай елдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды құрметтеу және көтермелеу жөніндегі барлық негізгі іс-шараларды ескеруіміз қажет», – деді. Жиын соңында спикерлер БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.  

Есет ДОСАЛЫ