Медицина мамандарының халықаралық конгресі
Медицина мамандарының халықаралық конгресі
Халықаралық конгресстің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұржан Нұржігітов: «Бұл конгресті 2000 мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласында өткізу бастамасын Денсаулық сақтау министрлігі мен Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық орталығы қолдады. Осы үшін үлкен алғысымды білдіремін. Бұл біз үшін зор мақтаныш», деді. Бұл басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, денсаулық сақтау саласындағы Қоғамдық кеңес төрайымы Надежда Петухова, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің ректоры Әсет Қалиев қатысса, онлайн режимде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, «Қазақстанның Еңбек Ері» Төрегелді Шарманов, Қырғыз, Түркіменстан, Ресей Федерациясының ресми өкілдері құттықтау лебіздерін жеткізді. Жиында денсаулық сақтау саласының сан түрлі мәселесі сөз болды. Осыдан бір жыл бұрын Меркі ауданында алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша үздік тәжірибе орталығы ашылған. Халықаралық конгреске жиналған делегация өкілдері бір күн бұрын осы орталықтың жай-жапсарымен танысып қайтқан болатын. Онда облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова, «Primary Health Care» Ұлттық Қауымдастығының Президенті, Жапониядағы Шиман университетінің профессоры Төлебай Рахыпбеков және осы сала бойынша жан-жақтан жиналған мамандар бас қосты. – Облыс бойынша 4 үздік тәжірибе орталығы Талас, Жамбыл және Меркі аудандары мен №5 Тараз қалалық емханасы базасында ашылған болатын. Бір жылдан аса халыққа қызмет көрсетіп, динамикалық оң мәнді өзгерістер байқалуда. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіштің бірі – халықтың арыз-шағымдары мен қажеттіліктері тез арада бір алаңнан дәл уақытында шешіліп, сыртқы шағым азайды. Сапалы медициналық қызмет көрсету үшін медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, жоғары деңгейде дайындауға ден қойдық. Халық арасынан халықтық кеңес құрылып, медицина қызметкерлерімен бірлесіп тығыз жұмыс істейді. Денсаулық мәселесіне байланысты мәселенің бәрі халық кеңесінің мүшелерімен бірге талқыланып, шешімін табуда. Халықтың медициналық салауаттылығын арттыру арқылы олардың өз денсаулығына жауапкершілігін күшейтеміз. Қазіргі таңда былтырғы жылмен салыстырғанда бір тәуліктің ішіндегі түрлі жағдайдың салдарынан орын алатын өлім-жітім азайды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ