Экономика

Шағын ауылдағы шаттық

Шағын ауылдағы шаттық

Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Жамбыл елді мекені бұрын қандай еді, бүгін ше? Бүгінде бұл шағын ауылға қинал­май жететін тақтайдай тегіс жол даңғырап жатыр. Әсіресе, әр үйге тартылған «көгілдір отынды» айтсаңызшы! Жастар ойнайтын шағын спорт алаңы да көңілге қуаныш ұялатады. Ағымдағы жылдың сәуір айында «Тараз-Бекбау Консалтинг» ЖШС-ның құрылысшылары (директоры Елебек Кенбаев) ауылға кіреберіс жолдың оң қапталынан 10 келушіге арналған медициналық пункт ғимаратының құрылыс жұмыстарын бастаған болатын. Елді мекеннің 462 тұрғыны енді оның игілігін де көрмек. Медициналық пункттің ашылу салтанаты өткен сәрсенбінің сәтті күнінде келіп, шағын ауылды шаттыққа кенелтті. Аудан әкімі Рүстем Дәулет жамбылдықтарды қуаныштарымен арнайы келіп құттықтап, бұл биыл ашылған төртінші денсаулық нысаны, оның ішінде алғашқы медициналық пункт екенін айтты. Тұрғындардың аудан, ауыл әкімдеріне алғыстары шексіз. Жаңа ғимараттың кермесін Рүстем Рысбайұлы мен ауыл ақсақалы Естай Әлиев қиып, әжелер шашу шашып, өнерпаздар ауылды әнмен тербетті. Аталған мекемеде тұрғындардың дер кезінде дәрігерге көрі­ніп, тиісінше ем алуы үшін қолайлы жағдайдың бәрі де жасалған.

Дүйсенбек Орманов, журналист.

Жамбыл ауданы.