«Жырлаймын Жамбылымды»
«Жырлаймын Жамбылымды»
Облысымыздың жетпіс бес жылдығы мен Жамбыл политехникалық колледжінің құрылғанына алпыс жыл толуына орай ұйымдастырылған облыстық жас айтыскерлер додасы осылай аталды. Сегіз бірдей жас ақын өңіріміздің тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, бүгінгі келбетін, даму жолдарын тереңнен толғап, жырлады. Жамбыл политехникалық колледжінің де жетістіктерін сөз етті. Колледж директоры Жанар Орынбаева айтыскер ақындардың өнеріне ризашылығын жеткізді.
Бұл күнгі айтысқа жастардың ішінде елімізге кеңінен танылған Әсет Дүйсебаев қатыспаса да, жас талапкерлер Дархан Әбдіманат, Нұрлыбек Құрманов, Рай Дөңбайлар айтыстың ажарын кіргізді. Төрт жұпқа жұптастырылған ақындардың жалпы айтысы дұрыс шыққанымен, кейде тақырыптан ауытқып кетіп жатқаны көңілге қаяу түсірді. Дегенмен, аузымен құс тістеген жүйріктері қатарынан оза шапты. Оларға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ақын Қайырбек Асанов бастаған қазылар алқасы лайықты бағасын берді. Сонымен, өңір тарихын ерекше сөз еткен, тапқырлығымен, әзілкештігімен көрермен көңілінен шыққан Дархан Әбдіманат бас жүлдеге лайықты деп танылса, Мейіржан Жекебаев бірінші орынды иеленді. Дидар Аббасов жүлделі екінші орыннан көрінсе, Шалқар Кеңесбек пен Нұрлыбек Құрманов жүлделі үшінші орынды еншіледі.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».