- Advertisement -

Тоқтасын мырза бір жақ, тоғыз отбасы бір жақ

95

- Advertisement -

Шаруалардың ауыл шаруашылығымен айналысуға белсенділігі артты ма, соңғы кезде жерді пайдаланушылар көбейді. Жерді пайдалануға сұраныс артқан сайын дау- дамай, өзара кикілжің де азаяр емес. Жақында ғана Мойынқұм ауданынан осы тақырыпты қозғап, мәселе көтерген едік. Ендігі дау Шу ауданынан шығып тұр. Әйтеуір, жер үшін талас-тартыс бір сәт те толастайтын емес.

Қорағаты ауылдық округіне қарасты Жиенбет ауылында Тоқтасын Омбаев деген ақсақал бар екен. Сол Омбаев «Шерхан» шаруа қожалығының төрағасы. Ауыл тұрғындарының және бір топ шағымданушының айтуынша, Тоқтасын Омбаев осыдан 25 жылдай бұрын оншақты үйдің пай үлесіндегі жерді біріктіріп, шаруа қожалық ашқан. «Серіктестеріне үлестеріңді берем, бірге жұмылып еңбек етеміз, жұмысымыз алға басса табыс ортақ», – деген ойын айтып, иландырған болуы керек. Әйтеуір осы шаруа қожалыққа  пайға алған жерін қосып, мүше болғандар аз емес екен.

Басында бәрі дұрыс болған. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», барлығы шаруа қожалықтың ортақ жеріне егін еккен. Егін піскенде үлестерін алған. Жап-жақсы жұмыс жүрген. Тоқтасын мырза төраға, қалған кісілер жұмысшы болып, істері ілгері жылжып отырған.

Жерге таласу, кикілжің беріректе туындапты. Біраз үй шаруа қожалықтан жерін алып, бөлініп кеткен. Алғанда да Омбаевпен соттасып жатып, мұраттарына жеткен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, 80 гектарға жуық егістік жер сот арқылы шын иелерін тапқан. Сөйтіп, «Шерхан» шаруа қожалығында 20 гектардан астам ғана егістік жер қалған көрінеді. Бірақ, әлі де жеті-сегіз отбасы өздеріне тиесілі егістік жерді ала алмай, Омбаевқа қарайлап отыр. Оның ішінде жасы жетпіске жақындаған Жаңбырбай Күзембаев та, оның інісі Жаңғырхан Күзембаев та бар.

Бақилық болып кеткен Жылқыбай Қашқынбаев деген кісінің баласы Мейіржан да, Бекежан Оразымбетов те ұлтарақтай жерін ала алмай, әуреге түсіп жүргендердің қатарында. Ал Серікхан, Қадірхан Қайназаровтар тиесілі жерлерін әрең-әрең алған.

Ал бізге шағымданған азаматтар Самат Смағұлов пен Асхат Қашқынбаевегістікжерлерінежете алмай бармаған жерлері, баспаған таулары жоқ екен. Екеуінің де әкелері өмірден озып кеткен. Бірақ кезінде олар Омбаевтың шаруа қожалығында маңдай терлерін төгіп, еңбек еткен. Ол кезде Самат та, Асхат та мектеп оқушылары болған. Көп нәрсенің мәнісін түсіне қоймаған кездері.

– Ол кезде 12 жаста болдым. Бірақ әкем осы «Шерхан» шаруа қожалығында күзетші болса, анам да қара жұмысында жүрді. Анамның көзі тірі ғой. Омбаевпен беттесіп, еңбек еткенін дәлелдеп те бере алады. Біз есейген жылдары Тоқтасын Омбаев: «Жерлерің бар, қажет кезде аласыңдар» деп айтқанға көніп, бізді де шетке қақпай, жөн сөзін айтып жүретін. Сол сөзге иланып, мәз болып жүре беріппіз. Енді бас құрап, шаруашылыққа қарай бастаған кезімізде жерімізді сұрасақ: «Менде сендердің жерлерің жоқ» деп отыр. Сонда әке-шешем осы шаруа қожалықта еңбек етті. Олардың жерін «жер жұтып» кете ме, неге жеріміз жоқ дейді, – деді Асхат Қашқынбаев ашынып. Ал Самат Смағұлов: «Тоқтасын төраға жолатпай қойған соң, облыстық қажетті мекемеден жер үлесіміздің бар-жоғын білдік. Олар әке-шешемізден қалған жерді қағазға түсіріп, белгілеп берді. Сол қағаз құжат ретінде қолымызда тұр. Ол құжатта «Әкемнің анасы Тілеукеннің жеті гектар, әкем Серік Смағұловтың жеті гектар жері бар екені көрсетілген. Оның төрт гектары егістік жер деп «тайға таңба басқандай» анық жазылған. Асхат Қашқынбаевтың да ата-анасының үлесінде жер бар екені анық көрсетілген. Сонда жеріміздің бар екені құжат жүзінде де анықталып тұр. Осы қағазды Омбаевқа көрсетіп едік. «Қағазыңның қай жерінде Тоқтасыннан алыңдар деп көрсетілген?!» деп өзімізді кінәлады. Сонда әке-шешеміз осы шаруа қожалықта еңбек етсе, облыстық мекеме жерің бар деп «тайға таңба басқандай» көрсетіп берсе, жерімізді сол кісілер еңбек еткен шаруа қожалықтан сұрамағанда, басқа қай жақтан сұраймыз? Әке-шешеміздің еңбек еткені дәлел емес пе?», – деп шарасыз кейіп танытты.

Біз Тоқтасын Омбаевқа да хабарластық. Ол кісі «Сізге кімдер шағымданып жүргенін білмеймін. Менде тек өзімнің ғана жерім бар. Басқа ешкімнің жері жоқ», – деп қысқа қайырды. Ал Шу ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Асан Көшербаев: «Жерлерінің бар екені анықталған қағазы болса, егер Омбаевтың бермей жүргені рас болса, олар жерлерін дәл сол шаруа қожалықтан алады. Себебі әке-шешелері сол жерде еңбек еткен. Пай үлестері сонда болуы мүмкін», – деп жауап қатты.

Мәселе оңтайлы шешілмесе, Самат Смағұлов пен Асхат Қашқынбаев аудандық сотқа жүгінетіндерін айтып отыр. Демек, бұл іс сот арқылы бір жағына шығады. Әзірге Тоқтасын мырза бір жақ, тоғыз отбасы бір жақ болып тұр.

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support