Пилоттық жоба бес жылмен шектелмеуі тиіс
Пилоттық жоба бес жылмен шектелмеуі тиіс
Сонымен елді мекен тұрғындары 2,5 пайызбен 704,1 миллион теңге несие алып, шаруашылықты бес бағыт бойынша дамытуға мықтап кіріскен көрінеді. Бүгінде ауылдық округтегі 950 аула үй іргесіндегі жерді тиімді игеріп отырса, мал шаруашылығын өркендетуді көздеген ауылдықтар бас-аяғы 4193 бас мал сатып алған. Нәтижесінде, ауылдықтардың орташа табысы 500 мың теңгеден асып, жұмыссыздар саны 2,5 есеге қысқарған. Мұндағы ағайынның бірі техника алып жер жыртса, екіншісі сол өнімді азық ретінде пайдаланып, мал өсіруді жолға қойған. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықтың бірнеше түрімен айналысатын тұрғындар біріне- бірі жәрдемдесіп, ұйысып жұмыс істеуде. – Жобаға дейін округте 131 жеке кәсіпкер тіркелсе, несиелендірудің аясында олардың саны 381-ге көбейді. 83 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 113 отбасыға азайды. Жобаға 38 атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы қатысты. Қатысушылардың орташа жылдық табысы артты. Бұдан бөлек, күнделікті ауыл тұрғындарының үйіне барып, оларға мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін түсіндірудеміз, – дейді ауыл әкімі. Пилоттық жобаның нәтижесіне мұқият зер салған аймақ басшысы мұқият зер салған аймақ басшысы кооператив төрағасы мен ауыл әкіміне өнімдерді сөреге делдалсыз жеткізудің жолдарын қарастыруды тапсырды. – Ауыл әкімі әр үйдің ахуалын білген соң, табысы төмен отбасыларды түгендеп, соларды мемлекеттік бағдарламаларға тартуы керек. Ет, сүт және басқа да өнімдерді сатушыға делдалсыз, тікелей өткізу жағын ойластырған жөн. Бұл іспен кооператив мүшелері айналысса, табыс делдалға емес, ауыл тұрғындарының қалтасына түседі. Ортадағы ақшаны ауылға әкелу керек. Бұл тұрғыда нақты талдау жүргізіңіздер. Бұл жобаның тәжірибесін Мемлекет басшысының өзі қолдап, ел көлемінде таратуды тапсырып отыр. Осындай игі бастама аясындағы жұмыстарды жүйелеу қажет. Ауылда асыл тұқымды мал өсіріп көл-көсір пайда табуға болады. Мұны да тиімді іске асыруға болады. Биыл осы пилоттық жобаға аудандағы «Кенен» ауылдық округі кіріп отыр. Үйлесімді жұмыс болса, әкімдік қажетінше қолдау көрсетеді. Есеп бергенге жақсымыз. Бірақ жобаның мүмкіндігін молынан пайдалану керек. Кооператив несиені 5 жылда қайтарсақ болды демей, шаруашылықты осы жүйемен дамытудан қол үзбеуі тиіс. Жобаның әуелдегі мақсаты да осы, – деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов. Мұнан соң өңір басшысы Сарыбұлақ ауылдық округіндегі мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Мұнда Нұржан Молдиярұлы Президент Жолдауындағы негізгі 5 бағдар жөнінде тұрғындарды ақпараттандырды. Яғни, сан салада халықтың экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған тапсырмаларды назарға алып, жоба аясында өңірде іске асқан жұмыстарға тоқталды. Ізінше тұрғындар облыс әкіміне көкейдегі сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды. Нұржан Нұржігітов орайы келгенде мәдениет үйіне жақын орналасқан Қайрат Рысқұлбеков атындағы мектепке де бас сұқты. Кеңес үкіметі тұсында нақтырақ айтсақ, 1974 жылы пайдалануға берілген мектепте бір мыңнан астам оқушы білім алады. Соның ішінде 400 оқушы екінші ауысымда оқиды. Облыс басшысы мектепте оқушы көп болғанымен, ас мәзірінде табиғи өнімдер аз екеніне зер салды. Осы сәтте асхана аспазшылары сөзінен жаңылып, табиғи балғын ет пен сүтті көрсете алмады. Бұдан кейін, Нұржан Нұржігітов Ауқатты ауылдық-округіне де барып, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түрді. Мұнда ауыл ақсақалдары ә дегеннен ауылдық округте іске асқан ауқымды жобалар туралы айтып берді. Соның ішінде табиғи газ, жарық, ауыз су және жол мәселесі біршама реттелген көрінеді. Кездесуде Ауқатты ауылдық округіне қарасты Қызылсай ауылының тұрғындары No10 мектептегі шиеленісті жағдайдың жай- жапсарын түсіндіруге тырысты. Кейін өңір басшысы мектептегі мәселенің мәнісін анықтау мақсатында жұмысшы тобы құрылатынын жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, осы ауылдың ортасындағы өзен суын шаруалар пайдалана алмай келеді. Су азайғанда ел арасында талас-тартыс басталады екен. Егер осы аумақтағы ағын су мәселесі шешілсе, онда 300 гектар жерге су жетеді. Сондай-ақ мұнда ескірген электр бағаналары жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға өңірде 2025 жылға дейін іске асатын ауқымды жобаларға сүйене отырып, кеңінен жауап берді. Айта кетейік, ауылда көгілдір отынға қосылмаған үйлер де бар екен. Нақ қазір мұнда 1050 түтіннің 750-і газдандырылған. Ал басқа үйлер техникалық рұқсатнамасын ала алмай отырған көрінеді. Өңір басшысы бұл мәселеге газға жауапты мекемеден бұрын ауыл әкімінің жауапты екенін еске салып, мәселені шешу соның міндеті екенін баса айтты. Ізінше осы айдың соңына дейін мәселені бақылап, техникалық рұқсатнамасы талапқа сай келетін немесе келмейтін үй иелеріне мәселенің мән- жайын ашып түсіндіруді нықтап тапсырды. Кездесуде ауыл халқын толғандырған өзге де мәселелер айтылып, оларға тиісінше жауап берілді.
Сәндібек ПІРЕНОВ Қордай ауданы.