Бақытты ананың портреті
Бақытты ананың портреті
Жаңаталап ауылының тұрғыны Сапура Зәуірбекова әже 100 жасқа толып отыр
Жуалы ауданындағы Жаңаталап ауылының тұрғыны, жасы 100-ге жеткен Батыр ана Сапура Зәуірбекова жыл сайын 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі мерекесі күнін асыға әрі сағына күтеді. Мұның өзіндік себебі де бар. Бұл күні отағасы, марқұм Әбілда екеуінің ұл-қыздары, немерелері, шөберелері және шөпшектері қара шаңыраққа жиналуды игі дәстүрге айналдырған. Өзі қолында отырған ұлы Жақсылық пен келіні Қатира жайған ас та төк дастарханда ағыл-тегіл әңгіме айтылып, балалар мәре-сәре болады. Ежелгі дағды бойынша абыз ана ұрпағына өзінің өткен өмірі туралы сыр шертеді. Адамгершілік, адалдық, Отансүйгіштік және бауырмалдық туралы толғанады. Бүгінде ол өсірген ұл-қыздарынан 29 немере, 62 шөбере және 6 шөпшек көріп отыр.
Әбілда Зәуірбеков – атақты Байзақ датқаның немересі. Еңбек жолын темір жолда бастаған ол осы салада зейнетке шықты. Адал да қажырлы еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Құрметті теміржолшы. Сапура да ерінен қалыспай, темір жолда жол қараушы болып жұмыс істеді. Он бес құрсақ көтерді. Олардың бесеуі жастай шетінеп кетті. Ұлы Отан соғысы кезінде күндіз темір жолда тыным таппай жұмыс істеп келген ол кешке балаларын тамақтандырған соң түннің біруағына дейін қолғап және шұлық тоқуға отыратын. Тоқыған бұйымдарын майданға жөнелтті. Зайыбы екеуі ұл-қыздарын оқытып, жоғары және кәсіптік білім әперді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Жақсылық, Сәрсен және Нұржан әке-шешесінің жолын қуып, темір жолда жұмыс істеуде. Жақсылықтың осы саладан зейнетке шыққанына он жыл болды. Жасы 71-ге келген Жақаң: -Апам бізге әлі күнге ақыл айтып отырады. Егер бір тірлігіміз жақпаса, ашу шақырып ұрсады, – дейді. Жаңаталап ауылының тұрғыны, кәсіпкер Жарылқасын Тәжіханов Ақтөбе ауылдық округінде Сапура әженің жасы да, жолы да үлкен екенін айтады. Елге сыйлы одан ауыл адамдары жиі ақыл-кеңес сұрап келіп тұрады. Қария жасы 100-ге келсе де ақыл-есі бүтін, сөзі тетік, қимылы ширақ. Кейінгі кезде көзі көрмей қалған. Кейуана 11 жасында намазға жығылған екен. Содан бері бес уақыт намазын бір күн қаза қылған емес. Балалары Нұрлан және Нұрсылан әжелерінің шежіреге жетік екенін тамсана айтады. Кәсіпкер, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов ата-тегіне қатысты көптеген деректерді осы кісінің аузынан жазып алған екен. – Біздің жас кезіміз қилы заманға тап келді. Көптеген қиындықтарды бастан өткердік. Халқымыз оны жанқияр еңбекпен және төзіммен жеңді. Міне, біз армандаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман да туды. Қазір «не ішемін, не жеймін» демейсің. Бақытты өмір сүруге қажеттінің барлығы бар. Елімізде тыныштықты сақтап, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосуға әрекет жасап жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа аналық алғысымды білдіремін. Мен де еліміздегі бақытты жанның бірімін. Менің бақытым – балаларым және ұрпағым, – дейді Сапура әже.
Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.