- Advertisement -

Асыл текті азамат еді-ау!

266

- Advertisement -

Осыдан төрт ай бұрын ғана жетпіске толғанда кең дастарқанында жақын достар жиналып, созылыңқырап кеткен науқастан тезірек айығып кетуіне тілек білдірген болатынбыз. Алайда тағдыр басқаша шешті, амал нешік. Жақсылардан бата алған, ақылымен жол тапқан текті тұлға дүниеден өтті.

Қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы,
Біз оны көп айтамыз жоқтап әлі, – деп ақын Ә.Тәжібаев жырлағандай, досым, бауырым және кластасым Қаржаубай Кемелұлының бақилық болғанына қырық күн толып отыр.
«Талас» совхозының 4-ші фермасындағы Абай атындағы 8 жылдық мектепті бітірген соң, Қаржау 9-10-сыныптарды Үшарал орта мектебінде (қазіргі Әбдір Сағынтаев атындағы) оқыды. Біздің достығымыз сол 1967 жылдың күзінен басталды. Ферма мектебінде оқығанына қарамастан, кілең «сен тұр, мен атайындар» жиналған біздің 9 «а» класына өзінің шын мәнінде озат оқушы екендігін мойындатты. Терең білімінің дәлелі – оның мектепті «Алтын медальға» бітіруі.

Қаржаубай мектептен соң Алматыдағы зоотехникалық-ветеринарлық институтқа түсті. Дипломмен бірге ауылға Көкшетаудың қызы Гүлжианды келін етіп алып келді. Гүлжиан екеуінің махаббаты ЖенПИ-дің жатақханасының терезесіне мен лақтырған бір түйір тастан басталғаны өз алдына бөлек ұзақ әңгіме.

Көк майса Көкше жерінде туып-өскен ерке қыз құмды-шөлді Үшарал ауылын жерсініп, Кемел әкеміздің отбасының ғана емес, ауылдың сыйлы келініне айналды.
Елу бес жылға созылған достық өмірімде Қаржаудың кісілігін, парасаттылығын сипаттайтын сәттер өте көп. Сырт тұлғасы, өзін ұстау мәнері, сөйлеу, сөйлесу мәдениеті, дәл әрі дәлелді ой-пайымдары, жайсаң жаны төңірегіне имандылық пен тектіліктің, ізеттіліктің сәулесін шашып тұратын еді.

Ұзақ жылдар облыс аудандары мен орталығында басшы қызмет атқарған Қаржекеңнің төңірегіндегілерге, қарамағындағы мамандар мен өз әріптестеріне деген жылы қабағы, шынайы қамқорлығы, жақсылық жасауға деген риясыз құлшынысы ерекше болатын. Ешқашан мақтануды, даңдайсуды жаны сүймейтін, жаны жомарт Қаржаубай адал еңбегімен елдің қадірлі азаматы дәрежесіне көтерілді. Жақсылығы аз, сол аз жақсылықтың өзі есеппен жасалатын заманда Қаржаубай бауырымның тұлғасы зор болып көрінетіндігі де сондықтан болар.

Мектепте оқып жүргенде екеуміз теорема дәлелдеп айтысып тақтаның алдына шығып кететінбіз. Сол әдетіміз кейін де қалмады. Өмірде, қоғамда болып жатқан құбылыстар мен оқиғаларға өз көзқарасымыз бар екеуміз жиі пікір таластыратынбыз. Қайтыс боларынан екі апта бұрын көңілін сұрап үйіне барғанымда, сол әдетпен Жаңа Қазақстанды құрудан бастап, Украинадағы соғысқа дейінгі біраз мәселелерді талқылаған едік. Қаржекеңнің кісілігі сол, ортақ ойға келмей қалғанның өзінде ренжісіп көрмеппіз. Ары кеткенде әрқайсымыз өз пікірімізде қалатынбыз. Көзімізден кеткенімен көңілімізден кетпеген абзал азаматтың артында ұл-қыздары, немерелері мен шөбересі қалды.

Ерен тұлғасы жадымызда ұзақ сақталатын азаматтың бірегейі Қаржаубай Кемелұлы бауырымызды сағынышпен еске алып, жоқтайтын боламыз.
Мына өлең жолдарын досымның 70 жылдығына арнап жазған едім.
Досым менің, Қаржаубай Кемелұлы
Кластастар ішінде беделі ірі.
Толғаныңда жетпіске мақтау айтсам
Артық мақтау, қызыл сөз деме мұны.

Ойын емес, ой қудың бала кезден
Сол бір шақтың қызығы қала ма естен
Көп оқыдың кітапты, көп іздендің
Сыр іздедің астарлы сұлу сөзден.

Құтты болсын жетпіс жасқа толғаның
Үлкен бақыт әулетке Ата болғаның
Өсе берсін ұрпақтарың, ұл-қызың
Аман болсын туыс-бауыр, қорғаның.

Ел біледі, тұяғысың асылдың
Жібегіне сұлулардың қосылдың.
Гүлжиянмен бірге өткізген өмірің
Таяп қалды жартысына ғасырдың, – деп ақтарылған едім-ау сонда.

Бірақ осы жыр шумақтарындағы ақ тілегімді Алла қабыл етпегендей сені өз құзырына алды да кетті. Алланың ісіне адамның шарасы жоқ.

 

Ермекбай ЖОЛЫМБЕТОВ,
сыныптас досы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support