- Advertisement -

Каменканың балалары қайда барады?

71

- Advertisement -

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр. Әлеуметтік желілердің арқасында өңірлерде шешімін таппаған мәселелер бүкіл елге белгілі болып жатады», – деген еді. Рас, қамыққан халықтың жабыққан көңілін табуға қауқарсыздық танытатын жергілікті биліктен күдер үзген жұрт арыз-шағымын тікелей Президентке жолдағысы келеді-ақ. Болмаса, фото, бейне-жазбаларын әлеуметтік желіге салып, әділдік іздейді.

Жалпы, бүгінгі таңда кей ауылдық жерлерге атбасын тіресеңіз, сүреңсіз көріністерге тап боласыз. Жолдың жағдайын айтпағанда, кеңес кезінен алған ескі ғимараттар, жаңа салынған сапасыз мекемелер толып жатыр. Мұндай ауылдар аз емес, әрине. Бірақ, осыдан алты жыл бұрын ғана пайдалануға берілген әлеуметтік нысаннан ақау шығып, «уақытша» жұмыс істеуін тоқтатса қайтесіз? Мәселен, қыркүйек айынан бастап Т.Рысқұлов ауданына қарасты Каменка ауылындағы 125 балаға арналған «Күншуақ» бөбекжай бақшасының есігі бүлдіршіндер үшін жабық тұр. Осының салдарынан ауыл тұрғындары ұл-қызын көршілес ауылдағы балабақшаларға апаруға мәжбүр. Ауылдықтардың айтуынша, бұл жағдай қалтаға салмақ салуымен қатар, жұмысбасты тұрғындардың жүріп-тұруына тұсау салып отыр екен.

– Ауылымыздың қақ ортасынан бой көтерген балабақша бәрімізді қуантқаны белгілі. Өйткені біз үшін балабақшаның ауылымызда болғаны үлкен артықшылық еді. Бірақ, өкінішке қарай, қуанышымыз су сепкендей басылды. Бір айдан бері бұл мекеменің есігінде құлып тұр. Білуімізше, жаңа ғимараттан ақау шыққан көрінеді. Соның салдырынан көршілес ауылдардағы балабақшаларды жағалап кеттік. Оның бәрі қып-қызыл шығын. Мәселен, менің балабақшаға баратын екі қызым бар. Бұрын қыздарым үшін балабақшаға әр ай сайын 15 мың теңге төлейтін болсам, қазір екі есе қаражатты жұмсауға тура келіп тұр. Өйткені оларды апарып, алып келудің өзі оңай емес. Ол да қаражатты қажет етеді. Көлігің болған күннің өзінде оған жанармай құясың. Амалсыз көніп жүрміз. Қазір қыздарымды Құлан ауылындағы «Мөлдір» балабақшасына апарып жүрмін. Осы мәселе оңынан шешілсе екен, –дейді ауыл тұрғыны Нұржан Қорабаев.

Жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырған мәселені аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеевке жеткіздік. Бауыржан Бақытжанұлының сөзінше, аудан басшылығы бұл мәселеден хабардар. Бүгінгі таңда облыстық білім басқармасы тарапынан қажетті қаражат бөлініп, жақын күндері нысанды жөндеу жұмыстары басталмақшы.

– Жақында ғана аудан әкімінің қатысуымен өткен кездеуде тұрғындар бұл мәселені көтерді. Иә, бұл балабақша 2016 пайдалануға берілген. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Біз арнайы барып, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде бұл жұмыстарға облыстық білім басқармасынан 17 миллион теңге қаражат бөлінді. Жақын күндері жұмыстар басталады деп күтілуде. Өздеріңізге белгілі, әрбір құрылыстың кепілдік мерзімі болады. Дәл осы нысанның кепілдік мерзімі – 3 жыл. Осыған байланысты, біз облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына жағдайдың жай-жапсарын хабарладық, – дейді Бауыржан Есеев.

Айта кетейік, мемлекеттің меншігіндегі нысанға кезінде қазынадан 230 миллион 554 мың теңге жұмсалған. Сол тұста құрылысты жүргізген мердігер «АйТехСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Десе де, жұмыс сапасы қадағалаусыз болған сыңайлы. Әйтпесе алты жылдан соң жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін еді ғой. Аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарованың айтуынша, бүгінгі таңда конкурс аяқталып, жауапты мердігер анықталған. Жақын күндері жөндеу жұмыстары қолға алынбақ екен.

– Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап «Күншуақ» бөбекжай бақшасы өз жұмысын уақытша тоқтатты. Негізінде, мұнда 30-ға жуық қызметкер жұмыс жасап, жүзден аса бүлдіршін тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда конкурс аяқталып, мердігер анықталды. Жақын күндері астаналық «Bek-Dos group» компаниясы жөндеу жұмыстарын жүргізетін болады, – дейді Майра Айдарбекқызы.

Тілші түйіні:

Заңға сәйкес, кез келген нысан ел игілігіне берілмес бұрын құзырлы органдар тарапынан тексерістен өтеді. Осы сәтте сапасы сын көтермейтін ғимараттар нысанаға алынады. Ал аз ғана уақыттан соң, бес мыңға жуық халық қоныстанған ауылдағы балабақшаның қабырғасы жарылып, едені опырылса кім жауапты? Әйтеуір, аудан басшылығының балабақшаға қатысты шешімі «жау кеткен соң қылышты тасқа шабудың» кейпін кимесе болғаны.

Т.Рысқұлов ауданы.

 

 Есен ӨТЕУЛІ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support