Сеңкібай батыр

87

Қазақ халқы ежелден не көріп, қандай қилы-қилы қиын заманды басынан өткермеді дейсіз. Тар жол, тайғақ кешу оның тарихында тым мол болды емес пе? Қазіргі сәулетті, егеменді, тәуелсіздіктің шұрайлы күндеріне жету үшін қаншама ақиық азаматтарымыз кемелді жарқын болашақ үшін өз бастарын бәйгеге тігіп, өмірін қиды. Егер олар қайсарлықпен, қажырлықпен тіресіп, халқының жарқын болашағына сеніммен қарамаса біз бұл «қой үстіне бозторғай ұялаған күндерге» жетер ме едік?

Желмен жарысып жүйткіп келе жатқан пойыздағы бір шетелдік жігіт терезеден сыртқа қарап, қазақтың дархан сахара даласының кеңдігіне таңғалып:

– Ту-у, мына мұхиттай шалқыған сайын даланың кеңдігін-ай! Тіпті оның бір шетінен екінші шетіне көз жетпейді ғой. Қандай ғаламат кеңдік! – деп кең даланың суретіне тамсана қарайды.

Сонда купеде әлгімен бірге келе жатқан зиялы қазақ азаматы:

– Бұл кең дала, тау мен көлі, қырқасы мен құмы, орманы мен өзені ата-бабамыздың бізге қалдырған баға жетпес ең қымбат сыйы. Осы ұлан-байтақ дала төсінде жеріміздің тұтастығы мен кеңдігін сақтап қалу үшін қаншама қан төгілді, қаншама өмір қиылды. Алдыңдағы далада қаншама бабаларымыздың сүйегі қурап, жермен жексен болып жатыр, оны бір Алла біледі, – деп жауап беріпті.

Иә, ой таразысына салсақ, әлгі ойлы азаматтың айтқаны рас. Ата-бабамыздың ерлігін, өнерін қалай айтсақ та, мадақтасақ та жарасады. Еліміздің әр өңірінде есімдері аңызға айналған хас батырлар, ұтқыр ойлы шешендер, әділдігімен аты шыққан билер, әр сөзін мірдің оғындай қадап айтатын айтқыштар, аққуға әнін қосқан жезтаңдай әншілер, өнерінің шеберлігімен түйені де иігізген күйшілер болғаны рас. Еліміздің Әулиеата – Жамбыл – Тараз өңірі де, Құдайға шүкір, олардан кенде емес. Ел-жұрттың басы қосылғанда соңғы кезге дейін олардың жағымды іс-әрекетін, батырлығын жыр етіп айтып отырады. Солардың бірі – хас батыр, әділ би, әрі шешен Сеңкібай Қабанұлы (1712-1799).

Ол Төле бидің ұрпақтарынан тараған қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы қасіретті де қаһармандық күресінде ерен ерлік көрсеткен, әділ билігімен, шешендігімен елді өзіне қаратқан ерекше жан. Төле бабамыз Әлібектің екінші әйелі – Бүркіттен, ал бәйбішесі – Молбикеден Тыныбек, Ақбота, Шора туған. Тыныбектен – Абыл, Қабыл тарайды. Сеңкібайдың әкесі Қабан да батыр кісі болған екен. Оны Майкөт ақынның мына бір өлең жолдары растай түседі, ақын былай деп жырлайды:

Атасы Сеңкібайдың Қабан батыр.

Бақ-дәулет ұрпағына қонып жатыр.

Таластан тоған қазып, егін салып,

Суландырған даласын о да батыр.

Өкінішке қарай, батыр бабамыз Сеңкібай өмірбаянына қатысты мәлімет көп емес. Бастан өткерген қиыншылығы мен ауыртпалығы, жауына қарсы ерлігі жыр-дастан болған қазақтардың жазба тарихы хатқа түспегендіктен көп мұралар келмеске кеткен ата-бабаларымызбен бірге кетті. Ел арасында сақталып қалған бабаларымыздың мұралары мен олардың жасаған ерліктерін, айтқан аталы, билікті сөздерін мүмкіндігінше қағаз бетіне түсіріп қалу қазіргі ұрпақтың парызы. Әйтпесе уақыт өткен сайын олар көмескіленіп, бұлыңғырланып, келе-келе мүлдем ұмыт қалуы әбден мүмкін.

Айтушылардың сөзіне қарағанда, жастайынан Төле бидің тәлім-тәрбиесін алған Сеңкібай жаратылысынан зерек, алғыр болып өседі. Ол алғашқы рет жоңғарлармен қарсы күресте 1750 жылғы Аңырақай шайқасында батырлығымен көзге түседі. Бұл кезде оның жасы әлі жиырмаға да толмаған екен.

К.Аманжолов, А.Тасболатовтың «Қазақстанның әскери тарихы» атты кітабында Аңырақай шайқасы туралы мынандай мәлімет келтіреді:

«Қазақ әскерінің жалпы санын мыңдармен есептесек, 29 мыңдық немесе 29 мың адам болды. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Олардың жауынгерлік саны 11-12 мың адам болады. Әскердің оң қанатын Төле бидің өзімен бірге Қойгелді батыр, Қосы, Мәмбет, Сеңкібай, Шойбек (ол кезде 17-18 жасар) батырлар басқарды. Әскердің он қанатындағы саны 11-12 мың адам», – деп жазады. Бұл деректер тарихи шындықпен сәйкес келеді. Сол шайқаста Сеңкібай мен Қаңғыр атты алып батыр жекпе-жекке шығады. Сеңкібай батыр қарсыласын найзамен түйреп өлтіреді. Сол сияқты Наурызбай батыр Шамалханды, ал Мәмбет батыр Домбауылды жеңеді.

Содан кейін ел арасында қазақтың ержүрек батырлары жөнінде түрлі қызықты аңыздар желдей есіп, жұрт арасына тарап кетеді. Мысалы, бірде жаугершілік қосында жатқан Абылай ханның əскеріне жау тосыннан шабуыл жасайды. Абылай өзімен бірге келе жатқан Сеңкібайға: «Таққа еге бол!», деп тағын тапсырады. Ол кезде хандар тағын өзімен бірге алып жүреді екен. Жауын жеңген Абылай аман-есен тағын тапсырған батырға: «Сеңкібай, көзсіз батыр екенсің ғой», дегенде Сеңкібай ханға басын иіп тұрып, «Тақсыр, сіз маған тағыңызды тапсырған кезде əулиенің аққұсы бізді қалың орманға бастап барды», дейді. Сонда Абылай: «Сеңкібай, сенің өзіңнен де жолбасшың күшті екен ғой», деген екен. Бұл дерек Алкен ишанның Батима əжедегі қолжазба кітабында жазылған, – дейді шолаққорғандық Орынбек Сариев («Егемен Қазақстан»,12.07.2019).

Сеңкібай ерлігімен, өжеттігімен даңқы шыққан батыр ғана емес, дау-дамайларға, айтыс-тартыстарға төрелік айтқан беделді шешен, елдің береке-бірлігінің, татулығының ұйытқысы, алдынан атты кісі кесе-көлденең өтпейтін айбарлы адам болған. Ол елінің алды-артын болжаған, халқының келешегін көп ойлаған абзал жан. Жас кезінде шайқастарда батырлығымен көзге түссе, өз елінде қолбасшылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен сыйлы болған. Көнеден бізге жеткен әңгіме-аңыз, жыр-толғаулар осыны аңдатқандай. Сеңкібайдың шешендік, билік, нақыл сөздері болашақта табылып, оның өмірбаяны әлі толыға түсер деп ойлаймыз. Бұл бағытта тараздық жазушы, журналист, марқұм Бақытяр Әбілдаұлының ізденісі мол болды. Оның Сеңкібай шешен туралы қағазға түсірген мына шешендік сөздерін, оның тапқырлығын келтіруді жөн санадық.

Сеңкібайдың 13-14 жастағы бозбала шағы екен. Ол басқа туыстарымен бірге Ташкент түбіндегі ағасы Төле биге сәлем бере барады. Дау үстінен түседі. Бір қырғыз жігіті қазақтың жылқылы байы бесіктегі баласын өлтірді деп айыптап, құн сұрай келіпті. Қырғыздың айтуына қарағанда, бай қалың жылқысын қырғыздың киіз үйіне тақай қаптатып өткізген көрінеді. Қалың дүбірден, шұрқыраған, кісінеген дыбыстан бесіктегі бала шошып, жүрегі жарылып өлді деп дау айтады қырғыз жігіті. Осы әңгімені естіген Сеңкібай елеңдеп, орнында отыра алмай қопаңдап, тыпырши береді. Осыны байқап отырған сезімтал Төле би Сеңкібайға:

– Інім, делебең қозып отырған сияқты, мына дауға билік айтам десең, саған бердім кезекті, – дейді. Қаумалаған қалың жұрт «айтсын, айтсын» деседі. Сонда:

– Онда мына қосақтаулы бір отар саулықты сауғызып, сүтін бір қазанға пісіріп, талдырып айран ұйытылсын. Қырғыз жігітінің үйінің жанынан шұрқырап өткен калың жылқы дайын тұрсын, – депті. Төле бидің өзі келіскен соң, таңырқаған жұрт бұл билікке тақ тұрады. Ертеңгісін түс қайта жылқылы бай, қырғыз жігіті, Төле би, Сеңкібай және басқа да мүдделі жұрт бір қазан ұйытылған қою айранды ашып көрсе, қалың қаймағы тұтасып тұр екен.

Сеңкібай бала үй жанынан қалың жылқыны тағы да шұбыртып айдап өтуді талап етеді. Қазанның қақпағы болса жабулы. Айғырлары арқырап, құлындары шұрқырап, биелері кісінеп, үй жанынан дүркіреп өткенде жер сілкінгендей болады. Шұбырынды шаң басылған соң жиналған жұрт қазанның қақпағын ашып көрсе, ұйыған айранның шынтақ елі қалың қаймағы төрт жерден қақырап айрылып кетіпті. Сонда Сеңкібай:

Қақ айрылғаны айғақ емес пе?

Құдайдың кең жері тұрғанда,

Ауыл үстінен жылқы айдап,

Өткен бай кінәлі.

Бала құнын төлесін!

Жас баланың жүрегі

Қатығы қою қаймақ емес пе?

Әшейінде теп-тегіс,

Шұбырып жылқы өткенде, – деген екен. Төле би де жиналған жұрт та бұл әділ билікке риза болып, бай құн төлейді.

Ал енді бірде Сеңкібайдың екі туысы – Жапарбай мен Пісібай деген кедей дауласып, ақыры Сеңкібай шешенге жүгінеді. Даудың мәнісі Пісібай байдың бір өгізін жаздай жалдап, егін егіп, астығын базарға сатқан соң өгізді пайдаланған ақысына – майына байға он тіллә ұсынады. Бірақ Жапарбай мұны азсынып алмайды. Сеңкібай байға:

– Базарда бір өгіз қанша сом тұрады? – деген сауал қояды.

– Менің өгізімдей болса, төрт тіллә, ары кетсе бес тіллә, – дейді Жапарбай.

– Онда сенің талабың қиянат екен. Өгізің бір жылда өгіз тумайды. Саған төрт тіллә да жетеді. Бесіншісі өсім-ақ болсын, – деп Сеңкібай он тілләнің жартысын кедейге қайтып береді. Өйткені кедей туысының бала-шағасы көп екен. Міне, осындай әділ билік жасаған, туғанына да, туысына да тартпаған Сеңкібай даулы мәселені дұрыс шешіп отыратын шешен әрі елдің арқасүйер беделді азаматы болған.

М.Мағауин мен М.Байділдаевтың құрастыруымен 1984 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген үш кітаптан тұратын «Бес ғасыр жырлайды» кітабының бірінші томына енген Бұқар жырау Қалқаманұлының «Қалданменен ұрысы» деген толғауында мынандай жолдар бар:

…Шапырашты Наурызбай,

Құдаменді Жібектей қасында,

Бақ, дәулеті басында,

Секербай мен Шойбекбай,

 

Таңсық қожа, Мамыт бар,

Қасқарауұлы Молдабай,

Қатардан жақсы қалдырмай,

Айнакүл Бәти ішінде;

Өңкей батыр жиналып,

Абылай салды жарлықты.

Осы жырда есімдері ерекше аталған бірсыпыра батырлардың аттары қате жазылған, бірақ бұл жыр бағасыз тарихи құжат болып саналатындықтан, текстологиялық қатені кейінгі ұрпақ түзетіп оқуға тиіс. Бұқар жырындағы Секербай деп отырған осы Сеңкібай батыр да, ал Шойбекбай – Шойбек батыр. Бұл екі батырдың есімін қалпына келтіруге себепші – кітап шығару тарихында сирек кездесетін асыл мұраларымызға айналып отырған Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының 1993 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген еңбегі болып отыр. Осы кітапта Қазыбек бек Бұқар жыраудың өз аузынан жазып алған бірнеше өлеңін келтіреді. Соның бірінде жырау былайша толғайды:

…Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шапырашты Наурызбай,

Ту түбінде тұр еді.

 

Айбатты бұ күн Абылай,

Төбеде жыға шаншылып,

Әрі-бері жүр еді.

Қиядан қиқу салғанда,

 

Қазағым халқым – батырым

Дұшпанын жерге тіреді.

Бауырын сөгіп іреді.

Ерегіскен көп дұшпан,

 

Қара жерге кіреді.

Қазақ деген халқынан,

Батыр шыққан даңқынан.

Сіргелі қара Тілек,

 

Қарақалпақ Қылышбек,

Текеден шыққан Сатай,

Бөлек келді туға жанасып,

Көп қосынды шатқа бөлеп,

 

Батырлардың асқары –

Қазыбекұлы Қасқары.

Қаумен Дәулет қасында,

Бақ-дәулеті басында,

 

Сеңкібай мен Шойбек бар,

Таңсық қожа Мәмбет бар,

Осылардың қасында.

Досты жаудан айырған,

 

Тағыны таңнан қайырған,

Қасқараұлы Молдабай

Қара күші мол Бағай –

Бәрің батыр, бәрің бек,

Тұрсың-ау ығай мен сығай.

Сөйтіп Бұқар бабамыз жырға қосқан Сеңкібай батырдың аты Тауасарұлының кітабы арқылы ұрпағымен қайта қауышты. Аталмыш кітабында Сеңкібайды алғаш көруі туралы Қазыбек бек Тауасарұлы былай депті: «Төле ағаны бұрын да көргенмін, талай бір дастарқан басында дәм татқанбыз. Қосшы балалар тұра жүгіріп, өзіміздің адамдар болған соң, аттарын матастырып байлап жатты. Шынымен Төле би екен. Жанында Сеңкібай мен Шойбек бар, бәрі тоғыз адам.

– Жолым болсын деп, үлкен үйден дәм татуға келдім, – деді Төле.

– Бәсе, қалай-ақ Жайылмыстар апасын жауға тастап кетті деп едім, – деп қалжың айтты күйеусінген әкем. Төле би сәл жымиды да:

– Елдің басын қосу керек, – деді ол, – еру елдің, жай алдын тосуы керек. Сондықтан елден бұрын көштім. Жау тиген елде береке болмайды. Әзір жайбарақат отырған ел арасынан қол жиғым келеді. Мына Сеңкібай мен Шойбекті ертіп алғаным сол» (119-бет). Сеңкібай батыр Далатаудағы ұрыста он екі қалмақты шауып аттан түсіреді, соның бірі Қалданның жақыны екен. 1728 жылы Ордабасыда үш жүздің басы қосылған ұлы жиын өтіп қалмақтарға қарсы қазақ қолын басқару Әбілқайыр ханға тапсырылып, ол бас қолбасшы болып сайланады. Осы алғашқы шешуші ұрысқа Ұлы жүзден он жеті мың адам қатысады. Дулаттардан жиналған сегіз мың қолға Сеңкібай, Шойбек, Шымыр Қойгелді, Ботпай Сәмен басшылық етеді. Сөйтіп Сеңкібай соғыс өнерін ерте үйреніп, майдан даласында ерте танылған қолбасшылардың біріне айналады. Осы деректер өз заманында Сеңкібайдың ерлігін ел танығанын көрсетеді.

1739 жылдың күзінде Төле бидің бұйыруымен Қойгелді бастаған қол Ташкентті соғыспен кері қайтарып алады. Сол кезден бастап Төле би мен Қойгелді өз елін отырықшыландыруға, суармалы егіншілікпен айналысуға, балаларды медреседе оқытуға көп көңіл бөледі.

Сеңкібайдың тек қана батырлығымен емес әділ билігімен, шешендігімен атасы Әлібек пен ағасы Төле билер сияқты ортасына танылған екен. Оның әділ билігімен дауды шешкендегі тапқырлығы туралы «Төле би мен Қойгелді батыр» кітабында айтылады.

Сеңкібай батырдың ошақты Саңырақ, сиқым Қарабатыр, жаныс Өтегендермен бірге Жуалы аймағындағы Қостұра мен Боралдай өңіріндегі ерлігі туралы Саңырақ батыр туралы жазылған кітапта айтылған болатын. Болашақтағы айқастарға алдын ала даярлық жасап Сеңкібай, Мәмбет, Шойбек, Жауғаш сынды батырларды Сарыарқаға, Абылай сұлтанға жібереді. 1739 жылдың күзінде Төле бидің бұйыруымен Қойгелді бастаған қол Ташкентті соғыспен кері қайтарып алады. Сол кезден бастап Төле би мен Қойгелді және оның Сеңкібай сынды сенімді ізбасарлары өз елін отырықшыландыруға, суармалы егіншілікпен айналысуға, балаларды медреседе оқытуға көп көңіл бөледі.

Сеңкібай көзі тірісінде Қоқан хандығы мен орыс патшасының билігіне бағынбай өткен, сондықтан да оның қарамағындағы ел бейбіт және тұрмысты өмір кешкен.

Құрылысшы өзбек ағайындарға қыстауларда үйлер салдырып, мешіт-медресе ашуға мұрындық болған. Ол қартайып шау тартқанына қарамастан (80 жасқа келгенінде) ел-жұрттың басын қосып, Талас өзенінің Тектұрмас тұсынан тоған тұрғызып, ұзындығы 32 шақырымдай канал үлкен арық қаздырып, елді диханшылыққа ұжымдастырып, егін еккізіп, бау-бақша салдырады. Сол үлкен арық күні бүгінге дейін «Сеңкібай арығы» деп аталады, оның игілігін әзірге дейін жергілікті халық көруде. Сол аймақты мекендеген батырдың ұрпақтары өз ауылын Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесі төралқасының 07.10.1993 жылғы №2410-ХІІ қаулысымен Сеңкібай датқаның есімімен атаған.

Біраз әндердің авторы, композитор, ақын Төлеу Үшқоңыров бүкіл саналы ғұмырын киелі Қаратау жиегіндегі Сарысу ауданында өткерді. Ойы озық, көңілі ояу азамат көп жылдар ішкі істер органында еңбек ете жүріп, ән жазуды, жыр жазуды, өңір тарихын қағазға түсіріп жүруді де ұмытпады, естеліктер жазды, бірнеше кітап шығарды. Оның жазған бір мақаласында мынадай мәліметтер кездесті: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған 1723 жылы болған Жоңғар шапқыншылығында қырғынға ұшыраған халықтың қалғаны Шу, Талас өзендері мен Қаратауды тастап Сыр бойын паналайды. ХІХ ғасырдың басында олар өздерінің байырғы қоныстарына оралды. Бірақ, соның артынша-ақ қалмақтар Шу, Талас бойына Қаратау өңіріне басып кіреді. Оларға қарсы Сеңкібай бастаған «Төбет батыр» атанған Қанай Әйтімбетұлы, Тағай Абызұлы, Ожырай Шешембай, Тулақ, Байтығай Санбай, Көнкібай, Шелек Оразәлі батырлар өз аталарынан қол жинап, қалмаққа қарсы тұрады. Осы ұрыста Шешенбай, Тулақ, Санбай, Тағай батырлар ерлікпен қаза табады. Олар туралы Оразәлі батырдың әкесі, соғысқа қатысқан Шүлкемен жырау жырларында мынадай үзінді бар:

Көкжоны Көсегенің кең, шұрайлы,

Сыйлаған ерен батыр Сеңкібайды.

Батырын қалмақтардың жер қаптырып,

Қарап-ақ жекпе-жекке немқұрайды,

 

Ел үшін өлмек батыр, Тулақ батыр…

Қазақтың көкке малған қылышынан,

Көп қалмақ жер жастанды, шулады ақыр.

Шешенбай ән мен жырға шалқар еді,

Құмары жауға шапса тарқар еді.

 

Бірі ұшып, бірі жайрап қалың қалмақ,

Сазайын қан майданда тартар еді.

Кенжебай байтығайдың кенжесі еді,

Маңайдан табылмаған теңдес бегі,

Айбыны арыстандай батыр болды,

Майданда сау қайтпаған бездескені…».

Қазақтың жыр сүлейі Сүйінбай, сол сияқты Майкөт, Жамбыл ақындар Сеңкібайға жыр арнаған. Мысалы, Сүйінбай ақын Сыпатай батырдың тойында былай жырлайды:

Сыпатай Дулаттағы ер кісі еді,

Ақылы дариядай төл кісі еді.

Жаныстан өтіп кеткен әзиз Төле,

Сеңкібай Шойбекпенен тең кісі еді.

Бізге жеткен деректерге жүгінсек, Сеңкібай Қабанұлы 1779 жылы 87 жасында дүние салған. Оның қабірі Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ ауданының ертеректе «Ровный» атанған шаруашылықтың жерінде болған. Алайда 1970 жылы сол шаруашылықтың солақай басшылары Сеңкібай зиратының басындағы мазарын қиратып, жермен-жексен етіп, егін еккізген. Сеңкібай батырдан тараған ұрпақтары бүгінде Байзақ ауданында, Тараз қаласында және тағы да басқа жерлерде тұрады.

Қазақ Сеңкібай Қабанұлы сияқты көптеген батырларының арқасында тағдыры мен келешегін қорғап қалды. Сеңкібай сынды әрі батыр, әрі би, әрі шешен болып дара туған бабамыздың ел-жұрты алдында сіңірген жанқиярлық ерлігі мен еңбегін құрметтеп, оның есімін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, жұртшылық алдында насихаттау – бізге парыз.

 

 Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.