Таңқурай өсіріп табысқа кенелді
Таңқурай өсіріп табысқа кенелді
Шағын ғана жер телімінен мол өнім алып, пайда табуға болатынына Қарасай батыр ауылының тұрғыны Раиса Васильевна Уткинаның тәжірибесі дәлел. «Жерің, қолың және жұмыс істейтін ниетің болса жағдайым нашар деп қалай айтуға болады?» дейді Раиса Васильевна. Бірнеше жыл бұрын ол өз қажеттілігі үшін оншақты түп таңқурай көшеттерін отырғызған болатын. Жидек бұталары қосымша бұтақ жіберіп, көбейе бастады. Осылайша ол таңқурай аумағын ұлғайтуды қолға алды. Қазір жалпы 15 сотық жердің 2 сотығында таңқурай өсірілуде. Жазда жемісі, көктем- күзде көшеттері, қыста тосабы сұранысқа ие аталмыш жидек шағын бизнестің ең тиімді түрі. – Мен жермен айналысып, өсімдік өсіруді жақсы көремін. Еңбек ету маған үлкен қуаныш сыйлайды. Бір орында отыра алмаймын. Екіншіден, зейнетақыға қосымша табыс табамын. Көшет отырғызу бәрінің қолынан келеді, дегенмен, сапаға ден қоятындар аз. Егер биыл жақсы көшет немесе дәмді жидек сатсаң, келесі риза болған сатып алушы өзімен достарын, көршілерін, туыстарын ертіп келеді, – дейді Раиса Васильевна. Маусым кезінде тыным таппайтын бағбан уақытының бәрін бақшада өткізеді. Жалпы аумағы 15 сотық бақшада қызанақ, картоп, қияр, қырыққабат, баялдыдан бастап, гүлдің де неше түрі өсіріледі. Жайнап тұрған бақта алма, алмұрт, өрік, жүзім де бар. «Биыл алма ағаштары «демалып» тұр», дейді Раиса Уткина. Бақшасынан жиналған табиғи таза өнім тұтынатын ол артығын сатып, отбасылық бюджетті толтыруда. Сондай-ақ қыстың қамын ойлаған Раиса Васильевна жер қоймасының сөрелерін консервіленген өніммен толтырып қойған. Айта кетерлігі, кейіпкеріміз 74 жаста. Дегенмен жасына қарамастан ол бақшасында шаршамай, ерінбей еңбек етеді. Ұлы Сергей жұбайы Оксанамен бірге бірнеше жыл бұрын тәжірибе ретінде өз жер телімдерінде 30 жабайы алша көшетін отырғызған болатын. Сергейдің жерге деген махаббаты анасынан дарыған. Сергей будандастыру арқылы қараөрік өсіріп шығарды. Бұл жұп қараөрік ісін жаңадан бастап, жеміс ағаштарын өсіруді қолға алуды ұйғарған бақшашылар үшін тамаша таңдау деп біледі. Қараөрік қоршаған ортаға жақсы бейімделген, бойлары өте биік емес және басқа жемістерге қарағанда күтімді көп қажет етпейді. Үш жыл қатарынан 150 килограмнан аса өнім алып келе жатқан Сергей жемісті ауылдастарына сатады. Раиса Васильевна туған ауылы Қарасайда еңбектің орны ерекше екенін алға тартып, ерінбеген адамның ешқашан нәпақасыз қалмайтынына сенімді. Еңбек түбі береке екенін жақсы білетін Раиса Васильевна мен оның балалары да қандай да бір дағдарысқа төтеп беретіндеріне сенімді.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Қордай ауданы.