Бюджет нақтыланды
Бюджет нақтыланды
Жамбыл ауданындағы №15 сайлау округінен депутат Ғалымжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс 31-інші сессиясының жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыс әкімдігі басқармаларының басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессияда облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов «2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2013 жылғы 18 желтоқсандағы №20-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» және «Жамбыл облысын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2014 жылғы 26 маусымдағы №26-8 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» баяндамалар жасады. Ол күн тәртібіндегі бірінші мәселе — облыстық бюджет кірістерінің 400 миллион теңгеге қысқартылғанын, ал бюджеттің шығыс бөлігі бойынша мемлекеттік сатып алу нәтижелері барысында үнемделген сома есебінен облыс әкімдігінің білім, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы сияқты бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, сол сияқты бірқатар әлеуметтік маңызды бюджеттік жобаларды іске асыруға қаражат бөлу қарастырылғанын таратып айтып, халық қалаулыларының қолдау көрсетуін сұрады.
Сессияда күн тәртібіндегі үшінші мәселе — «Қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете қайта өңдеп шығаруы үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы туралы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Зиятхан Өмірәлиев хабарлама жасады. Халық қалаулылары облыстық мәслихат сессиясының қарауына облыс әкімдігі ұсынған үш мәселе бойынша да тиісті шешім қабылдады. Сессия Тараз қаласындағы №9 сайлау округінен депутат Мұқаш Ескендіровті бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың 32-інші сессиясының төрағалығына сайлады.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».