Денсаулық

Жылуы жоқ баспана газбен қашан қамтылады?

Жылуы жоқ баспана газбен қашан қамтылады?

Жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлердің сапасына қатысты айтылатын сын азаймай отыр. Мәселен, Тараз қаласындағы 15-ші шағынауданда былтырғы жылы құрылысы аяқталып, биыл берілген үйдің тұрғындары жылу мен газдың жоқтығына наразы. Көпшілік жаз бойы берілмеген газдың енді күзде берілетініне күмәнді.

 width=

«Қоныс тойын тойлап үлгермей жатып қуанышымыз су сепкендей басылды», дейді 15-ші шағынаудандағы 1023-ші үйдің тұрғындары. Себебі «сырты бүтін үйдің іші түтін». Пайдалануға берілгеніне алты айға жуықтаған көппәтерлі тұрғын үй әлі күнге дейін газ жүйесіне қосылмаған. Ауа температурасының салқындығына қарамастан жаңа үйде әлі күнге жылу да жоқ. Үп еткен желден үйінің шатыры ұшатын шағынаудан тұрғындары бүгінде балалар алаңшасы тұрмақ, бұл аймаққа қатынайтын жолдың жоқтығына да әбден еті үйренген. Дәл осы секілді аумақта тағы бір көппәтерлі үйге көгілдір отын арман болған. Газдың жоқтығы ала жаздай онша байқалмағанымен, күн суытқанда көптің наразылығын тудырып отыр. – Жаңадан пайдалануға берілген кезде үйге газ қосу керек қой. Бірақ өз уақтысында ондай техникалық тексеру болмаған. Соның салдарынан қазір алдымен ауа жіберсе, газ құбырларының әр жерінен шығып жатыр. Ал газға жауаты мердігерлер күнде тынышымызды алып, жаңа құбырлардың жыртығын жамаумен әлек. Үйге кірдік деп қуанғанымызбен, бүгінде осылай берекеміз кетті. Мәселемізді алға тартып «ҚазТрансАймақ» мекемесіне де бардық. Олар бізге «сендердің мердігерлерің құжаттарды дұрыс істемеген» деп айтты. Ал мердігерлер болса «газдың мамандары біздің жұмысымызды қабылдамай жатыр» дейді. Кімге сенеміз? Неліктен біз осылай сандалуымыз керек? Қыс болса келіп қалды. Біздің сенделіп жүрісіміз мынау. Әкімдікке де қанша мәрте қайырылдық. Барлығының «бір-екі күнде бітеді» деген сырғытпа жауабы дайын. Біз қашанғы күтеміз? – дейді тұрғын Шапағат Мұсаева. Жаңа үйдің суықтығынан тұрғындар күндерін ертелі-кеш есіктің алдында, күншуақта өткізуді әдетке айналдырған. Тәулік бойы қабат-қабат киініп, тек электр жарығымен ғана жан сақтап отырғандарын айтты. – «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді. Несін жасырамыз, аяқ-қолымыз қалтырап, жаурап отырмыз. Газ жоқ, жылу да ел қатарлы берілмеді. Бала-шаға, немере-шөберемізбен бір бөлмеде бүрісіп күн кешудеміз. Сырқаттанып қалсақ, не сорпа су істеп іше алмаймыз. Күнделікті тамақты электроваркамен дайындайтындықтан онымен тек жеңіл-желпі тамақтар әзірлейміз. Таңсәріден мектепке баратын бүлдіршіндерге тіпті обал. Сондықтан ертерек осы жылу мен газдың мәселесін жергілікті әкімдіктің шешіп беруін талап етеміз, – дейді тағы бір ашынған тұрғын Әлімбүбі Шалимбетова. Облыс орталығына қазан айының бесінен бастап жылу беріле бастады. Алдымен балабақша, мектеп және денсаулық сақтау нысандары жылумен қамтылса, қазанның онынан бастап көппәтерлі тұрғын үйлерге берілуде. Жауаптылар жобалау кезіндегі кеткен кемшіліктерге байланысты бұл жаңа үйге жылудың жуық арада берілмейтінін ашық айтты. – Нысанның мердігері СМК-4 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2021 жылдың 29 қыркүйегінде нысан қабылданған болатын. Жобалық-сметалық құжаттама бізде 2019 жылы әзірленген. Қазір одан бері үш жыл өтті. Сондықтан газ жүйесіне техникалық регламенттердің шарттарының өзгеруіне байланысты газ жүйесін өзгерту керек болды. Қазіргі таңда «ҚазТрансАймақ» акционерлік қоғамының ескертулеріне сәйкес газ жүйесін өзгертіп жатырмыз. Анықталған кемшіліктер жойылуда. Газ саласының мамандары жұмысты қабылдап алса, алдағы аптада аталған үйге көгілдір отын беріледі. Жалпы 15-ші шағынауданда ең басында егжей-тегжейлі жоспар бойынша 59 үй түсетін болған. Қазіргі таңда 120-ға жуық үй түсіп жатыр. Бұрын жасалған жылу жүйесі, электр жүйесі сол 59 үйге арналып жасалған еді. Сондықтан қуаттылығы жетпеуде. Қуаттылығы жетпегесін биыл біз жылу жүйесін ауыстырып жатырмыз. Бұл жұмыстар әлі біткен жоқ. Сол себепті жылу кешіктіріліп беріледі, – дейді Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің маманы Жандос Дүйсетов. Аталған шағынауданда бүгінде тұрғындары толықтай қоныстанған тағы 30 үй жылусыз отыр. Екі мыңға жуық тұрғынның арасында суық тиіп, науқастанып жатқандар да аз емес. Кейбір пәтерлердің бірінші жылыту маусымына жетпей жатып-ақ қабырғалары жарылуда. Десек те тұрғындар жылу мен көгілдір отынға қолымыз жетсе, үй ішіндегі кемшіліктерді көзге ілмей, кем-кетігін өздері-ақ жөндеп алуға ниетті.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ