Саясат

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Екіжақты кездесу мен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді.

 width=

Мемлекет басшысы Түркия Президентінің мемлекеттік сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толған мерейлі межемен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоғанның екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтып, Түркияның жаһандық және аймақтағы проблемаларды шешуге белсенді қатысып отырғанына тоқталды.

 width=

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-отырысы нәтижесінде бірқатар  үкіметаралық құжатқа қол қойылғанын хабарлады.

 width=

Президенттің айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық – біздің байланыстарымыздың өзегі. Сондықтан алдағы уақытта екі ел арасындағы сауда айналымын 10  миллиард долларға жеткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы бүгінгі кездесу барысында көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықтың даму  перспективасына назар аударды.

Келіссөздер барысында жаһандық өзекті мәселелер  де назардан тыс қалмады. Президент  көптеген халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымы жақын екенін атап өтті.

Өз кезегінде Түркия Президенті Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді.

Түркия Президенті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғыс айтты.