- Advertisement -

Ауылдықтарды ағын су алаңдатады

220

- Advertisement -

Кеше өңір басшысы Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы Ақбастау, Айша бибі ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылары да қатысып, кезек күттірмейтін өзекті мәселелерге жауап берді.

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесу өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс, қала, аудан әкімдері тұрғындармен ұдайы кездесіп, талап-тілектеріне құлақ түруде.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Ақбастау ауылдық округінің жұртшылығымен жүздескенде көптің көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап берді. Басқосуда ауыл ақсақалдары ауылдық округте іске асқан толайым тірліктерді де, түйткілді мәселелерді де тізіп айтып берді. Соның ішінде Шоқай ауылының тұрғындары алғашында құрылысы қарқынды жүріп жатқан 150 орындық мектептің әлі күнге дейін пайдалануға берілмегенін жеткізді.

Сонымен қатар ауыл тұрғындары округтегі «Сейдалы» каналының суына қарап отырған шаруалардың жайына алаңдаулы екен.

– Биыл жыл басынан бер облыста 14 мектеп пайдалануға берілсе, 4 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар 5 мектептің құрылысы келер жылға өтпелі. Мемлекет басшысы Жолдауында білім, денсаулық саласына қатысты ұлттық жоба әзірленетінін айтты. Соған сәйкес келер жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асады. Осындай үлгідегі мектептер аумақтағы балалардың санына қарай салынады. Құны 775 миллион теңге болатын Шоқай ауылындағы мектепке биыл қосымша тағы 100 миллион теңге қаржы бөлінді. Құрылыс барысы жөнінде компания басшылығымен де кеңестік. Енді мектеп келер оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Кеңес үкіметі тұсында облыста 180 мың гектар суармалы жерге су жететін. Ал бүгінде 120 мың гектар алқапқа су жеткізудеміз. Себебі ирригация жүйелері қараусыз қалған. Біз 2019 жылдан бастап Еуропа даму банкі арқылы 25 миллиард теңге несие алып, бірнеше аудандарда жұмыс бастадық. Бұл шаруалар келер жылы аяқталады. Сонда біздің есеп бойынша қосымша 50 мың гектар аумақты суғаруға мүмкіндік аламыз. Оның ішінде, әрине, каналдардың 40 пайызына лоток, бетондар қойылады. Одан бөлек Азия даму банкі арқылы ПУИД бағдарламасы бойынша 10 миллиард теңге несие алып, Жамбыл, Қордай, Шу ауданындағы суармалы жерге су жеткізуді жоспарлап отырмыз. Облыс бойынша 200 мың гектар жерге суды тұрақты, үздіксіз беру үшін бізге 1 миллиард 600 миллион текшеметр су қажет екен. Біз осының барлығын есептедік, – дейді Нұржан Молдиярұлы.

Облыстағы ирригация жүйлерінің ескіргенін айтқан Нұржан Молдиярұлы келер жылға дейін осы бағытта біршама шаруалар іске асатынын еске салды. Айта кетерлігі жоспарға сай бетондалатын 16 каналдың ішінде «Сейдалы» каналы да бар.

Осы тұста Нұржан Молдиярұлы аймақта ирригация жүйелерін қалпына келтіру бойынша кезең-кезеңімен іске асатын ауқымды жобаларды жиылған қауымға бастан-аяқ айтып берді.

Басқосуда тұрғындар ауыл көшесінің бірінде сәтті басталғанымен соңы аяқсыз қалған асфальттың жайын сұрады. Белгілі болғандай бұған құрылыс компаниялардың кінәсі жоқ. Асфальт төсеу жұмысының тұралауына өңірдегі битум тапшылығы себеп болып отыр. Десе де осы айдың соңына таман битум жеткізілсе, онда көп ұзамай жол мәселесі шешіледі.

Бұдан соң Нұржан Молдиярұлы осы аудандағы Айша бибі ауылдық округінің тұрғындарымен кездескенде де шаруаларды ирригация жүйелері алаңдататынын білді. Мұнда ауылдағы каналдың жайынан хабардар екенін айтқан өңір басшысы суармалы жерлердің санын арттыруға бағытталған жұмыстардың жүйелі іске асатынын тұрғындарға түсіндірді. Ізінше жергілікті тұрғындар әкімге жол қозғалысына, мал өткеліне, су каналдарына қатысты сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды.

Осы тұста облыс әкімі ауылдықтарды бірлікке шақырып, жетістікке жету үшін ортақ жауапкершіліктің, билік пен бұқара арасындағы өзара сенімнің маңыздылығын баса айтты. Тәртіп пен заңдылықты сақтау – негізгі міндет екенін еске салды. Ізін ала тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған жобалар турасында және шарапаты мол субсидияның шарттары жөнінде ақпараттандырды.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support