Ауылдың азық-түлігінен алыңыздар!
Ауылдың азық-түлігінен алыңыздар!
Өткен сенбіде қаланың орталық «Достық» алаңында таңертеңмен дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Тараз тұрғындары үшін апта сайынғы мерекеге айналған бұл шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен орынбасары Қалижан Әбдірайымов және Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров қатысып, алаңның қос қапталына қаз-қатар тігілген шатырлар астындағы қызған сауда барысын аралап көрді.
Шыны керек, бүгінде аудандар мен облыс орталығында, Астанада жәрмеңке өткізу дағдыға айналған әрі жыл-он екі ай жалғасады, қысы-жазы үзілмейді. Осыдан-ақ, халық негізгі азық-түлік өнімдерін осы жәрмеңкеден алып үйренді деуге болады. Әсіресе, қысқа қамданып, азық-түлік қорын жасауға жәрмеңке ыңғайлы әрі тиімді. Пайдасын өзіңіз-ақ есептей беріңіз, бір ғана мысал: Тараздағы жәрмеңкеде бірнеше апта бойы картоптың килограмы 60 теңгеден асқан жоқ. Қаланың базарларында оның бағасы 80-90 теңгеден, дүкендерінде одан да жоғары дейді. Содан болар, жәрмеңке ашылмай жатып жұрт картопқа кезекке тұрып алған. Ет, сүт өнімдері де мұнда арзан. Әрі ауылдан тікелей келген сапалы өнім. Қала тұрғындары да ауылдың азық-түлігінің дәмін біліп алған сияқты бүгінде. Себебі, онсыз да сығылысқан қала орталығы ертеңгілік жеңіл көлікке сыймай кетеді. Оның да өз жөні бар. Саудаларының өнімді болатынын білетін тұтынушылар жәрмеңкеге көбіне көліктерімен келетін болған.
Расымен де аз ғана уақыттан кейін нағыз соғым соятын кез келеді. Алайда, оған кез-келген қалалықтың қолы жете бермесі анық. Осыны ескерген бе, жәрмеңкеге түрлі мал еттерін молынан алып келіпті. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен облыс тұрғындарына азық-түлік тауарларын ауылшаруашылық тауар өндірушілерден тікелей, алып сатусыз, төмендетілген бағамен сатып алуларына мүмкіндік беретін ауылшаруашылық өнімдерінің бұл жолғы жәрмеңкесіне Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов аудандары және Тараз қаласының ауылшаруашылық тауар өндірушілері қатысты. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, жәрмеңкеге ұсынылған тауардың құны 38,7 миллион теңгені құрады. Және жәрмеңкедегі тауарлар базардағы бағадан 5-39 пайыз арасында арзан сатылу бекітілген. Тараздықтарға 159,7 тонна ауылшаруашылық тауары ұсынылды. Оның ішінде, 12 тонна ет өнімдері (жылқы, сиыр, қой, шошқа, құс еті), 5 тонна сүт өнімдері, 5000 дана жұмыртқа және 118,7 тоннадан астам жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдері, тағы басқа да ауыл шаруашылық тауарлары өткерілді. Ет өнімдерінің ішінен ең қымбаты қазы мен жая болды. Екеуі де 1400 теңгеден сатылды. Өткен аптада да осы баға қойылған еді. Ал, жылқы еті сол бұрынғысынша – 1150, сиыр еті 1000 теңгеден өткізілді. Қойдың еті 900 теңге болса, шошқа 1200 теңгеге бағаланып, тауық еті 400 теңгеге сатылып жатты. Қысқасы, тауарлардың әрқайсысының бағасына тоқталып, талдап жатпайық, олар ұйымдастырушылар бекітіп, әр шатырға іліп қойған бағалармен босатылды. Дегенмен, картоп пен қырыққабатқа, алмаға сұраныстың көптігі байқалды. Еттің барлық түрі мол болды. Тіпті бүтін сойылған семіз қой етіне дейін тұрды. Шұбат пен қымыздың да бәсі жоғарырақ болды. Халқымызда «Ауылым – алтын бесігім» деген жақсы сөз бар. Шындығында да, ауыл – қазақтың қара шаңырағы, дәстүрлі шаруашылығының асыл қазығы, атамекені. Ендеше, ауылды дамыту – ауылшаруашылығын өркендету деп білеміз. Апта сайынғы жәрмеңкенің өткізіліп отыруы шын мәнінде қалалықтар үшін үлкен мереке. Базар тиімді, арзан болса халық сонда ағылар еді. Мұнда керегіңді әрі оның сапалысын арзан бағаға іздеп табасың, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Жанболат Манабаев. Ауылдың сүті мен еті, жеміс-жидегі қалалықтар үшін ерекше ыстық, қымбат қазына. Апта сайын шатырын тігіп, есігін айқара ашатын ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі осының дәлелі. Қашанда жәрмеңкесімен қаланың қамқоры болып келе жатқан ауылдың жылы-жұмсағы мұнымен шектеліп, тәмамдалып қалмайды. Ұйымдастырушылар жәрмеңке әр сенбі сайын жалғасады деп отыр.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.