Әдебиет

Темірқазық тұлға

Темірқазық тұлға

Ахмет Байтұрсынұлы жайлы айтылуы тиіс, бірақ, әлі айтылмаған қаншама шындық бар. Мәселен, хакім Абайдың көзін көрген Көкбай, Ақылбай, Тұрағұл сияқты тұлғалардың естеліктері бар. Мұхтар Әуезовтің өзі «Абай жолы» шығармасын жазу барысында хакімнің көзін көрген, дәмдес, сыйлас болған көптеген тұлғалардан деректер алған. Ал, Ахмет туралы архивтік деректер болмаса, естеліктер жоқтың қасы. Енді Ахмет Байтұрсынұлының басынан кешкен барлық жайттардың бәрін де жіпке тізгендей етіп тізбелеп, айтып шығу, жалпы, мүмкін де емес. Ол қажет те болмауы мүмкін. Бірақ, ардақты Ахаңның әрбір айтқан сөзі, жазған әрбір өлеңі, тіл ғылымындағы биік ойлары, бәрі де бір-бір зерттеуге жүк боларлық дүние. Бірақ, Ахмет айтқан, армандаған биіктің қазір біз қай сатысында тұрмыз деген сауалды өзіме- өзім қоятын болсам, өз-өзімнен қарадай безінерім хақ. Ұлы Ахмет – Алаш баласының арманын осы күнге жеткізген киелі рух. Адалдықтың ақ сөзі. Керек болса, қазақтың көз жасы, асқақ рухы. Ақиқаттың көз жасы. Ол қай кезде де жеңіл болмаған. Ұлы Абай «Көзіме жас бер, жылайын» деп еді ғой. Сірә, бұл боркемік, өмірге есесі кеткен, өмірден өз еншісін ала алмай қарадай күйінген жанның көз жасы емес еді. Ахаңның көз жасы да сол. Ұлттың болашағын ойлаған көз жасы десек болар сірә. Ал, біз солай жылай аламыз ба, жалпы, жылауға хақымыз бар ма деген ой келеді кейде. Тектінің тұяғы Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованың естеліктерінде Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтылады. Атеке, дейді екен. Сол бір жол, ұлы тұлғаның көз жасы тарам-тарам болып сақалынан ағып тұрғанын жазған жол естен кетпейді, егілтеді. Өз көзімен көрген жағдай. Ахаң неге, не үшін, кім үшін жылады? Бұл – Алаштың, қазақтың көз жасы еді. Оның ішінде өкініш те, үміт те болды ғой. Жиырмасыншы ғасыр қазақ ұлты үшін қанқасап, қасіретті ғасыр атанды. Ұлы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары атылды. Біраз игі жақсылар жер аударылды. Біз айтпасақ та, бәрі де тарихтан белгілі. Ал, үміт... Үміт деген жарық сәуле адам-пенденің көкейінен сөнген бе... Пендені жетелеп келе жатқан да сол үміт қой. Рухтың өлмейтіні де адам кеудесіндегі үміттің сөнбейтін жарығына байланысты сияқты... Кейде...Ұлы Ахаңның: ...Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып, Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша. Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса?.. Жалпы, «Маса» Ахмет Байтұрсынұлының болашаққа деген үміті сияқты әсер етеді. Шәкәрім «Қазағым, қам ойлан» десе, Ахмет өзінің барлық арман-тілегін, үмітін «Маса» арқылы жеткізді. Тұспал арқылы. Алаш арыстарының дүниеге келген жылдары әртүрлі болғанымен, фәни- жалғаннан жазықсыз һәм мезгілсіз көшкен жылдары бір. Қанды отыз жеті. Бәрінің кеудесінде кертартпа жүйеге деген қарсылық болды. Бұл бір күнде қалыптасқан жоқ, әрине. Ахмет Байтұрсынұлы еске түссе, Тұрар Рысқұловтың да ойға қатар оралатыны содан шығар. Бұл тағдырдың ұқсастығы емес шығар, бәлкім сәттердің ұлттық көзқарас шеңберінде тоғысуы болар. Ұлы Мұхтар Әуезовтің «Қараш- Қараш оқиғасы» деген шығармасында Бақтығұл мен Тектіғұлдың тағдыры туралы айтылады ғой. Жалғанды жалпағынан баспақшы болып, адам тағдырымен ойнаған Жарасбайды Бақтығұл мерт қылады. Осы бір оқиғаны Тұрар Рысқұлов Мұхтар Әуезовке айтып беріпті деген дерек бар. Тұрардың әкесі Рысқұл кезінде болыс Саймасай Үшкемпіровті атқаны үшін жер аударылып, сотталып кетіп еді ғой. Бұл бала Тұрардың кеудесінде кек болып қалып қойған. Ал Ахмет он үш жасқа келгенде ауылына полковник Яковлевтің жетекшілігімен полиция қызметкерлері келіп, салық салған. Содан бұл қорлыққа шыдамай әкесі Байтұрсын мен Ахметтің үш ағасы полковникті сабаған. Осы әрекеттері үшін Сібірге он бес жылға айдалған. Қорлыққа төзбеу, әділдік дегенде табандылық таныту да осындайдан басталса керек. Мұнда да сол кездегі қаһарлы жүйеге деген ымырасыз күрес бар еді. Бұл да Ахметтің бойында сол уақытта атойлап бас көтере бастаған, кейіннен Алаш мұратына қызмет ету мінезін қалыптастырған мінез еді. Әкенің Сібірге айдалуын көзімен көрген баланың кейін есейгенде де адалдық арнасымен жүруі сондықтан болатын. Бала Ахмет бәлкім алғаш рет сонда жылаған шығар. Қалай күн көремін деп емес, әке-бауырларды, жалпы, қазақтың қай қиырында болса да осындай жағдайға ұшырап жатқандарды көріп, соған күйзеліп, налып. Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған, Сахара-көлге қонып салқындаған. Бір өртке қаудан шыққан душар болып, Не қалды тәнімізде шарпылмаған?   Алаштың адамының бәрі мәлім: Кім қалды таразыға тартылмаған? Дегендер: мен жақсымын, толып жатыр, Жақсылық өз басынан артылмаған. «Халық жауы» атанып, «көрсетінді» саясаттың құрбаны болған тұлғаның жүрек жасы бұл. Ұлы Ахметтің әулеті бір ғасыр қуғын көрген әулет. Қасіретті тарих. Мұның бәрі де ұлы Ахаңның өлеңдерінде көрініс тапқан. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің ұлы мақтанышы. Әрине, мұндай сөз ұлы Ахаңның өзіне түкке керегі жоқ. Ол мына бізге керек. Біз кімбіз деген сауалға жауап іздеу үшін керек. Әдетте біз, қазақ халқының өте бай әдебиеті мен тарихы, қалыптасқан мәдениеті бар екенін көп айтамыз. Бұл әрине, рас. «Әдебиет танытқыш» деген ұлы еңбегінде Ахмет Байтұрсынұлы «Біздің анық көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәрі де табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе», деп сөз бастайды. Ал, қазір көбіміздің дәлелдеуге тырысып, бір-бірімізбен қызылкеңірдек болып айтысып жүрген нәрсеміздің өзі осы емес пе. Қасиетті кітап Құранды алайық, ғылыми-әдеби неше алуан кітап бар тағы. Бәрі де дүниенің жаратылыс сырын баяндайды. Ал жасалынды нәрсенің бәрі де адамзаттың өзіне тән. Сол жасалынды нәрсенің сұмдық, адам ойламаған түрлері көбейді қазір. Ахмет Байтұрсынұлы «Көрнек өнері бес тарау болады», «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: Ақылға, қиялға, көңілге», деді. Қазаққа сөз өнерінің ғылымын, тіл, яки лұғат қисынын, сөз талғауды, сөз дұрыстығын, тіл тазалығын қалыптастырып берген де Ахаң еді. Қазақтың әдеби тәсілдерін, тіл білімін жүйелеп, бір арнаға салды. Бүгінгі елімізде дамыған тіл ғылымының, әдебиет ғылымының да түп-тамыры ұлы Ахмет еңбектерінде жатқанын аңғару қиын емес. Кеше көрнекті Алаш қайраткерлерінің түбіне сатқындық жетті. Талай талант жазықсыз құрбан болды. Оның ішінде ұлы Ахмет Байтұрсынұлы да бар еді. Сатқындық адамзат баласы жаратылғалы бері бар кесел. Кеше Ахаңдармен таныс болып, бірге жүріп, бірақ, шекпенінің ішіне шолақ мылтығын жасырған, бір бармағын бүгіп жүрген Қаппас сияқтылар қаншама. Сол кеше Саңғытов сияқты шолақбелсенді тергеушілердің Ахмет сияқты қасиетті адамға үкім айтқысы келіп, тергеп, тексеріп, жала жауып жүргені де сол өз арамыздағы алауыздық пен сатқындықтың белгісі еді ғой. Содан бері талай заман өтті. Қоғам, ұрпақ жаңарды. Бірақ, әттеген-айы сол, жақсының жағасынан алу әлі де бар екен. Оған күн сайынғы тіршілікте талай куә болып келеміз. Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр? Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр? Сасық ми, салқын жүрек, санасыздар Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр, – деді ғой, «Достыма хат» деген өлеңінде ұлы Ахаңның өзі. Еріксіз жылаған, дүниеәуи нәрсе үшін емес, өзі айтқандай, «абақтыға жапқаны, атқаны» үшін де емес, «сатқаны» үшін жылады. «Анама хат» деген өлеңінде де ұлы тұлғаның көз жасы бар. Жанары емес, жаны жылады. Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам! Арнап хат жазайын деп алдым қалам. Сені онда, мені мұнда аман сақтап, Көруге жазғай еді хақ тағалам!   Бара алмай, өтірікші болып әбден, Семейдің түрмесінде отыр балаң. Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ, Өкімет – өр зорлыққа не бар шараң?!. Жанының жайлауынан жаз көшкендей, көңілінің базары тарқағандай, бір сөзбен айтқанда, көп ішінде жалғыз қалғандай күй бұл. Абай «Жүрегім менің қырық жамау, қиянатшыл дүниеден» десе, Ахмет те анасына мұң шағу арқылы шерлі күйін ақтарды. Я, Құдайым! Аққа жақ! Өзіңе аян – мен нақақ. Аққа деген жолымның, Абыройын ашпай, жап.   Аят пенен хадисте Адал ниет, ақ іске, Жаңылмасам, жоқ еді Жаза тартсын деген бап, – дейді «Тілек батам» деген өлеңінде. Жақсының жанына жара салған сол кездегі қоғамның көрінісі. Нақақ күю өзекті жанға әділет емес. Өзегінен ақиқаттың көз жасы тамшылаған нар тұлға, бейіті жоқ біртуар жалғаннан көшсе де, қасірет кешсе де, ұлтының мәңгі жүрегі мен жадында. Тағы да Гүлнәр Міржақыпқызының естелігіне оралайық. Ол «Шындық шырағы» деген кітабында мынадай бір тосын дерек келтіреді. «...Ахмет атекемнің (Байтұрсыновтың) Жадовскаядан аударған мына өлеңі ойыма түсе кетті: Мінсіз таза меруерт, Су түбінде жатады. Мінсіз таза асыл сөз, Ой түбінде жатады.   Су түбінде жатқан зат, Жел толқытса шығады. Ой түбінде жатқан сөз, Шер толқытса шығады. Соңғы кезде баспасөз беттерінде қайсыбір авторлар бұл Асан қайғының өлеңі деп келтіріп жүрулері – білместіктің салдары деуіміз керек. Ахмет Байтұрсыновқа қиянат жасамайық, ағайын!», деп жазады. (Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова. «Шындық шырағы». Алматы. «Мектеп» баспасы, 2013 жыл. 243-бет). Тарихтан белгілі, 1988 жылы Алаш арыстары ақталды. Сол ақталған азаматтардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлы да бар еді. Ақынның мұның алдында шыққан жинақтарында шығармашылығы қысқартылып берілсе, енді толық шығуға мүмкіндік туды. Осы ретте Ахмет Байтұрсынұлының 1989 жылы жарық көрген кітабында Гүлнәр Міржақыпқызының жоғарыда келтіріп отырған өлеңі бар екен. Өлеңнің басында Ю.Жадовскаядан деген жазу тұр. Ал, Юлия Жадовскаяның ХІХ ғасырда өмір сүрген орыс ақыны екені белгілі. Бірақ, Жадовскаяның өлеңдері 1958 жылы бір- ақ рет Ярославль қаласындағы облыстық баспадан жарық көрген екен. Өлеңінің түпнұсқасы «Лучший перл таится, в глубине морской; зреет мысль святая, в глубине души», деп өріледі. Ал енді бұл өлеңнің тағдыры туралы да түрлі болжам жасауға болады. Мұхтар Мағауин өзінің 1967 жылы жарық көрген «Қобыз сарыны» одан кейін шыққан «Алдаспан» деген кітаптарының қандай азаппен жарыққа шыққанын «Мен» деген әйгілі ғұмырбаяндық шығармасында атап өткен еді. Мұхтар Мағауин жыраулар поэзиясын терең зерттеген тұлға. Сонда бұл өлең Асан қайғының өлеңі деп көрсетіледі. Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы», «Әдебиет танытқыш» еңбектері ұлт руханиятының заңғар биігі. Ұлы Ахаң рухы Алаш аспанында мәңгі сөнбей тұратыны да содан. Ол уақыттың дауылы мен жауынына бағынбайды. Ол мәңгілік керуенінде өз бағыты, өз жолы бар құбылыс.  

Хамит ЕСАМАН