Сәмбі талдай майысқан гимнастшылар
Сәмбі талдай майысқан гимнастшылар
Көркем гимнастикадан 1998-2009 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Тараз қаласының ашық чемпионаты өтті. Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен №1 облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын спорт мектебінің спорт залында ұйымдастырылған чемпионатқа еліміздің он қаласынан екі жүзден аса өнерпаздар қатысты. Алматы, Қарағанды, Петропавл, Қызылорда, Көкшетау, Степногорск, Байқоңыр, Қаратау қалаларынан келген үміткерлермен қатар тараздық жас спортшылар да бақ сынасты. Жарыстың ашылу салтанатына Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Бұл дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан чемпионат өңір спортшылары үшін үлкен мереке. Жарыстың негізгі мақсаты – жас гимнасттарға спорттық шеберліктерін арттыру, спорттық жетістіктерін жетілдіру, спортшылардың арасында спорттық тәжірибелерін алмастыру, көркем гимнастикадан облыс құрама командасын жасақтау болып табылады-дейді, қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюк. Халықаралық ережеге сәйкес құрсамен, шоқпарлармен және доптармен жекелей және топтық бағдарламалары бойынша өткен жарыста тараздық спортшы арулар да өз биігінен түсе қоймады. Атап айтар болсақ, 2007 жылы туылған спортшылар арасында командалық есеп бойынша екінші орыннан көрінсе, ал 2001-2002 жылғы жасөспірімдер арасында тараздық спортшы қыздар жеңімпаз атанды. Бұл орайда, жұлдызы жанған Аружан Әнуарова, Лаура Сқақ, Жанерке Дәулетқұлова, Асылай Асқар, Вероника Попович сынды гимнастшы қыздардың өнері көпшілікті тәнті етті. Есесіне, 2003-2006 жылдардағы спортшыларымыз командалық ұпай бойынша есе жіберіп алды. Басқа да жекелей гимнастшы қыздарымыз жеңімпаздар қатарынан табылып жатты.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».