Әлеумет

«Тараз» командасына көз тиді ме, сөз тиді ме?

«Тараз» командасына көз тиді ме, сөз тиді ме?

Сынайтын болсақ, түзелсін, жақсы нәтиже шықсын деп сынаймыз ғой. Жек көргеннен емес. Жақсымызды ешкім тартып ала қоймас. Олқы жағымызды таразылап, талқылап түзеп жүргеннің несі жаман? Бүгінде жамбылдықтардың назары «Тараз» футбол командасының ойынына ауды. Тіпті Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Жуалы, Талас аудандарынан облыс орталығына арнайы келіп, ойынды тамашалайтын жанкүйерлер аз емес. Себебі бәріне де «Тараздың» тәуір ойнағаны керек.

Мұны клуб директоры Жандос Ахметов те, команданың бас бапкері Нұркен Мәзбаев та түсінетіндей көрінген. Осы кезге дейін жерлестеріміз ел чемпионатында 21 ойын өткізген. Сол ойындардың алғашқы он төртін бөлек, кейінгі жетеуін бөлек қарастыруға болатын секілді. Олай дейтініміз, жерлестеріміздің алдыңғы ойындары тәп-тәуір. Жалпы жылда сол ғой. Чемпионатты жап-жақсы бастаймыз. Турнир кестесінде екінші, үшінші сатыға дейін өрмелеп барып, артынан құлдырай береміз. Биылғы чемпионатты сырт алаңда Түркістанның «Тұран» командасымен тең ойнап (0:0) бастадық. Артынша өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» 1:0 есебімен ұтты. Оған қуанып қалдық. Сол кезде үш ұпаймен үшінші орынға шықты. Артынша сырт алаңда «Қайратпен» тең ойнап тағы да қуантты. Бірақ өз алаңында «Атырауға» 0:1 есебімен, «Астанаға» 1:2 есебімен жол бергенде өкіндік. Мұнан соң «Тараз» төрт ойынды қатарынан ұтты. Атап айтқанда, өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 2:1, Ақсу қаласының «Ақсу» командасын сырт алаңда 2:1, Ақтөбенің «Ақтөбесін» өз алаңында 3:0 есебімен ұтқанда төбеміз көкке жетті. Сырт алаңда Түркістан облысының «Мақтаралын» 1:0 есебімен ұтып қайтты. Осы үздіксіз төрт жеңісінен кейін «Тараз» турнир кестесінде бірінші орынға көтерілген кезі де болды. Аз уақытқа болса да. Бірақ осыдан кейінгі бес ойынын жерлестеріміз ала-құла өткізіпті. Сырт алаңда «Қызылжармен» 1:1 есебімен ойнап, өз алаңында «Ақжайықты» 2:0 есебімен ұтқан. Сосын сырт алаңда «Каспийден» 2:1 есебімен ұтылып, Қостанайда «Тобылмен» 2:2 болып тең түскен. Шымкентте «Ордабасыға» 3:2 есебімен жол берген. Байқағанымыздай, осы он төрт ойын барысында 6 рет ұтып, 4 рет тең ойнап, 4 ойында жеңілістің ащы дәмін татқан. Осылайша, 22 ұпаймен бесінші әлде алтыншы орындарда тұрды. Тіпті қола жүлдеден үмітіміз болды. Ал енді кейінгі жеті ойынның нәтижесіне көңіл аударып көрейікші. Өз алаңында «Қайратпен» 1:1 есебімен тең ойнады. Сыртта «Атыраумен» 0:0, өз алаңында «Астанамен» 1:1 тең ойнады. Жеңісті күндерден үміттендік. Бірақ керісінше үш ұпай жоғалтуды бастадық. Сыртта «Шахтерге» 1:0 есебімен ұтылдық. Онан кейін сорақысы өз алаңымызда «Ақсуға» 3:4 есебімен жол беріп қойдық. Осы «Шахтерді» де, «Ақсуды» да бірінші айналым кезінде ұтқан едік. Тіпті «Ақсудан» сырт алаңда үш ұпайды тартып алып едік қой. Енді неге сол командалар арада екі ай өтпей жатып, алынбайтын қамалға айналды? Соңғы екі турда да ең маңызды 6 ұпайды жоғалттық. Осы жеңілістерге қарасақ, өзге командаларға ұпай таратып жүргендей әсерде қалдық. Атап айтқанда, сырт алаңда «Ақтөбеге» 1:0 есебімен ұтылдық. Ал жақында «Мақтаралға» өз алаңымызда 0:1 есебімен жол бердік. Соңғы ойындарға қарап алдында жинап алған ұпайларымызды қайтарып беріп жүрміз бе деген де ойға қалдық. Соңғы жеті ойында бар болғаны үш ұпай ғана жинадық. Осы сәтсіздіктерден кейін қазір жерлестеріміз турнир кестесінде оныншы орында тұр. Ол өте қауіпті орын. Бұл ретте клуб басшылығы команданың қаржылық қиындықтарын алға тартады. Ал осы қаржымен-ақ алғашқы айналымда өте сәтті ойнап шықты емес пе? Біздің түсінбейтініміз осы жағы. Биылғы ел чемпионатының аяқталуына да бес тур ғана қалды. Осы бес ойында белсенділік танытып, биылғы маусымды кемінде 7-8 орынмен аяқтайды деген сеніміміз бар. Біз бірақ, алғашқы айналымдағы тәуір ойындардан соң жүлделі орындардан үміттеніп едік. Бірақ бізге енді жеңісті сәттер әзірге арман ғана болып тұрған сияқты.  

Есет ДОСАЛЫ