Спорт және туризм

Қордайдың құлжасы қарсыласын сұлатып салды

Қордайдың құлжасы қарсыласын сұлатып салды

Сингапурде өткен «Battle Of Lions» турнирінде қазақстандық ережесіз жекпе-жек шебері Игорь Свирид орта салмақта бес раундтық жекпе-жектерін сәтті өткізе білді. Бұл жарысты ONE FC проумоутерлік компаниясы ұйымдастырған болатын. Қарсылас біткенді естанды халге түсіріп, айқын жеңіске жетіп жүрген жамбылдық оғлан бұл жолы да өзінің ең мықты файтер екенін дәлелдей білді. Талай саңлақ спортшының тас-талқанын шығарып ұтып жүрген Игорь Свиридтің жойқын жұдырығының бұл жолғы құрбаны бразилиялық спортшы болды. Игорь Свирид бразилиялық қарсыласымен жұдырықтасуға шыға сала кездесуді аяқтады. Леандро Атаидесті 17 секундта нокаутқа түсіріп, өзінің кезекті жеңісін тойлады. Алдымен сол қолымен тікелей соққысын қарсыласына дарытты. Одан кейін жер бауырлап қалған Атаидестің қақ шекесіне үш соққыны дөп тигізді. Ауыр нокаут алған қарсыласы орнынан әрең дегенде көтерілді. Бірден айта кетейік, бразилиялық файтер осы уақытқа дейін жеті жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен еді. Осы кездесуден кейін Игорь Свиридтің жойқын соққысын әлемдік БАҚ жарыса жазып та кетті.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».