Басты жаңалық

Париж төріндегі той

Париж төріндегі той

ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб – пәтерінде Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет Байтұрсынұлы және ренессанстық өркениет» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияны ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Франциядағы Қазақстан елшілігі атсалысты. Алаштанушы, ғалым Қайырбек Кемеңгерұлы «Айтулы шарада баяндама жасауға елімізден алаштанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері барды. Бауырлас Түркия, Әзірбайжан елдерінен алаштанушы ғалымдар мен Мюнхеннен Еуропа қазақтары қауымдастығының төрағасы Абдулхакқым Кесежи арнайы қатысты. Мұстафа Шоқай, Қажымұқан балуан, Әміре Қашаубаев бабаларымыз жүрген тарихи қалада Алаштың рухы тағы бір асқақтады» – деп атап өтті. Салтанатты іс-шара аясында Ахмет Байтұрсынұлының ағылшын тілінде жарық көрген кітабы таныстырылды. ЮНЕСКО-ның Бас директорының орынбасары Оинь Цой: «Ахмет Байтұрсынұлы қазақ мәдениетіндегі өшпес із қалдырған тұлға. Оған қазақ руханиятына жасаған өлшеусіз еңбегі үшін рақмет айтамын» – деп пікір білдірді. Мәмбет Қойгелді: «Осы уақытқа дейін біз Ахаңды, Алаш тақырыбын жалпы ресейлік контекс деңгейінде ғана қарап келдік. Ал Алаш қозғалысы бүкіл дүниежүзілік өркениет биігінде қаралғанда ғана ол өз бағасын алады. Сонда ғана Алаш қозғалысының табиғаты ашылады. Сондықтан ЮНЕСКО шеңберінде жасалып жатқан Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойы, біздің ғылым саласының әлемдік биікке түсуінің бір жолы» – деп атап өтті. Қайырбек Кемеңгерұлы: «Мюнхеннен келген ғалым Әбділқаюм Кесіжі Ахаңның ұлт тарихындағы орны жайында батыл ойлар айтты. Ахаңның үздік әліпбиін Еуропаға жеткізген Алтайдан Анадолыға ауған қазақтар еді ғой. Сол әліпби болмағанда, бүгінгі Түркиядағы, Еуропадағы қандастар қазақ қатарында қалар ма еді, қалмас па еді деген ойлар келеді» – деп тебірене жазды. Ұлт ұстазын ұлықтау шаралары елімізде және шетелдерде жалғасын таба беретін болады.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ