Асыл аға
Асыл аға
Бүкіл өмірін баспасөзге арнаған ахмет қазыбаев жайлы сыр
Осы жасқа келгенше санаулы ағалардың жақсылығын көрдік. Солардың ішіндегі бірі және бірегейі Ахмет аға болғанын мақтанышпен айта аламын. Тұла бойы ізгіліктен тұратын бір адам болса, ол Ахмет аға деп білемін. Аңқылдаған әппақ адал көңілімен біздерді бауырына басатын. Сол кезде ерекше жылылықты сезінетінбіз.
Ағалық міндетті абыроймен атқару – үлкен тектілік. Аға деген ұғымды биік деңгейге көтерген Ахмет Қазыбаевты ойласам, ізгілікке толы ғұмырдың тектілігін ұққандай боламын. Мейірімге шөлдеген адамның бірі ретінде Сізді іздейтін кездерім де аз емес. Өзіңіздей жаны кіршіксіз таза, мейірбан ағаның бір ауыз жылы сөзін естігім келеді... Ахаңның облыстық «Еңбек туы» газетінде маңдайы жарқырап, еңсесін биік ұстап жүрген кездерін әрдайым еске аламын. Үнемі шындықтың жағында болып, ақиқатты айта білетін турашылдығына сол кездің өзінде көзіміз жеткен. Әсіресе, кісі қызығатын тұлғасымен жастарға үлгі болғандығын айта кеткім келеді. Әркімде бола бермейтін асыл қасиеттері біздің бойымызға дарып, әрбір ұлағаты жүрегімізді нұрландырып, жанымызға шуақ сыйлайтын. Қариялық жасқа келгенше жастар арасынан дарындыларды іздеуден жалыққан емес. Бұл жолда ағаның тындырғаны аз болған жоқ. Газет редакциясында журналистік қызметті ұстаздықпен жалғастырып, соның жемісін көрді. Мұса Рахманбердиевті іздеп тауып, «Еңбек туына» алып келген осы Ахаң болатын. Мұса Шөлдала ауылында су қоймасының күзетшісі болып жұмыс істейтін. Газетке мақала жазып тұратын жігіттің талабынан таланттың ұшқынын байқап, редакцияға шақырды. Баттал аға Жаңабаев Ахаңды тыңдады. Міне, керемет. Бас редактор әркімді тыңдай бермейді. Ахмет ағаның жақсылыққа тұнып тұрған жүрегінің адалдығына, адам танитын қабілетіне сенді. Мұса сенімді ақтады. Белді, беделді, алғыр журналист атанды. Оның әрбір мақаласы оқырмандар жүрегіне жол тапты. Алғашқы көркем шығармалары да осы газетте жарық көрді. Кейін облыстық телеарнаға басшылық етті. Ахмет аға басқа да жас журналистердің өсуіне, қанатының қатаюына көп көмегін тигізді. Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде қызмет ететін Доқтырхан Тұрлыбектің «Еңбек туына» келуіне де себепші болды. Асқаржан Сәрсек, Мұрат Сыздық секілді журналист інілерінің жарқырай көрінуіне ағалық ақ тілегін, ақыл-кеңесін аяған жоқ. «Айналайын» деген сөзді біздер басқадан емес, Ахмет ағадан еститінбіз. Мейірімге шөлдеген жастарға бұдан артық қандай сөз керек? Марқайып, масаттанып қалушы едік. Төбеміз көкке жеткендей болып, жаман жазбауға күш салатынбыз. Біздер, сол кездегі жастар ол кісіден үлкен тағылым алдық, ізгіліктің қайнар бұлағынан сусындап өстік. Егер мен бір адамға қарыздар болсам, осы Ахмет ағама қарыздармын деп есептеймін. Өйткені, ол маған ізгіліктің ілімін берді, адам болып қалудың айрықша үлгісін көрсетті. Ахмет Қазыбаев «Еңбек туының» көсегесі көгеріп, беделінің артуына да елеулі үлес қосты. Жауапты хатшы қызметін абыроймен атқарды. Қаламынан туған дүниелері де тартымды, жүректерді жылытатын. Тұшынып оқитынбыз. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Тараз қаласының Құрметті азаматы атанды. Ахмет ағаның дүниеден озғанына бір жылдай уақыт өтіпті. «Марқұм» деген сөзді айтуға да аузым бармайды. Десек те, сексеннің бел ортасына сүйкімін жоғалтпай әдемі келіп, артына ізгіліктен із тастап кетті. Елі ардақтаған жақсы атын, өмірін жалғайтын ұрпағын қалдырды. Көңілге осы медет. Асыл аға салған жол ешқашан өшпек емес.
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.