Айдарлыда еңбекқорхалық тұрады
Айдарлыда еңбекқорхалық тұрады
– Біздің округтің аумағы 57863 гектар аумақты алып жатыр. Ауыл шаруашылығы мақсатында – 52515,2, ал елді мекендер жері – 1136 гектар. Округте 73 шаруа қожалығы, 172 жеке кәсіпкер, 12 өндірістік кооператив бар. Шаруа қожалықтарында – 196, жеке кәсіпкерлікте 204 адам еңбек етеді. Мұнымен қоса, 12 өндірістік кооператив жұмыс істейді. Жері бай, халқы бейнетқор мойынқұмдықтардың пейіліне берген шығар, жерден тапшылық көрген емеспіз. Жайылымдық – 50508, егістік – 1857,2, көпжылдық екпелер – 785, шабындық – 150 гектар. Күзгі жиын-терін аяқталып, 300 гектарға орналастырылған жүгеріден 30 центнерден, 150 гектар арпаның әрбір гектарынан 15 центнерден өнім алынды. 930 гектар көпжылдық шөпке үш рет шалғы түскенде бір гектардан 6 тоннадан айналды. 60 гектар алқапқа егілген бақша дақылдарының да өнімі жаман болған жоқ, 30 тоннадан жиналды. 15 гектарға орналастырылған күнбағыстан 1, картоптан 25, көкөністен 40 тоннадан өнім алынды. Ауылда 2354 адам тұрса, оның 186-сы күрді, 6 ұйғыр, 5 неміс, 4 орыс ұлтының өкілі жергілікті халықпен қоян-қолтық араласып, бірге туған бауырдай болып кеткен. 12801 бас уақ мал, 3560 мүйізді ірі қара, 1483 жылқы және 17 бас түйе – ауылды мекен етіп жатқан шаруаның берекесі, нәсібі. Айтпақшы, 2047 құс та, жұмыртқасы да ауылдықтардың күн көрісі. Бюджеттік мекемелерде еңбек ететін 100-ден аса жұмысшы-қызметкер де қорасында мал ұстап, төрт түлік басын арттыруға үлес қосуда, – дейді ауылдық округтің әкімі Әділет Мұқашев. Осы әкім жігіт туралы жылы сөзді Таразда тұратын мойынқұмдық азаматтардан бұрын да еститінбіз. Аудан орталығында болғанда да Кеңес ауылдық округі туралы, 16 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс өтілі бар, 12 жылдан бері әкім болып еңбек етіп келе жатқан азамат туралы, оның іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті жайлы аудан басшылары да жақсы сөз айтты. Бір ауылда он жылдан аса әкім болып, түк бітірмей бостан-босқа айлық алып отырған әкімдер туралы да естіп қаламыз. Әділет олардың қатарынан болмай шықты. Бұрын «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп жатушы еді. Әкімдер халықтан алыстап кетті ме, бүгінде бұл мақал ма, мәтел ме, айтыла бермейді... Ауыл әкімімен Айдарлыны аралап шықтық. Ауылдағы 9 көшенің 7-еуі асфальттанған, айнадай жалтырап жатыр. Үш көшеге түнгі жарық орнатылған. «Екі көшеге асфальт төсеу, қалған көшелерді жарықтандыру алдағы уақытта жүзеге асады», дейді Әділет. Көгерішіне көркі сай ауыл екенін ә дегеннен-ақ аңғардық. Амангелді ӘБІЛ Мойынқұм ауданы.