Әлеумет

Жаңа шағынауданның жобасы қаралды

Жаңа шағынауданның жобасы қаралды

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында Тараз қаласындағы №14 шағынауданының жоспары пысықталды. Көне шаһардың керегесін кеңейтіп, көркін арттыратын жаңа шағынаудан жобасының үш концепциясы зерделенді.

Айта кету керек, Тараз қаласы автовокзал жанындағы 14-шағынауданы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы, яғни газбен жабдықтау, жылу және сыртқы байланыс желілерін тарту жұмысы 2016-2019 жылдары жүргізілген. Бүгінгі таңда, ол шағынаудандағы құрылысы жүргізіліп жатқан «Онкологиялық диспансерлік орталықты» газбен жабдықтау, жылу және сыртқы байланыс желілерімен тұрақты түрде қамтамасыз етілген. Ал электр, су және кәріз желілерімен қамтамасыз ету нысандарының құрылыс- монтаждау жұмыстары аяқталмауына байланысты, 2021 жылдың 10 тамызында уақытша желілерімен қамтылыпты. Нысандардың толық құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтап, тапсыру жоспарлануда дейді жауаптылар. Басқосу барысында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жаңа шағынауданның жоба-жоспарын жан-жақты таныстырып өтті. Ұсынылған жобалар бойынша жаңа ауданның аумағы 100 гектардан асады. Онда көпқабатты тұрғын үйлермен қатар, онкологиялық диспансерлік орталық, IT лицей-интернаты, көпбейінді аурухана, оңалту орталығы, саябақ салу және тағы басқа нысандардың құрылысы жоспарланған. Облыс әкімі жауаптыларға бірінші нұсқа бойынша жобаны жетілдіруді тапсырды. Жаңа шағынауданның коммерциялық аумақ ретінде қалыптасуы керектігін айтты. Инфрақұрылымдық желілердің әлеуеті барынша ескеріліп, ирригациялық жүйелердің реттілігіне де баса ден қою керектігін жеткізді. Сонымен қатар жаңа шағынаудан аумағынан заманауи зәулім концерт залын салу қажеттілігін де айтты. Аймақ басшысы денсаулық сақтау, білім, спорт салалары бойынша нысандарды жоспардағы халықтың қажеттілігіне қарай салудың маңыздылығын ескертті. Әлеуметтік нысандармен қатар көппәтерлі тұрғын үйлердің сапасына баса мән беру керек екенін де айрықша атап өтті. Сонымен қатар жаңа шағынаудан аумағында 150 орындық мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығы да бой көтермек. Жаңа шағынауданды абаттандыру мәселесіне тоқталып, бұл ретте тұрғындардың талап-тілегін ескеруді тапсырды. Халыққа шынайы тұрғыда керек және келбеті бөлек ғимараттардың жоспары мен жаңа шағынауданның жобасы әлі де зерделенетін болады. Алдағы уақытта бұл жоба аталмыш басқосу барысында айтылған ұсыныстармен толықтырылмақ. Сондай-ақ басқосуда 15-шағынауданындағы бірқатар мәселелерді шешу жолдары да сараланды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ