Өңірлерде мамандандырылған қызметті дамыту аясында Жамбыл облысында 3 науқасқа алғаш рет жүрек қызметін реттеуші құрылғы орнату үшін ота жасалды. Аталған құрылғы жүректің кенеттен тоқтап қалуының алдын алады.
Белгілі болғандай, өлім себептерінің 80 пайызына жүректің аритмикалық бұзылуы себеп болады екен. Бүгінгі таңда кардиовертер-дефибриллятор құрылғысын орнату жүрек жетіспеушілігіне шалдыққандар үшін үлкен көмегін тигізеді. Қазақстанда бұл заманауи технологияны тек Алматы мен Астанадағы ең үздік клиникалар қолданып келген.
Дефибриллятор – кардиостимуляторға ұқсас, жүрек соғысын реттеуге, басқаруға арналған құрылғы. Микрокомпьютер денеге майда электр толқындарын өткізу арқылы жүрек қызметін бақылайды, жүрек қағысы бұзылған жағдайда белгі береді. Құрылғының қауіпсіздігі мен пайдасы Еуропа мен АҚШ-тағы ірі медициналық орталықтарда сынақтан өткен.
Облысымызда дефибрилляторды орнату үшін жасалған шеберлік сыныбын А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының дәрігері Әділ Байымбетов өткізді. Жасалған 3 ота да сәтті жүзеге асып, науқастар өздерін жақсы сезінуде.
Негізі бұл ота Қазақстанда екінші рет жасалды. Жамбылдық дәрігерлердің айтуынша, облыстық аурухананың техникалық жабдықталуы, мамандардың тәжірибесі, заманауы құрылғылар жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқастарды емдеуге үлкен септігін тигізеді.