Қайтарымсыз грант: кәсіп ашу ма, ақшаны текке шашу ма?

31

Біраз уақыт бұрын «WHATSAPP» желісі арқылы «Отказники гранта» деген чатқа қосылдым. Бақсам, мұнда негізінен үкіметтен берілетін 400 айлық есептік көрсеткіш (1 миллион 225 мың 200 теңге) көлеміндегі қайтарымсыз грантқа үміткерлер отырады екен. Көбісі әйелдер.

– Маған да «жоқ» деп жауап келді. Қалай бұл? Неге алдымен көпбалалы аналарға берілмейді?
– Барып талап етейік, алдымен көп балалыларға берулері керек, жиналайық, жұмыспен қамту орталығына кім барады?
– Қай ауданға көп беріліп жатыр, сол ауданға тіркелсек қайтеді?
– Сертификатын алып, бизнес жоспар жасап беретін таныстарыңыз бар ма? Қаншадан болып жатыр?
– Мен де үйде отырмын, айтыңыздаршы, қалай алсам болады?
– Оны алған соң кәсіп ашпасақ тексере ме? Бастысы алып алсақ, кейін бірдеңе қып келісерміз.– Өздерінің таныстарына беріп жатқан шығар, оңбағандар, алдымен көпбалалыларға берсін. Барайық, баратын жерге!
– Қандай салаға грантты көп беріп жатыр? Не бизнес ашамыз дегеніміз дұрыс?..».

Чатта осы тақылеттес сауалдар қойып,
құзырлы орындарды сыбап, қазір көп жерді жемқорлық жайлағанын айтып ашынған, ызалы аналар көп. Көп бала туғанын алға тартып, міндетсінгендер одан да көп.

«Ашатын кәсібі тұрмақ, жоспары жоқ, бірақ, қандай жолмен болса да бөлінген ақшаны алып қалу – жемқорлыққа жол ашу емей, немене екен сонда?» дейсің осындайда.

Аталмыш чатта «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, сертификат алып, бизнес жоспарын жазып беретіндер де жүр. Бірінің жекесіне шығып, құнын сұрасам, оқып, жоспарын жазу – 50 мың теңге екен.
– Сіз бізге ЭЦҚ кілтіңізді бересіз, біз сіздің атыңыздан business.enbek.kz сайтына кіріп, өтініш береміз.

Егер сізге грант алуға мүмкіндігіңіз бар десе, ары қарай оқуға тіркеліп, оқимыз. Оны оқып болған соң тест тапсырып, «Бизнес бастаудың» оқу курсын тәмамдады» деген сертификат алып береміз. Ол 3 жылға дейін жарамды. Биыл грант ала алмаған жағдайда, келесі жылы осы сертификатпен өтінім бере аласыз.

Бірақ ол кезде оқып, тест тапсырмайсыз. Ең соңында бизнес жоспар дайындалады. Сіз қай бағытты таңдап отырсыз, қандай кәсіп ашқыңыз келеді? – деп, өзіме қарсы сауал қойды.

– Шынымды айтсам, әлі білмеймін. Сіздер кез келген кәсіпке бизнес жоспар дайындай бересіздер ме? Көбісі қай саланы таңдап жатыр? Мен мысалы, шын мәнінде кәсіп бастамайтын болсам, күні ертең оны тексеріп, қайтарымсыз ақшаны қайтарып жүрмеймін бе? – дедім.

– Иә, біз кез келген салаға жазып береміз. Өтінім беріп жатқандардың көбісі мал шаруашылығын таңдап жатыр. Себебі ауылдық жерде көбісі малмен айналысады. Үйлеріндегі малын «грант ақшасына сатып алдық» дегендей қылып келтіруге де жеңіл. Ал тексеру жағына келсек, уайымдамаңыз. Ол жағын да реттеудің жолдары жетерлік. Бірақ көп жағдайда тексермейді.

– Бизнес жобамды дайындаған соң болды, грант беріле ме, сонда?
– Жоқ, әпке. Мен тек сертификат алып, жобаңызды жасап беремін. Ары қарай өз ауданыңыздағы жұмыспен қамту орталығынан таныс адам табасыз. Негізінен ондағылар алдымен өз адамдарын жібереді, таныс болмаса өте алмауыңыз мүмкін. Бизнес жоспарыңызды қорғаған кезде, комиссиядан да солар өздері өткізіп жібереді, – деді.

Міне, біздің қайтарымсыз грант төңірегіндегі жағдай, кәсіпкерлікке деген көзқарасымыз осы деңгейде. «Ұялмағандар бұйырмағанды алуда». Ал шын мәнінде қолдауға мұқтаж жандар солардың тасасында қалып кетуде.

Жалпы осылай қайтарымсыз грант үлестірген қаншалықты тиімді? Грант иегері атанғандардың ішінде шын мәнінде қанша пайызы расымен өз кәсібін бастады? Былтыр қайтарымсыз грант көлемі 550 мың теңге шамасында болды. Биыл – 1 миллион 225 мың 200 теңге. Қымбатшылық жан-жақтан қысып тұрған қазіргі заманда жалпы осы сомаға кәсіп ашу мүмкін бе?

Бәлкім, қайтарымсыз грантты дайын кәсібін ары қарай ұлғайту үшін берген тиімдірек болар? Байқағандарыңыздай, әлгі чатта отырғандардың басым көпшілігінің басты мақсаты – кәсіп ашу емес, ақшаны текке шашу.

Әр адамға берілетін сома соншалықты көп болмаса да жалпы басын қосқанда қыруар қаржы болатыны анық. Мәселен, облысымызда тек биылға «Жастар» санаты бойынша 1 лекте – 30, 2 лекте – 189, 3 лекте – 780, 4 лекте – 865 грант бөлінген. Жеке әлеуметтік санаттар бойынша 1 лекте – 70, 2 лекте – 186, 3 лекте – 212, 4 лекте – 232 грант берілген. Бір облысқа екі санат бойынша 2564 грант. Бұл дегеніңіз – 3 миллиард 141 миллион 412 мың 800 теңге! Осы қаржыға облыстан кішігірім зауыт ашуға болатын шығар, бәлкім. Егер кәсібін ұлғайтқысы келетіндерді демеп жіберсек, ол жұмысшылар санын арттырып, табысын да еселер еді. Сол тиімдірек болар, мүмкін?

Елімізде қайтарымсыз грант беру 2011 жылдан басталды. Алғашқыда тек мал шаруашылығы бойынша беріле бастаған қайтарымсыз қаржы көлемі жылдан- жылға санаты бойынша да, мөлшері бойынша да көбеюде. Осы он бір жыл аралығында грант иегерлерінің тым болмаса жартысы кәсіптерін ашып, жүргізді ме екен? Әлде тек қағаз жүзінде «қатырып» қойды ма? Сауал көп, жауап жоқ…

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

 

Comments are closed.