- Advertisement -

Естеліктен ескерткіш қойсам деймін

38

- Advertisement -

Өмірде небір жандардың ауыр тағдыры туралы естіп те, көріп те жүрміз. Мен де сондай өмірі қиындыққа толы бір жанды танушы едім… Бұл жанның басқалардан ерекшелігі, ол – өмірге белгісіз боп келіп, белгісіз боп кеткен жан. Небәрі 52 жыл ғана өмір сүрген Сәуленің бастан кешірген ауыр да қиын тағдырының жалғыз куәгері едім. Онымен көрші тұрған үш жыл ішінде басынан кешкен бар ауыртпалығын, қиындыққа толы тағдырын айтып бөлісіп, мұңын шағатын-ды. Оқырманға түсінікті болу үшін әңгімені басынан бастайын…

1965 жылдың қоңыр күзі. Ұлты қырғыз Асантайдың шаңырағында сүп-сүйкімді, топ-томпақ қыз дүниеге келді. Көп жылдан бері сәби сүйе алмай, үміттері үзіле бастаған екі жастың қараңғыда жылт еткен сәулесіндей болып, бұл сәби отбасын қуанышқа бөлеген еді. Әкесі «Бұл менің жанымның жарық сәулесі» деп, есімін Сәуле қойды.

Сәуленің анасы – қазақ, әкесі – қырғыз еді. Анасы Айсұлу кішкентайынан балалар үйінде өскен, денсаулығы да нашар, дімкәс әйел болыпты. Емші, балшы-балгерлерге, дәрігерлерге көп қаралып жүріп, осы қызды дүниеге әкеліпті. Әкесі Асантай Сәуленің анасымен бас қосқан соң, Бішкек облысы, Қант ауданы, Чондалы ауылына келіп, атбасын тірейді. Сонда жүріп түрлі жұмыстар істеген. Сәуле ата-анасы туралы нақты деректерді өте аз білетін. Балалық шағы да тек еміс-еміс есінде. Өйткені 4 жастан асқан шағында анасы созылмалы аурудан қайтыс болады. Әйелі бақилық болған соң үйдің де берекесі кетіп, әкесі ішімдікке салына бастайды. Кейде үйге келмей қалып, бала жылап-жылап, босағада әкесін күткен күйі ұйықтап қалатын көрінеді. Жетімнің күйін ешкімнің басына салмасын. Кейде бір үзім нанға зар болып, ашқұрсақ жүрген кезі көп болады. Қайран әке бірде бар, бірде жоқ. Осылай сүреңсіз күндер зулап өтіп жатады.

Бір күні таңертең тұрса әкесі сап-сау, ішімдік ішпеген. Үйдің іші жиналып, шай да қайнап тұр. Дастарқан жасаулы, әкесі көңілді. Шай ішіп болған соң қызын жуындырып, шашын тарап, таза көйлегін кигізеді. Оған таң қала қараған қызына:

– Қызым, бүгін қалаға, Бішкекке барып, қыдырып қайтамыз, – дейді.

Сонымен қалаға барып, дүкен аралайды, Сәулеге бірсыпыра киімдер мен қуыршақ сатып әпереді. Асханаға барып, тойғандарынша тамақ алып жейді, сосын саябаққа барып түрлі ойындар ойнатады, балмұздақ әпереді. Не керек, Сәуле бұл күні өңі түгілі, түсінде көрмеген қызықтарды көреді. Кешке қарай әкесі 5 қабатты бір зәулім үйдің алдына келіп тоқтайды. Үй алдындағы орындыққа келіп біраз отырған соң әкесі:

– Қызым, мен қазір бір жерге барып келемін, сен осы жерде қозғалмай отыр. Мына қуыршағың мен киімдерің салынған дорба сенде тұра тұрсын. Ешқайда кетіп қалушы болма, мені күт, – дейді де, әкесі кетіп қалады.

Ол сол кеткеннен мол кетеді. Әкесін күте-күте екі көзі төрт болған бала шырқырап жылай бастайды. Оның даусын естіп, көпқабатты үйден ақ халатты бір әйел шығып, аты-жөнін, неге жылап отырғанын сұрап, үйіне алып кіреді. Сәуле Бішкектегі балалар үйіне келгенін кейіннен біледі.

«Иә, сол күннен бастап менің тағдырым күрт өзгеріп, мүлдем басқа арнаға бұрылып сала берді. Балалар үйінен есейіп, бойжетіп, мектеп бітіріп бір-ақ шықтым. Сонда тұрған 12 жыл ішінде әкем мені бір рет те іздеп келмеді. Менің ең бақытты, алаңсыз күнім сол әкеммен өткізген бір ғана күнім екен. Одан кейін бала болып балалықтың бал дәмін татып та көрмеген екенмін. Ешкім еркелетіп, маңдайымнан сипап көрмеген екен.

Мектепті бітірген соң тәрбиеленген бір топ қыздармен мені Жалалабадтағы кондитерлік техникумға оқуға жіберді. Әкем сол күйі келмеді, өлі ме, тірі ме, ол жағын да біле алмадым.

Балалар үйінде бірге тәрбиеленіп, бір бөлмеде жатқан Лена деген досым болды. Екеуміз бірге жүріп, бірге есейдік. Ол кезде студенттерді ССО-ға жіберуші еді ғой, бізді де құрылысқа, кірпіш құюға жіберді. Күздің қара суығында да рәзіңке аяқ киіммен жүрдім. Бірде табаннан өткен суықтан мұрттай ұшып, қатты ауырдым, тіпті есімнен танып құлаппын. Содан ауруханада ұзақ жатып емделдім, бірақ екі аяқтан қалдым, жүре алмай, арбаға таңылдым. Сол кезде Лена құрбымның көп көмегі тиді. Оның Қазақстанда, Тараз қаласында тұратын нағашы апасы бар еді. Лена сол жаққа жиі барып тұратын. Апасының емші көршісі бар екен, «жүре алмайтын талай жанды орнынан тұрғызыпты, сен де сонда барып қайт» деп Лена мені қояр да қоймай Тараз қаласына алып келді. Бұл 1983 жыл болатын. Емші апа жалғызбасты екен. Мені өз үйіне жатқызып, екі ай бойы түрлі ем-дом жасап емдеді. Екі айдан соң мен арбаны тастап, өзім жүретін халге жеттім. Бір таңғалатыным, мен қалай жазылдым, емші апа солай қайтыс болып кетті.

Содан Лена екеуміз арман қуып, Мәскеуге кеттік. Онда тоқыма фабрикасында жұмыс істеп, ақша таптық. Бос уақытымызда қыдырып, көңіл көтердік, киноға, театрға бардық. Ол жақтан да көптеген достар таптық. Бірақ ол күндер де көпке созылмады. Мен Қазақстанға қайттым да, Лена сонда қалып қойды.

Мұнда келген соң тері аурулары ауруханасына санитар болып жұмысқа кірдім. Мардымсыз айлығым (5 сом) шайлығыма әрең жетіп жүрді. Жолкірем бар, тамақ, киімім бар, ақшамды жеткізе алмай қатты қиналдым. Бір күні айлығымды алып, жұмыстан шаршап, үйге келе жатқанымда жолай бұзық балалар кездесіп, менің қолымдағы сөмкемді ала қашты. Ішіндегі туу туралы куәлігім, жеке куәлігім, ақшам, бәрі кетті. Бұл ұмытпасам, 1985-1986 жылдар болатын. Сонымен ешқандай құжатым жоқ, жұмыс та жоқ, қаңғып қалдым. Жасатайын деп барған едім, 5 сом сұрады. Мен ол ақшаны тауып бере алмадым. Жағдайым күннен-күнге қиындай түсті. Көршілер көмектесіп,тамақ әкеліп тұрды.

Бір күні көрші келіншек мені бір кісімен таныстырды. Жасы менен 20 жас үлкен. Әйелі қайтыс болыпты, 5 баласы бар екен. Өзі Жуалы ауданының бір ауылында колхоздың қойын бағатын қойшы. «Балалары интернатта, еш қиындық көрмейсің, қарның – тоқ, көйлегің – көк өмір сүресің, әрі үлкен кісі болған соң, сені баласындай күтеді, ішкенің – алдыңда, ішпегенің – артыңда боп өмір сүресің» деген соң тұрмысқа шықтым.

Айдалада, қысы-жазы ел бетін көрместен мал бағамыз. Анда-санда ауылға келіп, азық-түлік алып кетеміз. Ол кісі ішімдікке құмар адам болып шықты, азық-түлікке барғанда міндетті түрде жәшігімен арақ ала келетін. Соны ішіп алып мені ұрып-соғатын болды. Оған да көндім, кеткенімен, барар жерім жоқ. 20 жыл отассам да сәби сүймедім. Мүмкін қатты ауырғанымда бала көтеру мүмкіндігінен де айырылған шығармын бәлкім. Құжатым болмаған соң дәрігерге де қарала алмадым. Ауылдық кеңеске жағдайымды айтып едім, алдымен туған жеріңізге барып, сол жердің архивінен туу туралы куәлігіңіздің көшірмесін алып келіңіз, сосын жеке куәлік ала аласыз деді. Ал мені құжатсыз ешкім шекарадан өткізбеді. Сөйтіп уақыт өте берді. Жасым елуге келсе де, жиырма жыл отасқан жолдасыммен ажырастым. Себебі күйеуімнің өсіп кеткен ұл-қыздары бір жақтан, өзі бір жақтан балағаттап, ұрып-соғып, маза бермеді. Ақыры ауылдағы жақын абысынымның айтуымен ажырасып, Тараз қаласында тұратын қайын сіңлімнің құрбысының үйін паналадым. Мұнда келіп, құжатсыз жұмысқа қабылдаса, бала қарауға, қария күтуге жалдансам да ақша тапсам деп ойладым. Сөйтіп жүріп, жасы 78-ге келген Талас ауданы, Бостандық ауылының тұрғыны, зейнеткер Сәбит деген кісімен бас қостым» деген еді Сәуле.

Міне, менің Сәулемен көрші болып тұруым да осы кезден басталды. Бұл 2014 жылдың күзі болатын. Басынан өткізген осыншама қиындықтарының бәрін маған көз жасын төге отырып жеткізген бұл келіншекке мен қайтсем де бір жақсылық жасағым келді. Содан бір күні марқұм Бейсен Құранбек жүргізген «Айтуға оңай» бағдарламасына хабарласып, мән-жайды айттық. Ол жақтағылардан «жарайды, осындай жағдайда жүрген бірнеше адам болса, бәрін қосып, бірге шақырамыз. Хабарласып тұрыңыздар» деген жауап алдық. Біз кейіннен 2-3 рет хабарластық, бірақ еш нәтиже шықпады. «Көші-қон» бөліміне барған едік, ол жердегілер «тұрған жерінен анықтама әкеліңдер» деді. Ал оған бару үшін Қырғыз елінің Қазақстандағы елшілігінен Сәуленің шекарадан өтуге болатындығы туралы анықтама қажет болды. Сәулені жетектеп, Алматыдағы Қырғыз елшілігіне бардым. Ондағылар Сәуленің бұрын тұрған мекенжайына хабарласып, онда тұрғаны расталса, пошта арқылы анықтаманы жіберетіндерін айтты. Алайда екі айдан соң елшіліктен хабар келді, «бұл жақта ондай адам ешқашан тұрмаған» депті ондағылар. Сонымен Сәуле Қырғыз еліне өте алмады.

Сол аралықта Сәуленің күйеуі қайтыс болды. Бірақ оның балалары Сәулені сыйдырмай, менің қолыма келді. «Бізбен бірге тұра бер, шалым екеуміздің зейнетақымыз үшеумізге жетеді» деп едім, «жоқ, ұят болады, сіздерге масыл болып қалай отырамын» деп, 40 мың теңгеге бір қарияның үйін тазалап, тамағын жасап, кірін жуып беріп жүрді. Бірақ ол да алаяқ болып шықты, ақысын бермей, «сені танымаймын, еш құжатың жоқ, сен сияқты қаңғыбасқа берер тиыным жоқ» депті. Бұл да Сәулеге қатты соққы болды. Өмір сүргісі келмейтінін айтып жылады. Екі жақтап лайықты жұмыс іздей бастадық. Сөйтіп жүргенде Шу ауданынан әйелі қайтыс болған бір ер адам құжат жасатып беріп, денсаулығын да қарататынын айтып, айттырып, алып кетті. Ол жақтағылар иманды, жақсы адамдар болып жолықты. Жап-жақсы тұрып кеткен еді, бір суықта науқастанып, сол ауырғаннан тұра алмай, 50-ден енді асқан шағында о дүниелік болып кетті.

Осылайша еш бағы ашылмаған бір бейшара жан өмірден өтті де кетті. Іздер, сұрары жоқ, не қырғыз емес, не қазақ емес, ешбір елдің азаматтығын ала алмаған бейкүнә жан беймәлім болып келіп, беймәлім болып кетті. Ал мен басына қойған ескерткішім болсын деген оймен, бұл жан жайлы газет бетіне жариялағым келді…

 

Баршагүл БАЯЛИЕВА,

зейнеткер.

 Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support