- Advertisement -

Тесік шелектің өкініші

244

- Advertisement -

Есте жоқ ескі заманда бір кісі қолына екі шелек алып, иінағашпен өзеннен су тасып жүріпті. Алайда екі шелектің біреуі тесік екен. Бүтін шелек өзіне құйылған суды қожайынның үйіне шашау шығармай, тамшысы төгілмей, түгел жеткізеді-мыс. Жағдайы белгілі тесік шелек толтырып құйылған судың жартысын ғана апаратын көрінеді. Бұл жағдай тұп-тура екі жыл бойы дәл осылай жалғасыпты. Бүтін шелек өзінің қалтқысыз қызметін мақтаныш көрген сайын, тесік шелек байғұс іштей мұңға батыпты. Мұңайғаны сонша, өзін ыңғайсыз, пайдасыз сезінеді екен.

Арада тағы екі жыл өтеді. Бір күні әдеттегідей өзен жағасына барғанда шыдамаған тесік шелек су тасушыға: «Сізден кешірім сұрасам деп едім. Білсеңіз, ылғи алдыңызда ұяттан өртене жаздаймын»,– деп назарын төмен салыпты. Таңғалған су тасушы «Неге? Неден ұялып жүрсіз?» – деп сұрайды. Сонда тесік шелек: «Өйткені менің бір бүйірім тесік. Сондай кемшілігім болғандықтан, ылғи да сіз толтырып құйған судың жартысын ғана жеткізіп, өзіме жүктелген міндетті толық орындай алмай жүрмін. Осы жағдай үшін іштей қатты қысыламын. Менің кесірімнен сіз де өзіңізге тиесілі төлемақыңызды толықтай ала алмай келесіз», деп мұңая баяндапты. Сонда су тасушы тесік шелекті сабырға шақырыпты.

– Оған бола қайғыратын түк те жоқ. Одан да қожайынның үйіне баратын жолдың сен жағындағы гүлдерін бір байқашы, – депті жай ғана.

Тесік шелек байқап көрсе, қожайынның үйіне жеткенше жолдың өзі жағы шындығында жапырағы жайқалған, иісі аңқыған небір әсем гүлдерге толы екен. Тіпті, әлгі гүлдерге қызуы жақсы түсіп тұрған күнді де байқады. Сонда су тасушы:

– Көрдіңіз бе? Бұл – сендегі кемшілікті менің байқағандығым әрі оны өз жөнін тауып, орналастыруымның жемісі. Жолдың сіз жағына әдейілеп гүлдер ектім. Ал сіз болсаңыз, күн сайын біз өзеннен су алып қайтқанда оларды суғарып тұрдыңыз. Екі жылдан бері осы әдемі гүлдерді апарып, қожайынды таңғалдыра, үйінің ішін, дастарқанын жайнатып келдім. Егер сіздің бір бүйіріңіз тесік болмағанда қожайынның үйіне мұндай әдемілік орнамайтын еді. Сол әдеміліктің тікелей себепкері өзіңіз, – деп түсіндіріпті. Сонда тесік шелектің еңсесі көтеріліп, қуанып қалған екен. Ал бүтін шелектің де еңбегі елеулі. Бірақ, оның тәкаппарлыққа салынып, «Сенен артық жұмыс істеп жүрмін» деп мақтануы дұрыс емес. Кімнің қандай еңбек етіп жүргенін айналасы бағалайды. Сол еңбегіне қарай құрметтейді. «Бейнет түбі – зейнет» дегендей, жасаған еңбегің, жақсылығың ешқашан ескерусіз, бағалаусыз қалмайды. Оған алаңдаудың еш қажеті жоқ. Мен мынау жұмысты жапырып істеп қойдым деудің өзі тәкаппарлыққа апарып соқтырады.

Бұл тәмсілден нені байқауға болады? Кез келген уақытта біреуден артықпын, жоғарымын деп кеуде қағуға болмайды екен. Сол өзің төмен санап жүрген адамың сенен гөрі қоғамға көбірек пайда келтіруі мүмкін. Екінші жағы, кез келген қолайсыздықты ебін тапсаң қолайлы жағдайға ауыстыруға болады. Сол секілді кемшілікті де ізденіп, артықшылыққа айналдыруға да мүмкіндік бар. Ең бастысы, кідіріп, тоқтап қалмау, сәтті қадамдардың барынан күдер үзбеу.

Қоғам болған соң сан түрлі тағдыр иелері кездеседі. Өмірде жарымжан, мүгедек, кемтар жандар қаншама? Соларға қолдан келсе көмек беріп жүрсеңіз, өзіңіздің алдыңыздан жақсылықтар шығады. Өзіңізге де жастар құрметпен қарап, Жаратушы мәртебеңізді көтеріп қояды. Адамдар жақсылыққа, молшылыққа қолы жетсе «Береке келді» деп қуанып қалады. Сол береке өзгелерге қайырымдылықты көп жасап, кемшілігі бар адамдарға тіл тигізбей, қолдап, көмектесіп жүргеннен келетінін ұмытпаған жөн.

 

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support