Жаңалықтар

Дәдебайдың тұлпарлары

Дәдебайдың тұлпарлары

Алдымда кітап жатыр. Қалың кітап. Салмағы да баланың білегін талдырады- ау. Өйткені кәдімгідей ауыр. Ал ішіндегі кейіпкерлері, тіпті салмақты. Кіл Еңбек Ерлерінің бейнелері мен ғұмырнамалары. Аты да осал емес. «Қазақстандық Социалистік Еңбек Ерлері». «Қазақстан» баспасынан сонау 1970 жылы шыққан. Ширек ғасыр, әрине, аз емес. Бұл кітапты алғаш рет бала кезімде көргем. Көргенде, ол кезде қалың кітаптағы сөздерді оқу, түсіну қайда, тек қана суреттерін тамашалайтынмын. Көршіміз Әбзелбек деген қария болатын. Әлгі кітаптың шыққаны туралы сүйінші хабар да алдымен сол үйге жетті. Көршінің қуанышы біздің де қуанышымыз, сүйіншісіне тай атамасақ та, қозы беріп, қошуақ көңілмен құттықтап жатыр атам. Сөйтсем, шарбақтың сыртындағы жазыққа қаптап өсетін торғай оты деген барқыттай мамық өскінге есегін арқандап жүретін Әбзелбек атам үлкен мемлекеттік марапаттың иегері екен. Онда да оның орден-медалі емес, атынан ат үркетін Социалистік Еңбек Ері деген ең жоғары атағы. Суретін бірден таныдым. Ақ сақалы желбіреп, жымиыңқырап тұр. Кеудесінде Алтын жұлдыз, ал оның қасынан Ленин ордені көрінеді. Содан альбом ақтарғандай қалың кітаптағы суреттерді бірінен соң бірін тамашалай бердім. Мына қызықты қараңыз, біздің ауылдың барлық шалы осы кітаптың ішінде жүр. Әліпби бойынша айтсам, ең бірінші болып Аманқараев Жаманқара атам тұр. Одан кейін Атшабаров Қартабай атамның суреті бейнеленіпті. Қартабай атамнан кейін Байқонысов Дәдебай атамның суреті тұр, мұрты тұп-тура Буденыйдың мұртындай боп. Сосын жаңа ғана айтқан Бижанов Әбзелбек атам орналасыпты. Әбзелбектен кейін Қасымбеков Орман ақсақал. Орманнан соң Мүсірәлиев Байқошқар. Байқошқардан кейін Ташкентбаев Мұратбек... Осылай кете береді. Санасам аталарымның суреттері қолымдағы он саусағымнан да көп екен. Маған шын, сіздерге өтірік, Амангелді деп аталатын ат төбеліндей ғана ауылымыздың елге еңбектерімен танылып, Еңбек Ері атағын алған аталарымның жалпы саны 12 боп қалады-ау. Ауылымыздың ортасында Амангелді атындағы сегіз жылдық мектеп бар. Соған әлгі Еңбек Ері атанған аталарымыздың бірі Байқонысов Дәдебайдың үлкен ұлы Жанғара жас та болса мұғалім боп жаңадан келіп жатқан. Өзі сымбатты, өзі сыпайы әрі сымдай тартылған ұзын бойлы жігіт. Ақсары жүзі үнемі жайдары. Достары да кіл таланттар: ақын, әнші, көкпаршы... Бір күні құлағымызға «оу, не дейсің, ауылда «Құрманғазы» деген спектакль болады екен» деген хабар жетті. Ал спектакль болатын күні кішкентай ғана ауылдың тайлы-тұяғы қалмай мектептің залына сыймай кеттік. Сахнада – Құрманғазы заманы. Спектакль оқиғасына орай күйшінің «Қайран шешем», «Ертең кетем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан» атты күйлері кезек-кезек күмбірлейді. Жұрт бір-бірімен сыбырласып қана сөйлеседі. – Құрманғазының рөліндегі қай бала болды екен? Иектеріне сақал жапсырып, беттерін гримдеп алған соң, танымайды екенсің? – Жанғара ғой, Дәдебай атамның баласы. – Ә, онда дұрыс таңдапты. Бойы да, ойы да келеді. – Әкесі Дәдебай қалың қылқұйрықты қиқулап жүріп қайырған атақты жылқышы атанып, аулымыздың атын Мәскеуге дейін шығарып еді, мына үлкен ұлы да бір жерден жарып шығайын деп тұр екен аман болса. – Мәскеуге дейін дейсің бе? – Иә, Қартабай мен Дәдебайды «Правда» газетінің Кузнецов деген атақты тілшісінің өзі көлдей ғып тұрып мақтап жазған жоқ па? – Ә, ол бар екен ғой. Айтқаның келсін, жастардың өскені жақсы да. Сол жолы мен де әдебиетші ұстазымды жаңа бір қырынан танып, қалайда ұқсап баққым келген. Ал ауыл көрермендерінің «мына үлкен ұлы да бір жерден жарып шығайын деп тұр екен аман болса» деген сыбыр-күбірі періштенің құлағына шалынып, Жанғара ағамыз Жамбыл педагогикалық училищесінің білімін қанағат қылмай, сол жаз Алматыға аттанып, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті.

***

Қалың кітапты бала кезде оқи алмасам, қазір оқымақ тұрмақ, қатесін де шығара алатын дәрежеге жеттім. Бірақ кіл ығай мен сығай редакция алқасы болған кітаптан қате табасың ба? Әрине, таппайсың. Тек сол кездегі сөздердің кейбірі жаңаша жазыла бастағаны болмаса, бәрі дұрыс. Сондықтан Дәдебай атамның қалың кітаптағы суретінің қасына жазылған өмірбаянын қаз-қалпында, сол кезде не жазылса сол күйі беруді жөн көріп отырмын. Айтпақшы, Әбзелбек атамның суретіне үңілгенім сияқты, Дәдебай атамның да суретіне сүйсіне қарадым. Бір қарағанда жылқышы деп айтпайсың. Шашы да, сақал-мұрты да сәнмен қиылған. Үстіндегі китель пішіндес киімі де олпы-солпы емес, денемен дене, иықпен иық боп, жарасып тұр. Кительдің өңіріндегі Еңбек Ері атағына берілетін Алтын жұлдыз да үйлесе қалған. Дәл осы күйінде колхоз төрағасы немесе аудан басшысы десе де болғандай. Бірақ Дәдебай атамның жылқышы болғанын, Қартабаев Атшабар атам екеуінің екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан даласындағы әскерлердің қажетіне деп үйір-үйір жылқыларды өз қолдарымен аттандырғанын да бала кезден естіп өстім ғой. Сол естіген сөздерім мына кітапта нақты деректермен тайға таңба басқандай жазулы тұр. «Дәдебай Байқонысов 1888 жылы Жамбыл облысы Талас ауданының қазіргі «Ойық» совхозында кедей шаруа отбасында туған. Ұлты – қазақ. Коллективизацияға дейін мал бағумен айналысты. 1930 жылы Елтай атындағы ауыл шаруашылық артеліне мүше болып кірді. 1938-1954 жылдары сол колхозда (кейін Амангелді атындағы колхоз) жылқышы болды. 1954 жылдан бастап ат бағушы, соңынан «Ойық» совхозының 3-фермасында жұмысшы болып істеді. Дәдебай Байқонысов өзінің бар өмірін ауыл шаруашылығына, оның басым көпшілігін мал шаруашылығына арнады. Жасампаз еңбек үстінде жылдар өтіп жатты. Колхоз да нығая түсті. Сонымен бірге колхозшылардың әл- ауқаты да арта берді. Ауыл шаруашылық артелінің басқармасы жылқыны көбейту жөнінде шешімге келгенде Байқонысов жылқышы болып тағайындалды. Осы кезде ол қызу еңбек етті. Бұл кезде колхоздың азын-аулақ жылқысының күтімі өте нашар еді, өлім-жітімге жылқы, әсіресе құлын, тайлар жиі ұшырап тұратын. Фермаға келе сала Д. Байқонысов мал күтімін және табиғи жайылымдарды дұрыс пайдалану мәселелеріне айрықша назар аударды. Жайылымдар рет- ретімен пайдаланылды, жылдың әр кезеңінде оның оты мен суаты ескерілді. Жылқыны кешкілікте және түнде жаю әдісі кеңінен қолданылды. Жылқышы мал қыстатуға мұқият әзірленетін. Оның бастамасы бойынша алыстағы жайылымда жылқы қорасы салынды, жыл сайын онда мал азығының сақтық қоры жасалды. Қыста шалғайдағы жайылымға семіз жылқыларды ғана апарып, әлсіздерін ат қораларда ұстады, қосымша жем беріп бақты. Жайылымдарды білгірлікпен пайдалану, жылқыны бағу әдістерін үнемі жетілдіру және жақсарта берудің нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге ие бола берді: биелерінің қысыр қалуы, мал арасындағы өлім-жітім толық жойылды. Д.Байқонысов, әсіресе 1947 жылы үздік табысқа жетті: жылқыны табында бағудың өзінде 50 биеден 50 құлын алып, олардың бәрін аман сақтады. СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1948 жылғы 23 июльдегі Указымен Дәдебай Байқонысовқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді».

***

Жақында Қаратау қаласына жолым түсіп, аудан архивіне соқтым да, сарғайып кеткен қағаздардың арасынан ауылымның кешегі тарихын іздедім. Шаруашылық кітабында бұрынғы ауыл адамдарының отбасы мүшелері жазулы тұр. Таныс аты- жөндерді көріп, көңілім босап, жүрегім елжіреп кетті. Аталарымның көбісі сонау 1880 жылдарың аяғына таман өмірге келген. Сондықтан біздің есіміз кіре бастаған 1970 жылдары бірен-сараны болмаса, көбісі дүниеден өтіп кеткен болатын. Архивтегі Амангелді колхозының шаруашылық кітабынан 1951 жылы колхоз төрағасы Құрманбекова Сәрсенкүл апамыз, ал тексеру комиссиясының төрағасы Әуесхан Қайырбеков көкеміз болғанын білдім. Бұдан басқа назарымды аударған бір дерек, сол кездің өзінде Амангелді колхозында 1706 жылқы болыпты. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, соғыстың қажетіне деп ауылдан жыл сайын үйір-үйір жылқы жөнелткен аталарымыз соғыстан кейін де құрықтарын ұстап құр қол қалмай, үйір- үйір жылқы өсіріпті. Ал сол тұста көрші Бостандықта – 644, Ждановта – 545 жылқы болған екен. Осы дерек пен дәйектің өзі Қартабай мен Дәдебай бастаған жылқышы аталарымыздың қандай еңбекқор, қандай малсақ жандар болғандарынан хабар беріп тұрғандай.

***

Жанғара ағамыз Алматыға сол кеткеннен мол кетті. Оқуын бітірді, үйленді, аспирантураға түсті, одан ары қарай кандидаттығын, докторлығын қорғады. Академик Зейнолла Қабдоловтай ұлы ұстаздың шәкірті болып, ақылын тыңдап, батасын алды. Зерттеу еңбектерінің ең басты тақырыбы – Мұхтар Әуезовтің шығармашылық шеберханасы болды. «Қазіргі қазақ тарихи прозасының дамуындағы М. Әуезов дәстүрі» атты оқу құралы мен «Мұхтар Әуезов» монографиясы жарық көрді. Бұларда ұлы суреткердің шығармашылық шеберханасы мен жазушылық шеберлігі бірнеше арнада пайымдалған. Әуезовтен басқа да ғылыми зерттеулер, монографиялар, белгілі ақын-жазушылардың кітаптарына рецензиялар, кеңес өкіметі кезінде жазыла бермейтін ел мен жерге, Әулиеата мен Тараз шаһарларының тарихына, бұрынғы өткен батырлар мен билерге, Бөлтіріктей шешендерге қатысты зерттеулер, мақалалар, кітаптар шығарды. Әлі есімде, Жанғара көкемдей болам деп Алматыдағы ҚазМУ-ге мен де құжат тапсырғам. Бас корпусымызға жаяу баруға жақын деп Калинин көшесіндегі бір орыстың үйінен пәтер де жалдап алғам. Қызық болғанда, Жанғара ағайымның жалдап жүрген пәтері де осы көшенің бас жағында, Көктөбенің етегіндегі биік- биік дөңестердің бірінің үстінде екен. Арқабай ағаны іздеп барған кезімде жоғарыдағы үйлерге терең сайдан тепкішекпен көтерілгенімді әлі күнге дейін ұмытпаймын. Айтайын дегенім, кейде орыстың үйінің көк қақпасынан шыға бере Жанғара көкеммен соқтығысып қала жаздайтынмын. – Қайда барсың? – дейді көкем өзіне тән жұмсақ үнмен жәйлап қана. – Корпусқа, хабарландыруларды көрейін деп ем, – деймін күмілжіп. Күмілжитінім, орыстың үйіндегі темірлері сықырлаған төсекте жата-жата жамбасым талып, көшеге шығып, бой жазып, кітап дүкендерін аралап дегендей, бұйыртса бір жерден ыстық тамақ ішіп, балмұздақ жеп, газды сусын ішіп қайту еді ойым. – Хабарландыруда сен қарайтындай ештеңе жоқ, бекерге қыдыра бермей, емтихандарыңа дайындал, – дейді де көкем өте береді. Жанғара көкемнің сөзі мен үшін заң, содан бастап Калинин көшесіндегі орыстың қақпасынан абайлап, жан-жағыма сығалап қарап алып барып шығатын болдым. Өйткені көкеммен тағы «соқтығысып» қалсам, «мынау оқуға емес, қыдыруға келген жеңілтек біреу екен ғой» деп ойлап қалуы мүмкін ғой деген ойдан зәре-құтым қалмайды. Дәдебай атамның Жанғарадан кейінгі ұлы Арқабай да ҚазМУ-дың филология факультетіне құжат тапсырған. Менен біраз жас үлкендігі бар. Әскерге барып келген, құрылыста да жұмыс істеген. Ол кезде оқуға түсу үшін еңбек өтілі де зор рөл атқаратын. Жамбыл мен Алматы қалаларында менен бұрын жүріп-тұрғандықтан қала өмірінен де тәжірибесі жеткілікті. Шығармадан болатын емтиханға сол Арқабай көкем екеуміз бірге бардық. Ұмытпасам, бұрынғы «Целиный» кинотеатрының қасындағы бір оқу орнының ғимаратында өтті шығарма жазу сынағы. Бірақ аудиторияға кірмес бұрын Арқабай көкем: – Жүр, бір күріжкеден сыра ішіп алайық, – деп сол жердегі сыраханаға бастады. Ағаға қарсы сөйлеуге болмайды, үнсіз ілесе бердім. Бірақ ішімнен «шығарма жазудан сынақ тапсырайын деп тұрып та сыра ішуге бола ма екен?» деген оймен алысып, іштей таңғалып келем. Бір құтының соңы, қызды-қыздымен, бірнеше құтыға ұласып кетсе, шығарма да, сынақ та жайына қалып, масқара боламыз ғой деп те қоям ішімнен. Бірақ Арқабай көкем бір сөзді, темірдей тәртіптің адамы. Бір құтыға қанағаттанбай ернімді жалап, ішімдегі жалаңдай бастаған жыланның сиқырына еліткен тәбетімді қабағымен тежеді де, шығарма жазатын жерге дедектетіп ертіп келді. Конверт ашылып, тақырып оқылды. Мен қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтің шығармаларындағы ана бейнесін таңдадым. Білгенімді сүйкектетіп жазып жатырмын. Оқуға келгенше аудандық газеттің «штаттан тыс тілшісі» болғанымның да біраз көмегі тиді. Жанғара көкемнің рецензияларын да оқып тұратынмын. Ол да сеп болды. Бір жерінде «қалам тербеді» деп жазып жіберіппін. Арқабай көкем қасымда басқа тақырыпқа шығарма жазып отырған, әлгі сөзге көзі түсіп, күліп жіберді. Қызарақтап қалдым. Өйткені талай рецензиялардан «қалам тербеді» деген жаттанды сөзді көп оқығам ғой. Соны айтып ақталдым кеп әлгі жерде. Сол Арқабай көкем сол жылы филология факультетіне, ал мен журналистика факультетіне оқуға түстік. Арекеңнің бағына орай сол 1977 жылы ҚазМУ-дан жаңадан шығыстану кафедрасы ашылып, араб тілі арнайы сабақ ретінде оқытыла бастады. Оны белгілі ғалым Әбсаттар Дербісәлі басқарды. Арқабай аға кейін осы араб тілінің мықты маманы болып шықты. 1992 жылы «Рауан» баспасынан «Арабша-қазақша сөздік» деген кітап шығарды. Триполи (Ливан) қаласында «Араб ғұламалары» атты сериямен жарық көрген көптомдықтың 14-кітабы «Әбу Насыр әл-Фараби» деп аталады екен, сондағы ұлы жерлесіміздің өмірі мен шығармашылығына арналған еңбекті қазақша сөйлетіп, «Азия» газетінің 10,11,12,13 және 14 нөмірлеріне жариялады.

***

Дәдебай атамыз майданға аттандырып салған үйір-үйір жылқыларының әрқайсысын өзінің бауыр еті баласындай жақсы көрді. Құлын кезінен құраулап өсірген жылқылары жанына жақын боп кеткені сонша, соғысқа өз кіндігінен тараған ұлдарын аттандырып тұрған ата-аналардай жаны күйзелетін. Оны қасындағы жары Шымбикеге де білдірмейді. Көмекші орнына көмекші болып, атқа мініп, түнгі жайылымға да шыға беретін анамыз да қазақтың нағыз шабандоз қыздарының бірі еді. Бір жолы құлын кезінен соңынан еріп, еркелеп өскен тұлпарын соғыстағы жауынгерлерге мініс көлік ретінде жіберудің де кезегі келді. Осы уақытқа дейін басқаларынан бөліп алып қалып жүрген. Енді шегінерге жол жоқ. Қанша жерден қимаса да, құйрық-жалын түйіп, майданға жіберуі керек. Жалынан сипап, мойнынан құшақтап, жәудіреген жанарына көзін қадап көп тұрды Дәкең. Тұрды да төс қалтасынан қаламын алды. Жазуы ескіше еді, «Майдандағы бауырларға» деп басталған хатын асығыс аяқтап, онысын су өтпейтін жылтыр кленкамен шылымша орап, аттың кекілінің астына жасырып, тас қып байлап тастады. «Егер ескіше хат танитын бір қазақтың қолына тап келсе, тұлпарымды жүдетпес, жем-судан тарықтырмас, баласындай аялап күтер, ал өліп кетсе сүйегін ит-құсқа қор қылмай көміп кетер» деген жүректі жылатқан уайым да баяғы. 1948 жылы Амангелді ауылына аспаннан жұлдыз жауғандай Социалистік Еңбек Ерлері қаптап шыққан тұста Алматыдан жазушы Әлжаппар Әбішев келеді. Ол – Әлекеңнің ағылшындарға жалданған шахтерлер өмірінен жазылған «Завал» («Кедергі», «Үйінді» деп аударуға болады – К.С.) деген повесі Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов тарапынан жоғары бағаланып, дәурені жүріп тұрған кезі еді. Амангелдіге келгендегі мақсаты – Қартабай мен оның Дәдебай бастаған жылқышы ағайындары туралы үлкен хикая жазбақ. Ол сол жолы Талас ауданының даласы мен құмын армансыз аралап, еңбек майданының ерлерімен әбден әңгімелеседі. Мына үзінді сол хикаяның сезімді селт еткізер бір сәті. «Малын отарлап бағатын облыстардың алдында тұрған асқар белдің бірі сол шөл даланы жайнату екенін ойлап, келешектің өзіме артар жүгін салмақтап келе жатыр едім, қиыс алға таман кетіп бара жатқан Қартекеңнің астындағы көк айғырдың жүрісі, өзімнің Берлин түбінде немістердің снаряды түсіп өлген дәл осындай көк тұлпарымды есіме түсірді. Есіме сол ат түсіп еді, оны майданға жіберген Дарабай дейтін білгісіз біреу қоса түсті» дейді жазушы. Жазушының айтқысы келгені, 1944 жылы Шығыс Пруссияның шекарасынан кірген күні атшысы көк тұлпардың кекілінің түбінен қаламның сабындай жіңішке қағазды тауып алып, жазушы-жауынгерге береді. Бірақ алғашқы сөздерінен басқасы өшіп қалғандықтан ат иесінің мекенжайын білмейді. «– Қария, сіздің мына айғырыңыз менің майданда өлген бір тұлпарыма қатты ұқсайды екен. – Е, шырағым, бұған ұқсас талай тұлпар кетті ғой. Мен бір ғана осының үйірінен он жеті тұлпар жібердім. Майданда өлген атым сол он жетінің бірі деген сеніммен: – Сіз Дарабай дейтін кісіні білесіз бе? – дедім. – Жоқ, ол кім еді? – Кім екенін өзім де білмеймін. Әйтеуір, маған осындай бір жақсы ат жіберген Дарабай дейтін қазақтың барын білемін». Жазушы әңгімесінің қызығын шығармасының соңына, Қартабайдың інісі атақты жылқышы Дәдебаймен кездескен жеріне сақтапты. Онысын да оқиық. «– Ақсақал, ағат болса айып етпеңіз, менің сізден сұрайтын бір қолқам болып тұр, – дедім. – Сұра, шырағым, оның түк ағаттығы жоқ, айта бер. Мына қасқырды өзім де қанжығаңа байлағалы тұрмын, басқа қолқаңды айта бер. – Жоқ, көрмегенім қасқыр болсын, – дедім де, төс қалтамнан манағы қағазды, жан қалтамнан фонарымды алдым да, – менің қолқам мынау-ақ, сіз мына қағазды танисыз ба? – дедім. Ол қағазды қолына алып үңіле бастады, мен фонардың сәулесін жартысы өшкен жазудың үстіне түсірдім. Ол маған таңдана қарады, мен сол қарастан үміттене түстім. – Бұл қайдан келген қағаз? – деді де, ол өз көзіне өзі сенбегендей қайта үңілді. Ат үстінде асығып Қартекең тұр. Оның шыдамсызданып тұрғанын сезсем де кете алмай мен тұрмын. Дәдебай біресе қағазға үңіледі, біресе терең ойланып далаға қарайды. Әлі үн жоқ. – Ей, – деді, – шыдамы таусылған Қартекең, – ана жылғы майданға жіберілген аттардың жалына, не кекіліне осындай қағаз байлап па едің, соны айтшы өзің? – Иә, иә, есіме жаңа түсті. Бауырым- ау, сен мұны қайдан алдың? Әлде сен де майданда болып па едің? Мен жауап қатқанша болған жоқ, Қартекеңнің зілді үні шықты. – Тоқта! Сен оны менен не үшін жасырдың? Алдымен соны айтшы? – Кешіріңіз қария, ол кезде сіз... – дей беріп еді, Қартекеңнің «кешпеймін» деген үні гүр ете түсті. Ол соны айтты да жүріп кетті. Мен Дәдебай қарттың құшағына кірдім». Ал Дәдебай атамыздың есімі аманат хатта «Дарабай» боп жүруі асығыста кеткен қатенің бірі екенін жазушы сол кезде түсінеді. Кітапта Шымбиеке анамыздың бейнесі де шынайы шыққан. Оны жазушы былай суреттепті. «Қартекең басқаратын ферманың бар жылқысы осы жерде екен. Оның бергі шетінде бөлек жатқан Дәдебай қарттың жылқысы. Қылшығына шаң жұқпастай болып семірген жылқылар майдан жүре алмай ірк-ірк етіп құбылаға қарай беттеп барады. Желге қарсы жүре жайылған кейбір жылқылардың алдын кес-кестеп, кейде кейін серпіп тастап бір әйел жүр. – Көрдіңіз бе, біздің жеңгейлер бұрынғының желекті найза ұстаған батыры, бүгінгінің маманы. Олар жүз жылқының бір түнде неше гектар жердің шөбін жейтініне дейін біледі. Бірақ мұндағылардың бәрі де Қартекеңнен тәлім алған, бәрі де қазір еңбекке тоймайды. Соның бірі дәл осы жеңгей. Жоқ, мен шын айтып келемін. Өткен жаздыгүні осыларға келіп алдағы жылдан бастап колхоз шаруашылығын қалай электрлендіру жайында баяндама жасап тұр едім, осы жеңгей ұшып түре келіп: «Біз сиыршылардан кембіз бе, олар сиырды электрмен сауғанда біз биені неге электрмен саумаймыз? Біз егіншілерден кембіз бе, олардың үйіне берілетін электр біздің киіз үйге неге берілмейді» демесі бар емес пе? Бізге қарай басында түбіт шәлі, үстінде қара пүліш пальтосы бар, жаңағы жылқышы әйел келе жатты. – Бұл кімнің әйелі? – Сол Дәдебайдың әйелі. Дәкең Қартекеңнен он жылдан бері үйренгенін жеңгейге он айда-ақ үйретті. Нағашыбектің соңғы сөзін жеңгей алыста келе жатса да естіп қалған екен. Жарқын жүзі жайдары адам екенін алыстан көрсетіп, алыстан дауыстап: – Нағаш-ау, Дәдеңді дәріптей бермесейші, үйретуден емес, үйренуден ғой, – деді ол күлімсіреп».

***

Талас ауданындағы «жылқы зауытына» айналған баяғы Амангелді колхозы бүгінде Қартекеңнің баласы Тамабектің атымен аталады. Майдандағы жауынгерлерді де, тылдағы еңбеккерлерді де жал-құйрығы төгілген тұлпарлармен қамтамасыз еткен шабандоз әрі қашқан аңдарды қасқыры болсын, қабаны болсын қара үздірмеген кәнігі аңшы Дәдебай Байқонысовтың атын алысқа шығаратын тұлпарлары әлі де бар. Олар – белгілі әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, республика ғылым академиясының академигі Жанғара Дәдебаев пен араб тілінің майталман маманы Арқабай Дәдебаев ағаларымыз. Олардың артынан ерген ұлдары Жанғали мен Дулат және Айбек пен Айдын. Олар да ел дегенде жүрегі елжіреп тұрып еңбек ететін мемлекеттік қызмет деген бәйгенің жүйріктерінің бірі. Ал келесі жылы Еңбек Ері Дәдебай Байқонысов атамыздың туғанына 135 жыл толады.

 

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Талас ауданы.