Инвестицияның игілігін ел көреді

37

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз жағымды инвестициялық ахуалды сақтауға мүдделіміз. Осы ретте Жамбыл облысы 2025 жылға дейін мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтитын бірқатар іргелі инвестициялық жобаларды қолға алып отыр.

Ағымдағы жылы өңірде құны 89 миллиард теңгені құрайтын 16 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның алтауы нақтылы уақытта жұмыс жасап тұрса, қалған 10-ы жыл аяғына дейін іске қосылмақ. Соның ішінде биыл 3,5 миллиард теңге инвестиция бөлінген «Alina Group» компаниясы гипстің құрғақ түрінен бастап, заманауи бөлмеаралық дайын қабырғаларға дейін өндіруде.

Ағымдағы жылдың тамыз айында жұмысын бастаған зауыттың жабдықтары 30 жылдан астам гипс өнеркәсібі үшін өндірістік желілерді әзірлеумен айналысып келе жатқан француздық «Alphaplatre» компаниясынан сатып алынған. Шикізатты өндіруден бастап дайын өнімдерді жеткізуге дейінгі технологиялық сатылардан тұратын Орталық Азиядағы алғашқы заманауи автоматтандырылған өндіріс ошағы қазір 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

– Бұл Қазақстан үшін құрылыстың жаңа технологиясы, ол үй-жайлар ішіндегі арақабырғалар үшін қолданылатын дәстүрлі материалдарды алмастырады. «Қазақстандық ТОТ өндірісін іске қосу арқылы біз AlinEX ұсынған жоғары сапалы кәсіби шешімдерді енгізу дәстүрін жалғастырғымыз келеді. 1990 жылдардың соңында AlinEX «еурожөндеу» ұғымын әрбір қазақстандыққа қолжетімді еткен болса, бүгін біз құрылыс саласына жаңа мәдениетті белсенді түрде енгізуді бастаймыз. Алдағы екі жылда Тараз Қазақстанның оңтүстігін және көршілес Орталық Азия елдерін, атап айтқанда Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерін кәсіби құрылыс-әрлеу материалдарымен қамтамасыз ететін тағы бір үлкен заманауи алаңға айналады деп жоспарлап отырмыз, – дейді «Alina Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық филиалының директоры Алексей Подольский.

Өндіріс ошағындағы жұмысшылар құрамы толықтай жергілікті азаматтар. Олар ел экономикасының іргетасын қалайтын құрылыс саласы бойынша жаңа зауытта жан аямай еңбек етуде.

«Жаңа зауыт жылына 380 мың шаршыметр өнім шығаруға қабілетті. Жергілікті қала тұрғындарына өте қолайлы зауыт болды. Осы жерде биылдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Әлі де жұмыс істейміз деген ойдамыз. Айлығы жақсы, уақтылы береді», дейді зауыттың ауысым шебері Олжас Шатаев.

«Alina Group» – еліміздегі тіл-ойық тақталарының жалғыз өндірушісі болып табылады. Басшыларының айтуынша, жақын арада зауыт өнімдерін Алматы, Шымкент, Талдықорған және Астана қалаларының құрылыс базарлары мен орталықтарынан сатып алуға болады. Облыста дәл осы тақылеттес басқа да ірі жобалар іске аспақ.

– 2025 жылға дейін 75 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, өндіріске енгізу, сол арқылы 8 800 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жалпы бұл инвестициялық жобалардың құны 2,1 триллион теңгені құрайды. Осының негізінде жыл сайын 300 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, оның 40 пайызы экспортқа бағытталатын болады. Салық түсімінің 60 пайызын қамтымақ. Бұл негізінен металл конструкциялары, минералды тыңайтқыш өндірісі, медициналық бұйымдар, азық-түлік өнімдері, тағы басқа күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажет өнімдер болып табылады. Олардың орындалуы күнделікті бақылауда тұрады, – дейді облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бейбітбек Жайлыбаев.

Жуырда ғана Санкт-Петербург қаласына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған жамбылдық делегациясы BRIEF 22 Балтық аймақтық инвестициялық форумына қатысып қайтқаны белгілі.

«Біздің облыс Германия, Түркия, Сингапур, Қытай, Үндістан, Франция, Оңтүстік Корея, Жапонияның ірі трансұлттық компанияларымен ұзақ мерзімді серіктестіктің бірегей тәжірибесіне ие. Ресейлік кәсіпкерлердің қатысуымен үш ірі жоба жүзеге асуда. Олар: «Уралвтормет», «Еврохим», «АЭК АСА» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Өңіріміз табиғи және еңбек ресурстарына бай, әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылған еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Облыс аумағында түсті металдар, барит, көмір, қаптау, сәндік-техникалық тастар, құрылыс материалдарының қоры ауқымды. Қысқаша айтқанда, облыстың түрлі саладағы жобаларды дамытуға әлеуеті зор», деген болатын облыс басшысы форумдағы сөзінде. Қазіргі таңда аталған бағыттар бойынша өңірде өміршең жобалар қолға алынуда.

Осылайша аймақта жыл соңына дейін мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. «Бизнеске арналған үкімет» алаңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен апта сайын инвесторларды қолдауға бағытталған кездесулер өткізілуде. Арнайы құрылған инвестициялық штаб отырыстарында құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 41 жобаның өміршеңдігі мен тиімділігі жан-жақты талқылануда. Олардың 18-і бұрын-соңды облыс аумағында іске аспаған жаңа жобалар.

 

 Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.