Денсаулық

Жұртты таңдандырған жаңа өнім

Жұртты таңдандырған жаңа өнім

Кәсіпкерлікке ден қойған жастар бүгінгі таңда күн санап көбейіп келеді. Олардың қатарында жамбылдық жас өрен Тимур Исмазов та бар. Оның ұлты – дүнген. Тимурдың бастаған кәсібі бізді де таң-тамаша қалдырды. Ол жер жаңғағынан «Табиғи жержаңғақ пастасы» өнімін шығаруды қолға алыпты.

 width=

«Бұл өнім Қазақстанда шығарылмайды. Ал дамыған елдерде бұл «Табиғи жержаңғақ пастасы» мектеп оқушыларының ас мәзіріне енген. Ол баланың ми қызметін, қан айналымын, іш құрылысы, бүйрек пен бауыр жұмысын жақсартады. Холестеринді төмендетуге, қант диабеті және қан қысымы ауруларының алдын алуға көмектеседі. Сондықтан да мүмкін мұны алдағы уақытта балабақша мен мектеп оқушыларының ас мәзіріне де енгізу керек шығар», – дейді кәсіпкер. Тимурдың айтуынша, жержаңғақ пастасын американдықтар екінші нан ретінде, күнделікті тұрмыста тағам ретінде де пайдаланады. Оған шет мемлекеттерде сұраныс жоғары. Ал бізде «Бұл не нәрсе?» деп түсініспеушілікпен қарайды екен. Біз кәсіпкердің өндіріс цехында болып, жержаңғақ пастасының дайындалу барысымен таныстық. Жержаңғақ алдымен арнайы құрылғыда қуырылып, одан кейін қабығынан ажыратылып, соңында ұнтақтағыш аппаратқа түсіп, өз бойынан шыққан маймен қоймалжың болып шығады. Осыдан кейін оған қант пен бал араластырылып, арнайы пластик құтыларға құйылады. Жұмыс процесі автоматтандырылған. Құрал-жабдықтары да қарапайым, шағын бірнеше станоктан тұрады. Жұмысы қарапайым болғанымен, ұқыптылық пен тазалықты талап етеді. Кәсіпкер жержаңғақты «Ауыл-Береке» базарынан көтерме бағамен сатып алуда. Ал түрлі мөлшердегі пластик құтыларды тиімді болғандықтан Өзбекстаннан алдыртса, «Табиғи жержаңғақ пастасы» деп жазылған жапсырма қағазын баспа орталықтарынан тапсырыспен шығартуда. «Сіздер менен неге кәсіптің тағамдану түрін таңдадыңыз деп сұрауларыңыз мүмкін. Мұны таңдаған себебім, өздеріңіз жақсы білесіздер, еліміз екі жыл індетпен күресті. Халық осы кезде абдырап қалды, өйткені адам иммунитетін көтеретін қандай тағам тұтынарын білмеді. Дұрыс тамақтанбау салдарынан біраз азамат ауруға қарсы тұра алмады. Ал жаңғақ пастасының адам денсаулығына тигізер көмегі көп. Мен біраз американдық кәсіпкерлермен жұмыс істеген едім. Олар осы кәсіп түрін ашуыма өз кеңестерін айтты. Істі бастауым үшін алғаш өз құрал-жабдықтарын да беріп, жұмыс барысын түсіндірді. Кейіннен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының қолдауымен арнайы конкурстарға қатысып, 5 миллион теңге несие рәсімдеп, жаңа құрал-жабдықтарды Қытай мемлекетінен сатып алдым. Қазір цехтан шыққан өнімді Тараз бен Алматы қаласына жөнелтіп, өткерудеміз», дейді Тимур. Сұраныс болса, кәсіпкер цехта сағатына 100 килограмға дейін өнім шығаруға дайын екенін айтты. Бұдан былай кәсіпкер жержаңғақты Өзбекстаннан алдыртпақ. Өйткені ондағы жержаңғақтың бір килограмы 100-150 теңге тұрса, бізде ол 300-400 теңгеден өткерілуде екен. «Жержаңғақты бізде де өсіруге болады. Егер шаруалар оған қызығушылық танытса, келісімшартпен жұмыс істеуге біз дайынбыз», дейді кәсіпкер. Қазіргі таңда Тимурдың өнімі негізінен Тараз қаласындағы «Smart», «Нұрислам» және басқа да дүкендер желісінде саудалап келеді.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы.