Есептескен дос болмайды
Есептескен дос болмайды
Еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында сүбелі үлес қосып отырған «Жамбыл облыстық «Коре» кәрістер қауымдастығы» этномәдени бірлестігі апта аралығында 25 жылдық торқалы тойын атап өтті. Міне, осынау мерекелік датаға байланысты облыстық драма театрында өткен салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, Қазақстан кәрістері ассоциациясының президенті, Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Роман Ким, «Жамбыл облыстық «Коре» кәрістер қауымдастығы» этномәдени бірлестігінің президенті, «Сенім» Жамбыл баспа орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Лаврентий Кан, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Кенжебек Олжабай және республиканың өзге өңірлерінен келген кәріс қауымдастықтарының жетекшілері сөз алып, кәріс ұлты өкілдерінің облыстың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы салаларының әлеуетін көтеруге, ғылымы мен мәдениетін дамытып-өркендетуге белсене атсалысып отырғандығын, республикамыздың қолданыстағы заңнамасы негізінде Қазақстанды мекендейтін өзге ұлттар және ұлыстармен тең тұрғыда тілін, салт-дәстүр үрдістерін жандандыруға мүмкіндік алғандығын, нақтылы кезеңде облыста үш жалпы білім беретін мектепте, екі балалар бақшасында корей тілін оқып-үйренуге арналған факультативті сабақтардың жүретіндігін тілге тиек етіп, облыстық «Коре» кәрістер қауымдастығы» этномәдени бірлестігі мүшелерін мерейлі мерекелерімен құттықтады. Аумақтағы саяси тұрақтылықтың сақталуына, рухани келісімнің орнығуына және кәріс ұлтының салт-дәстүр үрдістерін қайта жаңғыртуға қоғамдық негізде үлес қосып жүрген қауымдастық белсенділері Қазақстан халқы Ассамблеясының, облыс әкімінің және Қазақстан кәрістері ассоциациясының, «Жамбыл облыстық «Коре» кәрістер қауымдастығы» этномәдени бірлестігінің Құрмет грамоталары және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мерекелік іс-шара барысында облыста құрылған, кәріс этносының этно-фольклорлық өнерін насихаттауға арналған облыстық және республикалық фестивальдардың Гран-при жүлдесін әлденеше рет жеңіп алған, Корей халықтық-демократиялық республикасының астанасы Пхеньян қаласында өткен халықаралық фестивальдың дипломанты «Ариран» би ансамблі мен «Самульнори» аспаптар тобы, жас таэквондошы спортшылар өнер көрсетіп, көрермендер көзайымына айналды.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Суретті түсірген Михаил ТЕ.