- Advertisement -

Президенттің Қарағанды облысы жұртшылығымен кездесті

34

- Advertisement -

Президент:

Қарағанды табиғи байлығымен ғана қазыналы деп аталмағаны анық. Сарыарқаның дәл жүрегінде орналасқан аймақтың рухани қазынасы да орасан зор.

Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғалары шыққан. Қарағанды өңірі – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер.

Облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінде өңдеу секторының үлесі 80 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша аймақ көш бастап тұр.

Сондай-ақ осы бағытты одан әрі дамыту үшін облыстың мүмкіндігі мол. Биылғы шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу саласындағы инвестициялық жобалардың пулын жасақтау жұмыстарына баса мән беру қажеттігі туралы айттым.

Күрделі геосаяси ахуалға және әлемдік экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты отандық экономиканы әртараптандырудың маңызы одан әрі арта түседі.

Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық.

Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын.

Сонымен бірге, «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек.

Сондай-ақ, «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет.

Қарағанды – еліміздегі урбанизация деңгейі ең жоғары облыс. Өңір халқының 80 пайызы қалада тұрады. Мұндағы өндірістің едәуір бөлігі 5 моноқаланың еншісінде. Облыс тұрғындарының 40 пайызы осында қоныстанған.

Қала халқының тіршілігі ондағы ірі кәсіпорындарға тәуелді екені жасырын емес. Шағын қалалардан халық көшіп жатыр. Бұл – өзекті мәселе.

Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек.

Экономиканы әртараптандыру ісінде Балқаш өзгелерге үлгі бола алады. Мұнда ірі өнеркәсіп орындарымен қатар туризм саласын өркендетуге зор мүмкіндік бар.

Шағын қалалардағы тағы бір мәселе – инженерлік инфрақұрылымның әбден тозуы. Бұл мәселенің шешімін табу үшін қомақты қаражат керек. Үкімет моноқалалардың коммуналдық желілерін жөндеуге жұмсалатын қаржы көлемін арттыруы қажет.

Себебі, біздің азаматтарымыз қай қаланың тұрғыны болса да, таза, жасыл желекке толы, бақуатты, гүлденген ортада өмір сүруі керек. Оны қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті.

Аймақта жеңілдетілген ипотека бағдарламасы бар. Жастар бастапқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызын салып, 19 жылға ипотекалық несие алуына болады. Жылына 5 пайыздық өсіммен 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл ипотеканы мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері, журналистер және жоғары оқу орындарының оқытушылары ала алады. Биыл 75 несие берілген.

Енді бағдарламаның бюджетін көбейтіп, жеңілдетілген несиенің санын арттыра түсу қажет. Бұл – жергілікті жас отбасыларды, жас мамандарды қолдауға арналған тиімді әдіс. Олар басқа аймақтарға көшпей, туған жерінде еңбек етуге жақсы мүмкіндік алады. Мұндай тәсілді өзге облыстар да қолдануы керек.

Экология проблемасынан бөлек облыстың өндірістік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді. Қарағанды сияқты индустриясы дамыған облыс үшін бұл – маңызды мәселе.

Мысалы, тек 2022 жылы «АрселорМитталТеміртау» АҚ объектілерінде жұмысшылар қаза тапқан бірнеше оқиға тіркелді. Ірі компаниялар өндірісті жаңғыртуға әрдайым инвестиция құюы керек.

Уәкілетті органдар өндірістік апаттардың көбейгені үшін кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтетін жүйелі шаралар қабылдауы қажет.

Мемлекет елімізде жұмыс істейтін барлық ірі өндіруші компаниялардың қызметін өте жіті бақылайды. Біз капиталды шетелге заңсыз шығаруға жол бермейміз. Олардың түрлі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруын қадағалап отырамыз.

Өндірісті жаңғырту үдерісіне, экологияны қорғау ісіне ерекше назар аударылады. Салық төлемақысы ерекше бақылауда. Егер ірі өнеркәсіп кәсіпорындары бұл талаптарға сай келмесе, біз серіктестікті тоқтатуға мәжбүр боламыз. Бұл – ешқандай қорқыту емес, керісінше бүкіл өркениетті әлемде қабылданған қарапайым, адал және әділ жұмыс ережелері.

Қазақстанда олигархтық капитализмнің заманы өтіп, ел азаматтарының алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кезең жетті. Азаматтарымызға тиімді әрі әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін, ел экономикасында жетекші орындағы бизнес керек.

Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту қажет. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын.

Көлді сақтау және каналды қалпына келтіру үшін барлық шаралар қабылдануы керек. Қазір суды тазартып, тұшытатын заманауи технологиялар баршылық. Қандай шөлді жер болса да, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Әкімдік ірі бизнес өкілдерімен бірге бұл жұмысты мықтап қолға алуы керек.

Менің тапсырмаммен ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштан мониторинг жасалды. Республика бойынша игерілмей бос жатқан 20 миллионнан астам гектар жайылым жер анықталды. Оны мемлекет меншігіне қайтарумен айналысатын арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде 4,2 миллион гектардан астам алқап қайтарылды. Соның ішінде 1,1 миллион гектар жер Қарағанды облысына тиесілі.

Әлемде 9 орын алатын ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда жайылым тапшылығы деген – еш қисынға келмейтін нәрсе. Осы кең байтақ жеріміздің игілігін латифундистер емес, қарапайым халық көруі керек.

Сондықтан, ендігі мәселе – қайтарылған жерді жергілікті шаруаларға әділ бөліп беру қажет. Сонда ғана фермерлердің өз шаруашылығын адал жүргізуге сенімі артады.

Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет инфрақұрылымын дамыту.
Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың тұрмысына тікелей әсер етеді. Мен ұрпақтың сапалы білім алуына баса мән беріп отырмын. Менің бастамаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Оны бүкіл еліміз бойынша жүзеге асырып жатырмыз.

Алдағы 3 жылда осы өңірдің өзінде 28 мыңнан астам балаға арналған жаңа мектептер салынатын болады. Келесі жылы құрылыс басталады. Сондықтан, жер телімін бөлу және оны коммуналдық желілерге қосу мәселесі қазірден бастап шешімін табуға тиіс.

«Медициналық білім беру жүйесін дамыту – басты міндеттің бірі. Қарағанды медицина университеті бүкіл еліміз үшін білікті мамандар даярлайды. Бұл оқу орнын дәрігерлер ұстаханасы деуге болады. Құзырлы министрлік университеттер жанынан 5 аурухана салу туралы жоба ұсынды. Соның бірі Қарағандыда салынады.

Университет клиникасының құрылысы келесі жылы басталуы керек. Оны заманауи құралдармен жабдықтау қажет. Клиника осы өңірде медицина ғылымын дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге тың серпін береді ден сенемін.

Бірлік, ынтымақ, толеранттылық, өзара құрмет, жанашырлық және әрқашан бір-бірімізге қол ұшын беруге дайын болу біздің дәстүріміз бен мәдениетіміздің негізінде жатыр. Біздің ұлттық болмысымызды қалыптастыратын бұл бірегей құндылықтарды жасанды идеологиялық құрылымдарға телу оңай емес. Бірақ, менің ойымша, бұған қажеттілік жоқ.

Қазақстан Республикасының көк паспорты біздің ұлттық бірегейлігіміздің қарапайым, бірақ басты көрсеткіші болуы керек екеніне сенімдімін. Бұл құжат – біздің мемлекеттілігіміздің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны.

Қазақстан Республикасы азаматының паспорты іргелі құндылықтарды білдіреді. Соның арқасында біздің еліміз бүкіл әлемге этносаралық және дінаралық толеранттылықтың жарқын үлгісі ретінде танымал болды. Қазақстан паспорты – әділдіктің және ұлттың болашаққа ұмтылысының символы.

Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді. Шет мемлекеттердің визаларын беруді қоса алғанда шетелде қазақстандық паспортқа қатысты қандай да бір шектеулер жоқ.

Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздің теңгерімді әрі жауапты сыртқы саяси бағдары мен ішкі саясатының тікелей нәтижесі.

Қарағанды – қайнаған еңбектің ортасы. Терең шахтада жұмыс істеу, жалын атқан пеш қасында тұрып болат қорыту – оңай шаруа емес. Сіздер күрделі еңбек жағдайына қарамастан, өндірісте тер төгіп, елімізді дамытуға зор үлес қосып отырсыздар.

Мен баршаңызға табанды еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, жастарды сіздерден үлгі алуға шақырамын. Еңбекқорлық – баршамызға ең қажет қасиет.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support