Білім

Талант тасада қалмайды

Талант тасада қалмайды

Нұрғиса Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатта әдеби-мәдени іс-шаралар жиі өтіп тұрады. Жақында аталған білім ошағында Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай екі байқау бірден ұйымдастырылды. Шерхан Мұртазаға арнау өлеңдерді мәнерлеп оқу бойынша өткен сайыста 9-сынып оқушысы Меруерт Мейірхан жеңімпаз атанды. Ол Бақыт Беделханның «Шер-аға да өтті дүниеден» атты өлеңін керемет шабытпен, үлкен толғаныспен жатқа оқыды. Ал «Ай мен Айша» романының кейіпкерлері бойынша сурет салу байқауында да 9-сынып оқушысы Шерхан Жолтай мағынасы терең, бояуы көркем суретімен жеңімпаз атанды. «Біз Шерханнан болашақта үлкен суретші шығады деп ойлаймыз», – дейді сурет үйірмесінің жетекшісі Айман Орманова. Мектептің ұйымдастырушы педагогі Айжан Қадірқызының да еңбегі ерен екенін айта кеткен жөн. Іс-шараны аталған мектеп-интернаттың директоры Эльмира Жақсылықова, қазылар алқасының төрайымы, Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығы «Шерхантану» бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Мая Әзімқұлова қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дипломмен марапаттады.  

Есет ДОСАЛЫ