Экономика

Күміс қанат «құстар» алысты жақындатады

Күміс қанат «құстар» алысты жақындатады

Бір кездері дәурені жүріп, еліміздің әуе тасымалы саласында ерекше үлес қосқан «Әулие-Ата» әуежайы нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде қаржы қыспағынан көп қиындыққа тап болды. Жұмысын өндіртіп жүргізе алмады. Көптеген рейс қысқарып қалды. Жасыратыны жоқ, мұндай жағдай еліміздің көптеген әуежайларының басым бөлігінде орын алған еді. Енді міне, Қазақстан экономикасы қуат алып, әуе тасымалына деген сұраныс та артып отыр. Бұл – «Әулие-Атаның» да жұмысына жан бітіреді деген сөз. Соған байланысты біз Үкіметтің қолдауымен жеке инвестиция көздері бойынша әуежай базасын жаңғырту жұмыстарын қолға алдық. Ұшу-қону жолағының құрылыс жұмыстарын 2013 жылдың мамыр айында бастадық. Бұл бағыттағы құрылысты қаржыландыру 100 пайыз Көлік және коммуникация министрлігінің қаражаты есебінен жүргізілді. Нәтижесінде жолақтың ұзындығы 3500 метрге, ал, ені 60 метрге кеңейтілді. Жолақтың жоғары қабаты берік асфальтты-бетон материалымен жабылған. Оның төзімділігі PCN = 45 F/B/X/T коэффициентін құрайды. Мұндай мүмкіндікпен біз «Боинг», «Эйрбас» сияқты ауыр әуе кемелерін қабылдай алатын болдық. Яғни, Тараздан шыққан ұшақтардың құрлықтың үлкен қалаларына тікелей жол тартуына бұдан былай техникалық кедергілер болмайды. Сондай-ақ, ұшу-қону жолағы соңғы үлгідегі жарықтық белгі беретін қондырғымен жабдықталған. Әуежайдың, жолақтың бұдан өзге де бағыт беретін «оттары» ерекше күшейтілген. Сондықтан, ол жарықтар ауа райының кез-келген қолайсыздығы кезінде де көрініп тұрады. Бұл жұмыстардың барлығы республика бюджетінің 4,7 миллиард теңге қаржысына жүргізілді. Сонымен қатар, әуежай қожайыны – «SCAT» компаниясының жеке қаржысы есебінен де қосымша жолдар кеңейтіліп әрі күшейтіліп, перрон мен тұрақ орындары толығымен жөнделді. Осының арқасында әуежай бір мезетте сегіз реактивті ұшаққа, оның ішінде «Е» класына жататын «Боинг-747», «Ан-124», тіпті, «Эйрбас» сынды қанатының өзі 70 метр болатын төрт әуе кемесіне қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Әуежай акционерлері жаңа әуебекеті кешені құрылысын да қолға алып, оған өз инвестицияларын құйды. Терминалдың жалпы аумағы 6038 шаршы метрді құрайды.Қазір мұнда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы бітіп қалды. Жаңа кешен әуежайға келген жолаушылар легіне жоғары деңгейдегі сервистік қызметтер көрсете алатын болады. Оған қоса, мұнда екі телескопиялық трап, сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсете алатын жеті тіркеу тұрағы, төрт лифт пен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қызмет көрсететін құрылымдар іске қосылмақ. Осы жылдың соңына таман біз Мәскеуге және еліміздің батыс қалаларына қарай бағыттағы рейстерді ашуды қолға алмақпыз. Ал, келесі жылдан бастап, Қытай, Түркия және басқа да шетелдерге шығатын рейстердің мәселесі шешіле бастайды. Бір сөзбен айтқанда, «Әулие-Ата» әуежайымен жамбылдықтар ерекше мақтанатын болады.

Анатолий НЕСТЕРЕНКО, «Халықаралық Әулие-Ата әуежайы» АҚ басқарма төрағасы.