- Advertisement -

Си Цзиньпин айтқан Сәулебек кім?

94

- Advertisement -

Жақында ғана Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапармен келіп кеткені туралы жан-жақты хабардармыз. Осы маңызды оқиғаның алдында республикалық «Казахстанская правда» газетінде «Продолжить традицию китайско-казахстанских отношений и открывать новые возможности» («Қытай-қазақ байланыстарын жалғастыру және жаңа мүмкіндіктер кезеңі») деген тақырыпта Қытай басшысының көлемді мақаласы жарияланды.

Онда Си Цзиньпин мырза Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруы бойынша достас Қазақстанға сапармен келетіндігін еске сала отырып, Қытай мен Қазақстанды ортақ таулар мен ұлы өзендердің бөліп тұрғандығын атап көрсеткен. Биылғы жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орныққанына 30 жыл толатындығын, бұл жылдар екі ел арасындағы өзара көршілік қарым-қатынасты дамытудың лайықты үлгісін әлемге танытқандығын атап көрсетті. Қытай төрағасының айтуынша, өткен 30 жылда қытай-қазақ достығының одан әрі нығая түскен кезеңі болды.

Қазіргі кезде Қазақстанда бес Конфуций институты, төрт Қытай жоғары оқу орнының базасында Қазақстанды танып-білуге арналған орталықтар ашылған және екі Қытай жоғары оқу орнында қазақ тілі оқытылуда. Осы арада Қытай басшысы қазақстандық маман Сәулебек Қабылбековтың Хэйлунцзян провинциясындағы Дацина қаласындағы офтальмологиялық клиникада 24 жылдан бері қарай 200 мың қытайлықтарға ем қолданғанын зор қанағат сезіммен атап көрсетті.

Қалың Қытайдың ортасында қызмет жасап, абыройға бөленіп жүрген және Қытай сияқты алып державаның басшысының аузынан жоғары бағаланған бұл қандай қазақ болды екен деген сұрақ әрбір оқырманның көңілін күпті қылғандығы рас деп ойлаймын.

Сонымен, Си Цзиньпин мырзаның назары түскен Сәулебегіміз кім, қай жақтың тумасы?

Сәулебек Қабылбеков өзіміздің Сарысу ауданындағы Саудакент ауылының тумасы. Саудакент ауылындағы (ол кезде Байқадам деп аталады) ҚазақКСР-ның 40 жылдық атындағы орта мектепті 1966-1976 жылдары оқып бітірген. Өзінің таңдауы бойынша 1976 жылы Алматы медициналық институтына оқуға түседі, бір жылдан кейін Қарулы Күштер қатарына алынып, Севастопольде әскери теңіз Флотында қызмет атқарады. Әскерден босағаннан кейін оқуын мамандығы бойынша Мәскеудегі Даңқты Патрис Лумумба атындағы университетте медицина мамандығы бойынша жалғастырады. Көз дәрігері мамандығын алып шыққаннан кейін Сәулебек біраз жыл Жамбыл, Алматы қалаларында қызмет атқарады. Содан кейін дәм-тұзы айдап, Қытай басшысы атап көрсеткендей, соңғы 24 жылда Қытайда мінсіз қызмет атқаруда.

Сәулебек туған жерден байланысын үзбеген азамат. Ауылда бірге туған ағалары, апа-қарындастары бар, ағайын-туыс, достармен байланысын жоғалтпаған. Мектепте бірге оқыған облысқа белгілі азамат Жангелді Жайлауұлы, қаржы-есеп маманы Адай Түймебаев, Біржан Қасымбеков, тағы басқа да достарымен жыл аралатпай кездесіп тұрады, қызықшылықтарының ортасында болады.

Көршілес жатқан ұлы мемлекет Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин сияқты аса көрнекті мемлекет қайраткерінің аузына іліккен Сәулебек Қабылбековті жерлестері сөз жоқ мақтан етері даусыз. Биыл зейнет жасына жетіп, қалаған кәсібінен нәсібін теріп жүрген Сәулебектің абыройға бөлене беруіне жерлестері шын жүректен тілегін арнайды.

 

Жаңабай МИЛЛИОНОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support