- Advertisement -

Алты алаштың баласы бас қосса, төр — мұғалімдікі

114

- Advertisement -

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Жалпы, мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін адам. Сонымен қатар ол тек тәрбие ғана бермей, мектеп табалдырығынан бастап ес білгеніңе дейін білім нәрімен сусындатып, ақыл-ойыңды кеңейтуге септігін тигізуші адам. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтқан екен. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау. Ұстаз болу – жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру.

Менің өмірімде жақсы көретін ұстаздарым өте көп. Олардың бірі және бірегейі – Т.Рысқұлов ауданы, Жақсылық ауылының тұрғыны, ардагер-ұстаз Әнуарбек Тұрманбетов. Бүкіл өмірін ұстаздық жолға арнаған ағайым ұзақ уақыт Көкдөнен ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің директоры болды. Тарих пәнінен тағылымды сабақ берді. Бізге тек тарихтың терең оқиғаларына ғана үңілуге емес, жалпы тіршіліктің бастауынан сол кезге дейінгі тарихи даму жолдарымыздан сабақ бере отырып, жаңадан өсіп келе жатқан жас өскіндерге жаңа бағытты нұсқады, адал жолмен, білім жолымен жүруді үйретті.

Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізеттілік білдіргені белгілі. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын Аристотельді, Абылай хан Төле биді, Шәкәрім Абайды, Бердақ Күнқожаны, Жамбыл Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген.

Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алатын болған екен. Сол сияқты бізге де бұл кісінің үйретері көп болды. Бүгінгідей тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан қазіргідей жарқын кезеңге жетіп отырғанымыздың өзі – осындай өз ісіне, мамандығына адал ұстаздардың арқасы. Сондай-ақ осындай озық білімді де білікті жандардың еңбегінің еленуі де орынды.

Әнуарбек ағайым еңбек еткен жылдары Жақсылық ауылының түлектері Бірыңғай ұлттық тестілеуден түгелдей дерлік жоғары балл алып, өтпей қалғандары болмайтын. Міне, осыдан-ақ ол кісінің бала тәрбиесіне, ғылым-білімге деген көзқарасын, ауыл балаларының білімін шыңдауға қосқан еңбегін білуге болады. Өткен жылы ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында ұстазым Әнуарбек Тұрманбетовтің Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы атанғанына шын жүректен қуандым.

Егер біз болашағымыздың баянды, ел еңсесі тік болуын қаласақ, ұстаздардың мәртебесін арттырып, ерен еңбегін лайықты түрде бағалауымыз шарт. Себебі, «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» екенін ұмытпайық!

 

Толқын ӨМІРБАЕВА,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support