Нұржан Нұржігітов әлеуметтік нысандарға 5 қазаннан бастап жылу беруді тапсырды

25

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов жылыту маусымына барлық дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың 10 қазанына дейін аяқталатынын айтты.

Өңірде 9 негізгі жылу энергетика кәсіпорыны және 565 автономды қазандық бар. Олар 1 647 көпқабатты тұрғын үй, 782 білім, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысанын жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы көлемі 1,117 млрд. теңгеге жылыту маусымына дайындық іс-шаралары жұмыс кестесіне сәйкес толығымен атқарылды.

Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген облыстағы 1 647 көппәтерлі тұрғын үйдің бүгінгі күнге жылыту маусымына дайындығы 98 пайызды құрайды.

Бюджеттік ұйымдарды жалпы 65,3 мың тонна көмірмен қамтамасыз ету жоспарланған.

Биыл «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында 8 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға ауыстыру үшін 599,1 млн. теңге бөлінді. Жоспар бойынша ол жұмыстар 10 қазанға дейін аяқталмақ.

Басқосуда облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен баяндама жасап, әлеуметтік нысандардағы көмірдің сапасы мен қолжетімділігіне жүргізілген тексеру қорытындысын баяндады. Нұржан Нұржігітов анықталған кемшіліктер бойынша жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Облыста жылыту маусымы шамамен 10 немесе 15 қазанда басталады деп күтілуде. Дегемен, Нұржан Нұржігітов 5 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарды жылу жүйесіне қосуды тапсырды.

Аймақ басшысы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жіті бақылауда болатынын, қойылып отырған талаптың да қатаңдығын ескертті.

Нұржан Нұржігітов жылу мен ыстық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді, коммуналдық қызметтер үшін берешекті қайтару бойынша жұмыстарды күшейтуді, жөндеу жұмыстарының барысын бақылауда ұстауды міндеттеді. Балабақшалар, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар айрықша назарда болуы тиіс.

— Жылыту маусымына барлық қазандықтар мен жылу энергетика кәсіпорындары уақытылы дайын болуы керек. Сондай-ақ, халықты көмірмен қамтамасыз етуге жеткілікті көңіл бөлген дұрыс.  Жылыту маусымы кедергісіз және кемшіліксіз өтуі қажет, — деп атап өтті облыс басшысы.

Ағымдағы жылы газ тартылып жатқан елді мекендердің тұрғындары бұған дейін пайдаланып келген қатты отынмен жылыту жүйесінде сақтап қалуы маңызды. Себебі, құжаттама жұмыстарында қандай да бір кешігу қаупі туындаған жағдайда да, олар қыс мезгілінде көгілдір отын тапшылығын сезінбеуі тиіс. Осыған назар аудартқан аймақ басшысы тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп,  олардың қазірден қажетті қатты отынмен қамтасыз етілу керектігін баса айтты.

Comments are closed.