- Advertisement -

Өңір экономикасын өрге сүйреген өнім

141

- Advertisement -

Картоп елдің сүйікті тамағына айналған өсімтал дақыл. Оның екінші нан аталуы да жайдан-жай емес. Астықтан кейінгі орынға шығуының себебі де оның құнарлылығында жатыр. Бүгінгі таңда картоп көп ас мәзірінің құрамына енген.

Картоп өсірумен облыста айналысатын ауданның бірі – Жуалы. Ол бүгінде аудан өндірісіндегі негізгі өнім болып табылады. Республикамызда картоп 15 ауданда өсірілсе, алдыңғы орында 26,3 пайызбен Алматы облысы тұр, соның ішінде Жамбыл облысының үлесі 8,4 пайыз ғана.

Картопты экспортқа шығару 2015 жылға дейін 8 мың тоннадан аспаса, одан бергі жылдары оның көлемі 50 мың тоннаға жетті. Соңғы уақытта картоп экспорты арта түсті, өткен жылы экспортқа 347 мың тонна жіберілді. Осылайша Қазақстан әлемдегі картоп экспорттаушы елдер арасындағы он мемлекеттің қатарына енді.

Біздің картоптың негізгі экспорты Өзбекстан Республикасы. Дақылдың 92,6 пайызы сонда, ал 6,1 пайызы Түркменстан, бір пайызы Тәжікстан мемлекеттеріне өткерілуде. Ресей мен Украинаға жіберілген экспорт көлемі өте төмен. Ал азықтық картоптың импорт көлемі экспортқа қарағанда тым аз мөлшерде. Қазақстанға картоп Ресейден, Ираннан және Қырғыстаннан жеткізілуде.

Биыл облыста картоп 11639 гектар алқапқа отырғызылды. Мұндағы негізгі үлес Қордай (3750 га) мен Жуалы (2708 га) аудандарының үлесінде. Жуалы ауданындағы картоп өсірушілердің 70 пайызын шаруа қожалықтар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері құрайды. Өткен жылы аудандағы ішкі жалпы өнім 61,9 мың теңгені құрап, оның 60 пайызға жуығы, яғни, 36,5 миллион теңгесі ауыл шаруашылығы үлесіне тиесілі болды.

Жылына бір адам орта есеппен 95-105 килограмм картоп өнімін тұтынады екен. Ауданда отырғызылған 2708 гектар картоп алқабынан 60 мың тоннадан астам өнім жиналады. Оны әр адамға шаққанда 1169 килограмнан айналып, өзін-өзі асыру деңгейі 9 есені құрайды. Бұл наннан кейінгі екінші орын. Ал бұл тұтыну норма көрсеткіштері әр мемлекетте аймақ ерекшелігінің, ұлттық асханасының өзгешеліктеріне байланысты құбылып отырады. Мысалы, Италияда 36, Финляндияда 60, Әзірбайжанда 75, Белоруссияда 170 килограмнан айналады.

Тарихқа жүгінетін болсақ, картоптың отаны – Оңтүстік Америка (Перу, Боливия, Чили). Титикака көлінің бассейнінде тұрғылықты үндістер жабайы картоп өнімін пайдаланудан басталған дерек бар. Көпшілік зерттеуші ғалымдардың деректері бойынша Еуропаға жер шарын аралап өткен монах-саяхатшы Нероним Кордан XVI ғасырда Испания жеріне жабайы картопты корзинамен жеткізген екен… Еуропада да бұл «жер алмасы» деп аталып, ел халқы оны тағам ретінде қабылдамапты.

Францияның бір дәріхана меңгерушісі Пармантье деген кісі өз үйінің ауласында картоп өсіріп, оны тағамға пайдаланып жүреді. Біраз уақыттан кейін «өзім жей бергенше, басқалар да жесін», деген ниетпен, әрі бұл дақылды ел арасына тез тарату мақсатымен картоптан түрлі тағам дайындап, ел патшасымен қоса белді адамдарын қонаққа шақырады. Дастарқанға басқа тағамдармен қатар картоптан әзірленген тағамдарды басымдау етіп қояды. Тағам оларға ұнайды. Бұл жағдайды байқаған Пармантье патшадан осы дақылдың халық арасына кеңірек тарауына қолдау көрсетуді сұрайды.

Дегенмен бұл мәселеде патшадан көрі, оның жұбайы – ханым Мария Антуанеттаның әсері көбірек болса керек. Үй иесі дастарқан жайылар алдында ханымға картоп гүлін ұсынады. Ханым гүлдің әдемілігіне сүйсіне қарап тұрып шашына қадайды. Осылай істеуі мұң екен, патша айналасындағыларға ертеңгі күні-ақ картоп гүлін сұрап алып шашына, камзолға таға бастайды. Осылай картоп гүлін тағу Францияға әрі тез, әрі кең тарайды. Ақырында картоп гүлі жетіспеуге айналады. Оны барқыттан қолдан жасап таға бастаған. Қолдан жасалған гүлден гөрі табиғи гүлге не жетсін – гүлді көбейту үшін үйлерінің қасына картоп егумен айналысады. Сөйтіп картоп егу көлемі артады. Сөйтіп картоп басты тағамдардың бірі есебінде бүкіл Еуропаға тарап, дастарқан үстінен құрметті орынды алған.

Ресейге картоптың тарауы бірінші Петрдің тұсында басталған. Ол XVII ғасырдың аяғында Голландиядан жолдастары арқылы бір қап картопты граф Шереметьевке сыйлық ретінде беріп жібереді. Сөйтіп оған оны отырғызуды бұйырған. Ал ІІ Екатерина патшаның тұсында картопты таратуға жаңадан күш салынады. 1765 жылы мемлекеттік медициналық коллегияның ұсынысы бойынша үкімет «тартуфель» немесе «картофель» деп аталатын «жер алмасын» өсіру жөнінде жарлық шығарады.

1975 жылы Қазақтың картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері Л.Бобров пен Л.Терехинаның «Картоп: әрі нәрлі, әрі дәнді» деп аталатын кітабын «Қайнар» баспасы қазақ тілінде басып шығарды. Онда картоптан жасалатын 600 тағамның түрі көрсетілген.

Картоп қазір жер шарының барлық түкпірінде өсіріледі. Бүгінде оның 200-ден астам түрі бар, оның 150 түрі түйнек береді. Біздің Отанымызда картоптың бір ғана түріне жататын 50-ден астам сорты отырғызылады.

Картоп тағамдық мақсатта ғана егілмейді. Ол жақсы мал азығы болып табылады. Оның бір килограмында 840 калория күш беретін углевод, белок, витамин, тұз бар. Бұдан кейін оған техникалық шикізат деген атақ беріліпті. Одан спирт, басқа да толып жатқан заттар алынады. Мысалы, бір гектар алқапқа егілетін картоптан 1700 литр спирт алсынса, осындай алқапқа себілген арпадан бар болғаны 360, бидайдан 350 литр спирт алынады екен.

Картоп түйнегінің бірі тағам ретінде күш берсе, екінші бірі автомобиль дөңгелегі мен кинофотопленкаға, сүңгуір қайықтар мен ұшақтарға жағылатын лакқа, жасанды жібек пен иіс майға, түрлі пластмассаларға, тағы басқа да жүздеген қажетті заттарға айналады.

Ауданда жыл сайын картопқа арналған алқап көлемі 3-5 пайызға ұлғаюда. Негізінен Нұрлыкент, Ақтөбе, Қызыларық, Мыңбұлақ, Көкбастау, Ақсай ауылдық округтеріндегі елді мекендерде картоптың «Крона», «Алладин», «Латона», «Гала» және «Ароза» сияқты өңірге бейімделген, аудандастырылған сұрыптары отырғызылуда. Соңғы жылдары бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстар қолға алынып, агротехникалық шаралар, тұқым мәселесі тыңайтқыштар мен арнайы техникалар қамтамасыз етіліп, ғылыми жолмен бұл рентабельді өсімдікті қолға алынғаны қуантады. Ауданда картоп өндірумен елге белгілі азаматтар, шаруа қожалық жетекшілері К.Бегалиев, А.Елекбаев, А.Мұртаза, Е.Сейдалиев, Д.Үсенбеев, Р.Панштейн, Б.Тәжіхан, Т.Тойдыбаев, Н.Исақов, З.Сұлтанмұратовтар тұрақты айналысуда.

Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі. Жуалылық картоп отырғызушылар жоғары репродукциялы тұқымдарды отырғызып, жыл сайын мол өнімге қол жеткізуде. Үстіміздегі жылы агротехникалық шараларды сақтай отырып 64 мың тонна өнім жиналады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда әрбір гектарынан орташа өнім 240 центнерді құрауда. Кез келген өсімдікті өндіруде ауыл шаруашылығы техникаларының рөлі зор. Ауданымызда картоп агротехникасына арналған ауыл шаруашылық техникалық парк жыл сайын 7-15 пайызға жаңаруда.

Ауданда диқандарды жоғары репродукциялы картоп тұқымымен қамтамасыз ету мақсатында биыл «Зылиха» шаруа қожалығы – репродукциялы тұқым өндіретін «Тұқым шаруашылығы» статусына өтті. Бүгінгі таңда қожалық биыл Голландия мемлекетінен алдырған «Артемис» сұрыпты элиталы картоп тұқымын жерсіндіруде. Олар «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтымен тығыз өндірістік-экономикалық байланыс орнатқан. Сонымен қатар – картоп облыстағы, республикадағы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауары тізіміне енген. «Зылиха» шаруа қожалығы ғана бүгінгі таңда «Тараз кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен тиянақты жұмыс істеуде. Осылайша аймақты жергілікті картоппен қамтуға өз үлестерін қосуда.

 

 Әбдікерім ҮРКІМБАЕВ,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support