- Advertisement -

Жер бай болса, ел тоқ болады

97

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты биылғы қыркүйектегі Жолдауында: «Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді мемлекетке қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын» деп Үкіметке, түрлі деңгейдегі әкімдерге нақты міндет жүктеді.

 Бұған дейінгі Жолдауларында да, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында да Мемлекет басшысы игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтару туралы нақты тапсырмалар беріп келді. Бұл ретте «Aq jol» газеті Мемлекет басшысы міндеттеген жер мәселесін күн тәртібінен түсірмей, облыстағы жағдайдың барысы туралы оқырмандарды хабардар етіп отырды.

Сарысу ауданында қолға алынып жатқан шараларға тоқталар болсақ, аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерболат Ұзақбековтың мәліметінше, жұмыс бес бағыт бойынша жүргізіліп жатса керек. Аудан бойынша босалқы жер қорындағы жайылымдық жерлерді елді мекендерге бекіту мақсатында аудандық жер қатынастар бөлімі мен облыстық жер қатынастар басқармасымен бірлесіп, осы бағытта ауылдық округтер бөлінісінде тиісті карта дайындалған. Нәтижесінде барлығы 49,4 мың гектар жетіспейтін жайылымдық жерлер 9 ауылдық округке маусымдық жайылымдық ретінде аудан әкімінің қаулысымен бекітіліп берілген.

Жоспар бойынша 41 мың гектар болып белгіленсе, 121 пайызға асыра орындалыпты. Барлық ауылдық округтегі жайылымды пайдалану жоспары мен сызбасы дайындалып, ережеге сәйкес құжаттары мәслихат сессиясында бекітілген. Бөлім басшысының айтуына қарағанда жайылым жетіспеушілігі жоқ.

Ауданда 25 елді мекен бар, 5 шақырым радиуста 37,8 мың гектар жайылымдық жер орналасқан. Оның 7,9 мың гектар жайылым жері 28 шаруа қожалығының иелігінде екен. Бүгінге дейін 4 шаруа қожалығы 1070 гектар жайылымдық жерді өз еріктерімен қайтарған. Ал өз еркімен қайтарудан бас тартқан 14 шаруа қожалығының 15, көлемі 3286, 6 гектар болатын жерді мәжбүрлеп қайтару бойынша тиісті қаулы қабылданып, тәуелсіз бағалаушылармен есептеліп, нәтижесінде 36892 996 теңге қажет екені анықталған. Ендігі кезекте қалған 10 шаруа қожалығының 3,6 мың гектарды құрайтын 10 жері бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

«Мал басы көп тұрғындарды орман қоры жеріне шығару» бағытында да қолға алынып жатқан жұмыс бар. Былтыр аудан бойынша малы көп 18 тұрғын 11,3 мың гектар орман қоры жеріне 1821 бас мал шығарған. Ал биыл орман қоры жеріне 57 жер пайдаланушы, оның ішінде 47 жеке тұлға, 10 шаруа қожалығы, 49663 гектар жерге келісімшартқа отырыпты. «Шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға келісімге меморандум жасау» бағытында да біршама жұмыс атқарылған. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің жалпы көлемі 615,6 мың гектар, оның ішінде жайылым 506,2 мың, шабындық 37,4 мың, бөгде жерлер 47,7 мың, егістік 24,2 мың және көпжылдық екпелер (тал-дарақтар) 157 гектарды құрайды. Бүгінде жалпы алғанда 98 шаруа қожалығымен 74 мың гектар болатын жеріне кедергісіз мал жаю үшін меморандум жасалған.

«Пайдаланбай жатқан және Қазақстан Республикасы Заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан жерлерді анықтау бойынша комиссия құру туралы» аудан әкімінің биылғы 12 тамыздағы өкімімен жұмысшы топ құрылып, жедел іске кіріскен. Аудандық жер қатынастары бөлімі «БН-Экотехнология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген 60000 гектар жайылымдық жерді қайтару мақсатында атқарылған жұмыстың нәтижесінде аудан әкімдігінің қаулысымен 60000 гектар, кадастрлік құны 336 000 000 теңге болатын жер телімі мемлекеттік жер қорына қайтарылған.

Бүгінге дейін 13 шаруа қожалығынан 64,1 мың гектар жайылымдық, 116 гектар суарылмайтын егістік және 9 гектар шабындық жерді шаруалар өз еріктерімен қайтарды. 80780 гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталып, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасына шара қолдануға жолданған.

Жолдау жүктеген міндеттерді орындау барысында аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басқа да жұмыстарды жүйелі түрде атқарып отырғанын аңғардық. Жер – мемлекет байлығы, оның ұлтарақтай жері бос жатпауы керек. Жер адамға жұмыс істесе ел тоқ болады. Түрлі себептермен игере алмай жатқан жерлерін өз еріктерімен аудандық жер қорына қайтарып жатқан сарысулық шаруалардікі жөн енді. Жер алған соң, шаруалар оны игеруге тиіс.

 

 Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support