- Advertisement -

Азаматтар араша сұрайды

365

- Advertisement -

– Соңғы үмітім Мемлекет басшысында. Ұлым мен немеремнің жазықсыз жаламен түрмеге тоғытылғаны қабырғамды қайыстырады. Өзім сегіз баланы дүниеге әкелген ардақты анамын. Бұл күнге дейін перзенттерімнің жаман аты шыққан жоқ. Бақберген бала күнінен кәсіпкерліктің сан-саласын игеріп, өзінің еңбегінің арқасында абыройға бөленді. Өкініштісі, осы ұлымның басына іс түсіп, немерем Рахат екеуі әлі күнге тергеліп жатыр. Содан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Ұлым мемлекет мүлкіне залал келтірмеді, пара алған жоқ. Отанына қастандық жасамады. Сондықтан оны үйқамаққа ауыстырып, осы істі Мемлекет басшысы өз бақылауына алса деген аналық тілегім бар. Осындай жағдайлардан соң, Бақберген жүректен инсульт алса да, кепілдікпен үйқамаққа шығарылмады. Ал қысымға шыдай алмаған немерем өз-өзіне екі рет қол салмақ болған, – дейді Бақберген Мәуленовтің анасы Жанар Ысқақова.

Ал кәсіпкердің бауыры Нариман Мәуленов бұл айыптаудың қарыздары жабылып, табысқа шыққан компанияны рейдерлік жолмен тартып алу әрекеті екенін жеткізді. Оның сөзінше, бауырына тағылған «мемлекеттің қыруар қаржысын қолды етті» деген айыпқа байланысты облыстық қаржы басқармасының өкілдері түсініктеме беріп, өздерінің жәбірленуші емес екендіктерін қағаз жүзінде жазып, ауызша айтса да, іс тоқтатылмаған.

Айта кетейік, бүгінде Бақберген Мәуленов ұлы Рахатпен бірге өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №67 мекемесінде тергеуде отыр. Жақында ғана кезекті рет өткен сот отырысында ол бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат беріп, жалған жаланың құрбаны болғанын әрі бюджеттің ақшасына қол салмағанын жеткізді.

– Бізді бір жыл үш ай болды ұстап отырғандарына. Не кепілдікпен, не денсаулығыма байланысты жібермейді. Біз Президентке сан рет қайырылдық. Мәселемізді Президент бас прокуратураға жіберді. Бас прокуратура облыстық прокуратураға жолдады. Мекемеміз 2017 жылы 100 миллион шығында, 2018 жылы 96 миллион шығында болды. 2019 жылы біз келіп аталған 96 миллион шығынды жауып, керісінше пайдасын арттырдық. 2020 жылы 437 миллион пайдаға шықты. Жұмысшыларға жағдай жасадық, айлықтарын көтердік. Ғимараттарды қайта жаңғырттық, материалдық техникалық базаны жаңарттық. Өз ақшамыз үшін өзімізді кінәлі етіп отыр. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлынан араша сұраймын, – деді Б.Мәуленов.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support