- Advertisement -

Отбасы құндылығын арқау еткен қойылым

165

- Advertisement -

Жамбыл жерінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры қонақта! Кеше шығармашыл ұжым белгілі орыс драматургі Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді…» атты драмасын сахналады.

Асхат Маемировтың режиссурасымен қойылған қойылым қоғамдағы өзекті мәселе – ажырасу жайын қаузады. Спектакль Митя және Катя есімді екі жас кейіпкердің қызғаныш, ұрыс-керісі, бірін-бірі түсінбеушілігінен бастау алады. Жалпы сахнада актерлар саны өте көп. Оның ішінде әр жұптың ажырасу мәселелерінің түрлі себептері көрсетіледі. Сөйтіп қазіргі кездегі бірін-бірі түсіне алмай жүрген жастарға, көрермендерге көп ой салмақтайды.

Актерлардың ойыны өте шебер. Көрерменді бірде күлдіртіп, бірде жылата білді. Режиссердің айтуынша, біздің қоғамдағы маңызды мәселенің бірі – отбасылық қарым-қатынас.

 

«Жайшылықта біз адамның жабырқаған жанына үңіле бермейтініміз жасырын емес. Мұндай қойылымдар көрерменді өзінің ішкі жандүниесіне үңілуге әсер етеді. Спектакль арқылы адамзат өміріндегі маңызды мәселелердің мәнін іздеп, мағынасын ашуға, көрермен санасында сілкініс тудыруға тырыстық», дейді режиссер.

Осылай бір қойылымнан бірнеше отбасының тағдыры таразыланды. Әрқайсысы өз өміріне өкпелі. Талай отбасының шырқын бұзуға себепкер болған жағдай – қызғаныш. Актерлер өздері сомдаған кейіпкерлердің тағдырын осы тұрғыда шынайы шебер көрсете білді. Бір өкініштісі, біреу қателігін кеш түсінсе, енді біреу оны мүлдем түсінбейді. Сондықтан бақытты бағалап, отбасынан артық байлықтың жоқтығын әркім түсінуі керек. Қандай қиындықтар болса да, жұбайлар бәріне төзіп, болмашы дүниелерге ажыраспай, отбасы мен бала-шағасының болашағын ұмытпауы керек деген ой түйіледі.

«Мен сені сағындым. Қоштасқым келмейді. Біз мәңгі бірге боламыз» деген сөздермен аяқталатын спектакль әрбір адамды қоштасу алдында жүректің үнін тыңдауға үйретеді.

Спектакльді тараздықтармен бірге облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы келіп тамашалады. Қойылым соңында өңір жұрты актерларға тік тұрып қошемет көрсетіп, өнер ұжымына облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support