- Advertisement -

Тұрғындардың талап-тілегін тыңдады

44

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, облыс, қала, аудан әкімдері халықпен ұдайы кездесу өткізіп, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түруде. Бұған дейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жиырмадан астам елді мекенге ат ізін салып, өңірдегі түйінді мәселелерді жіті назарға алыпты. Халықпен кездесіп, қордаланған мәселелерді қалт жібермеуді үрдіске айналдырған өңір басшысы кеше Жамбыл ауданына арнайы барып, Аса, Гродеково ауылдарындағы жұртшылықтың талап-тілегіне құлақ түрді.

Нұржан Молдиярұлы кездесуде алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында көзделген межелі міндеттер туралы айтып берді. Оның ішінде Жолдаудағы айқындалған бес негізгі бағыт бойынша өңірде іске асқан және жоспарға енген тапсырмаларды тізіп шықты.

– Біріншіден, Жолдауда атап көрсетілгендей, жаңа экономикалық саясат бағдарында жеке кәсіпкерлерді ынталандыру, бәсекелестікті арттыру және монополия нарығындағы тарифті инвестицияға айырбастау мәселелері бойынша алдағы 2-3 жылдың шеңберінде тарифтерді өсіріп, соның есебінен кәріз жүйелерін жаңарту мәселесі қарастырылады. Әрине, бұл шаруаға республикалық, облыстық бюджеттен де қаржы қаралады. Бұдан бөлек 2023 жылы жаңа салық кодексі енгізіледі. Екіншіден, нақты секторды дамыту бағыты. Өздеріңіз білетіндей, өңірде 2019 тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған пилоттық жоба іске асқан болатын. Жолдауда осы пилоттық жоба ерекше аталды. Мемлекет басшысы жобаны елдегі басқа да өңірлерде іске асыруды тапсырды. Әрине, жобаға 2019 жылдан кейін Республикалық бюджеттен қаржы қаралмады. Алайда қайтарым қаражаты есебінен былтыр 3 ауылдық-округке 2,5 пайызбен несие бердік. Оның ішінде Жамбыл ауданындағы Өрнек ауылы да бар. Енді биыл бюджетті нақтылау кезінде бюджеттен тағы 6 миллиард теңге қаражат бөлінеді деп топшылап отырмыз. Егер қаражат қаралса, әр ауданнан бір-бір ауылға 2,5 пайызбен несие үлестіреміз. Жалпы 2025 жылға дейін ауылдық округтерге 2,5 пайызбен несие беруді толық іске асыру жағын ойластырып отырмыз,–деген Нұржан Молдиярұлы Президент Жолдауындағы басқа да негізгі міндеттерге кеңінен тоқталды.

Өңір басшысы осы тұста білім және денсаулық сақтау саласындағы жобаларды да тілге тиек етті. Соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асатынын және мектеп құрылысына республикалық бюджеттен қаралатын қаржының көлемі 500 миллиардқа жеткенін хабарлап, көпті қуантып тастады. Енді заманауи «жайлы мектептер» 300-ден астам оқушысы бар аумақтарда салынады деп күтілуде. Облыс бойынша биыл 22 мектептің құрылысы басталса, 13 мектеп пайдалануға берілген. Сондай-ақ жыл соңына дейін тағы 4 мектептің құрылысы аяқталса, басқасы келер жылға өтпелі.

Кездесуде Аса ауылының ақсақалдары шаруашылығын өркендетуге ниетті ауыл тұрғындарына су мәселесі қолбайлау болып тұрғанын айтты. Олардың айтуынша, ауылдағы 50 шаруа қожалығына көлемі 12 шақырымнан асатын «Қуат» каналының суы жетпейді. Қайбір жылы осы каналда жөндеу жұмыстары басталып, соңы аяқсыз қалған көрінеді. Бұл сауалға жауап берген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірде су жүйелерін реттеп, арық, каналдарды жөндеуге бағытталған шаруалар жайында тарқатып айтты. Облыста жөндеу көрмеген 183 каналдың бар екенін жеткізген өңір басшысы облыста ирригация жүйелерін қалпына келтіру, 6 су қоймасын салу сынды бірнеше ауқымды жоба бар екенінен хабардар етті. Сонымен қатар көп ұзамай жөндеуден өтетін каналдардың ішінде «Қуат» каналы да бар.

Кездесуде Аса ауылына жақын 100-ге жуық шаңырақ тұратын Рахат ауылының тұрғындары ауылдықтарды газ және мектеп тапшылығы алаңдататынын жеткізді. Бұл ретте жауапты мамандар Рахат ауылына биылдан қалмай газ кіретінін және бұдан бөлек аудандағы 8 ауылдың көгілдір отынға қосылатынын айтып қуантып тастады. Осы орайда облыс әкімі Нұржан Нұржігітов елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, 2025 жылға дейін елді мекендерді 100 пайыз газбен қамту көзделгенін айтты. Ал Рахат ауылына 100 орындық жаңа мектеп салу жоспар бойынша алдағы уақытта іске аспақ.

Басқосу барысында Аса ауылының тұрғындары облыс әкіміне тұрғын үй, жер және шаруашылыққа қатысты өзге де сауалдарын қойып, оған мардымды жауап алды. Осы күні Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауылы Гродиково ауылдық округіне де барып, тұрғындардың мәселесіне назар аударды. Мұнда ауылдықтар мектеп, спорт алаңшасын салу сынды сұрақтарға мардымды жауап алса, жоғары жылдамдықты интернеттің жоспар бойынша тартылатынын білді. Сонымен қатар кездесу соңында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауылдықтарды жеке қабылдап, тұрғындардың жеке мәселелеріне де назар аударды.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support