Әлеумет

Әлем қолөнершілері Әулиеатаға келді

Әлем қолөнершілері Әулиеатаға келді

Тараз қаласының тарихы тым тереңде жатыр. Жібек жолы бойындағы көне шаһардың сауда-саттықпен шұғылданып, қолөнер бұйымдарын жасауда ежелден қалыптасқан өзіндік жолы мен орны бар. Ал енді елімізге ғана емес әлемге де Әулиеата атымен танымал Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне еніп отыр. width=

Осыған орай Тараз қаласында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық қолөнершілер көрмесі өтті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм және индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспековті және аталған көрмеге өз қолөнершілерін бастап келген Азия және Тұнық мұхит аймағы қолөнершілері дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Мұртазаевты, Қырғыз Республикасы іс басқармасына қарасты қолөнершілер кеңесінің бас директоры Эльдар Аптоқұловты, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлиеваны қабылдады.  width= «Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар ежелгі қала. Алайда бүгінгі таңда заманға сай түрленіп, жаңарып отыр. Біз сіздермен осындай ерекше сәтте кездескенімізге қуаныштымыз. Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы тізіміне енгізілуі – үлкен мәртебе. Сіздерге абырой мен табыс тілеймін», деді Нұржан Молдиярұлы. Мұнан соң Дастан Рыспеков сөйлеп, Тараз қаласы еліміз бойынша аталған тізімге енгізілген бірінші қала екенін айтты.  width= Сондай-ақ сырт елдерден келген өзге қонақтар да пікірлерін ортаға салып, өздеріне көрсеткен құрметі үшін облыс басшысына алғысын білдірді. Жиынды облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қорытындылап, қонақтарға алғыс айтып, сый-сияпат жасады. «Көне Тараз» мәдени-тарихи кешенінде ұйымдастырылған халықаралық қолөнершілер көрмесіне келушілердің қарасы қалың болды. Оған әлемнің бірнеше елдерінен кесте тігіп, ою ойған, темірден түйін түйген шеберлер қатысты. Олардың өнерлі қолдарынан шыққан бұйымдар саудаға түсіп, жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Түркия, Голландия, Үндістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғыз елдерінен және бірқатар мемлекеттерден келген қолөнердің үздіктері сан алуан бұйымдарымен көрменің көркін қыздырды. Мұнда қойылған қолөнер бұйымдарын тамашалап, саудалап жүргендер де жеткілікті.  width= Мәселен, түркиялық Адым Асик деген шебер былғарыдан жасалған бұйымдармен ерекшеленсе, Үндістаннан келген шеберлер Анкар Шагон мен Арора Хайдарали кестелі орамалдарымен ел назарын аударды. Бір орамал бағасы 30 АҚШ доллары немесе 14 мың теңге. Біз бұл жерден Аружан Әбдіхалық, Альбина Жұлдызбекқызы, Айша Ермахан секілді Тараздағы «Аспара» сән колледжінде оқитын студент қыздарымыздың аудармашы болып қызмет жасап жүргеніне қуандық. Шетелдіктермен сөйлесіп, тілге келуімізге де өзіміздің студент қыздар тілмаштық жасап, көмектесіп жіберді. Голландиялық шеберлердің таза былғарыдан жасалған ер және әйел сөмкесінің бағасы 100-130 мың теңге көлемінде екен. Оны да қызығып сатып алушылар табылып жатты. Ерлі-зайыпты шеберлер Шүлей Рахымов пен Зухра Облобердиева Өзбекстанның Бұқара облысынан келіпті. Әкелген сувенирлік заттарының бағасы 1 мың теңге мен 20 мың теңге аралығында. Зухра Облобердиева Германия мен Бельгияда өткен халықаралық көрмелерге қатысқан қолөнер шебері екен. Өзбекстанның мемлекеттік «Достық» орденінің иегері. Өзбекстанның Сухандария облысынан келген сән дизайнерлері Малика Подшаева, Зухра Бишманова, самарқандтық қолөнер шебері Мұхтасар Мамбетвалиева алып келген тақия, қолғап, аяқкиім, балалар аяқкиімінің де саудасы қызды. Тәжікстандық шебер Ирбахим Мырзозода сиырдың мүйізінен жасалған сувенирлік заттарымен көзге түсті. Ұсталық аталарынан ұзақ жылдар бойы мұра болып келе жатыр екен. Көршілес Қырғыз елінен келген қолөнер майталманы Гүлзипа Рахманқұлованың да қолынан шыққан қалпақ, тақия, шахмат тақтасы, белдік, былғары сөмке, құрақтарды да сатып алушылар аз болмады. Аталған көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм және индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков және облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бірге аралап, бұйымдардың сапасына және саудалану барысына назар аударды. Оларды облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков және сән дизайнері, аталған көрмені ұйымдастырушыларының бірі Айдархан Қалиев жұмыс барысымен таныстырды. Бұл көрмеге еліміздің бірқатар облыстарынан да қолөнершілер шақырылды. Мәселен, келген қонақтардың назарын қызылордалық Бекзат Жақыповтың құмыра ыдыстары, Жансара Бөлегенованың оюлы текеметі аударды. «Сырдарияның жағасында қырық үйден құралған ауылдан келдім. Кәсібіміз – осы қолөнер. Бар өнерімізді салып жасаған бұйымдарымызды саудаға саламыз», дейді ҚР қолөнершілер одағының мүшесі Ж.Бөлегенова. Астаналық Жанар Қошаева жастық, бөстек, қыз жасауы, түрлі моншақтарды қолдан тігетін шебер. Тіпті қасына Медина Жұмәділдә атты шәкіртін ертіп әкеліпті. Шәкіртін де тігін ісіне баулып жүр екен. «Моншақтың неше түрін өзім дайындай беремін», дейді Медина Жұмәділдә. Тараздық кәсіпкер Сәуле Рысбаеваның төрт тілге аударылып жазылған анықтамалары бар сувенирлері, бес тіл қамтылған кітаптары да қонақтардың назарын аударды. Жерлесіміз Рахат Сапаралиеваның қолынан шыққан бұйымдарға да тамашалаушылар жақсы баға берді. Тараздағы «Нақты көмек» қоғамдық бірлестігінің мүшелері әзірлеген бұйымдар да жақсы бағасын алуда. Қолөнер шебері Гүлжазира Құдайбергенова мұнда бірнеше шәкірттерінің бұйымдарын әкелгенін, олардың көпшілігі мүмкіндігі шектеулі жандар екенін айтты. Түркістан облысынан келген шебер Дәурен Міншарипов өзі қолымен жасаған қобызын Астанадан келген қонақтардың алдында тартып берді. Ұста бұл қобыздың құнын 450 мың теңгеден кем болмайтынын айтты. Бұл дегеніңіз өнерлі адамның табысы да төмен болмайтынын байқатады. Түркістандық шебер Қалмырза Тасовтың күміс алқалары да өтімді тауар. Таза күмістен құйылып жасалған алқаның құны 250 мың теңге болатынын айтты. Шымкент қаласынан келген ұста Абдулла Наурызбаев ақбөкендерді бейнелеген үлкен сувенирді 100 мың теңгеге бағалаймын деді. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» атты жұмысы 80 мың теңгеден кем емес. Жетісу облысынан келген «Алтын адам» шеберлер орталығының бұйымдары да көздің жауын алады. Аталған орталық жетекшілері Динара Бәкірова, Айжан Тілепбекова жұмыстарын таныстырып өтті. Ер-тұрман әбзелдер жиынтығы 200 мың теңге мен 650 мың теңге аралығында. Алматы облысынан келген қолөнер шебері Жеңіскүл Дәулетова аяқкиімдер, қыз жасауын әкеліпті. Мүйізден жасалған сәндік заттар 150 мың теңгеден бағаланатынын айтты. Ал Алматы қаласынан келген зергер Рыскелді Мұсаевтың зергерлік бұйымдары 15 мың теңгеден басталып, 450 мың теңгеге дейін жалғасады. Мұнан соң өңірлік коммуникациялар орталығында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты баспасөз мәслихаты өтті. Бұл жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм және индустрия комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков және облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Азия және Тұнық мұхит аймағы қолөнершілері дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Мұртазаев, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлиева қатысып, өтіп жатқан халықаралық көрменің барысы жайлы ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, аталған комитет төрағасы Дастан Рысбек «Халықаралық қолөнершілер кеңесі Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнерші қалалар тізіміне қосты. Осы жетістікпен сіздерді құттықтаймын. Енді тараздық қолөнер шеберлері де әлемдік деңгейдегі майталмандармен тәжірибе алмаса алады. Өздерінің мүмкіндіктерін де шетелге көрсететін болады» десе, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек «Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі 1964 жылы Бельгияда тіркелген. Содан бері 59 қала тіркелген. Оның ішінде Өзбекстанның 4, Қырғыз елінің 1 қаласы бар. Қазақстаннан тұңғыш рет Тараз қаласы осы мәртебелі жоғары кеңестің тізіміне еніп отыр. Бұл алдағы үлкен мүмкіндіктерге жол ашылды деген сөз», деді. Сондай-ақ олар БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді. Мұнан соң сырт елдерден және өзге облыстардан келген қонақтарға арналып, «Көне Тараз» кешеніндегі амфитеатрда Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері концерт қойды. Осы концерттен соң Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енгізілгені туралы мәлімет ресми түрде жарияланды. Бұл – бірнеше мыңжылдық тарихы бар Тараз шаһары үшін үлкен жетістік.  

 Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген

Алтынбек ҚАРТАБАЙ.