Әлеумет

ҚОРҚОР ТАРТЫП ҚОР БОЛМА

ҚОРҚОР ТАРТЫП ҚОР БОЛМА

12 11 8Баяғыда қорқор деген нәрсенің бар екендігін тек кинолардан көріп, әдеби кітаптардан ғана оқушы едік. Онда шалдар мен шығыстың әміршілері шынтақтап жатып қорқор шегіп, рахатқа батып отыратындықтан тек соларға ғана лайықты дүние сияқты көрінуші еді. Кейінгі жылдары бұл беймәлім зат Қазақстанға да келіп жетті. Жаңадан келген таңсық дүние талайдың әуестігін оятып, тіпті көпшілік жұрт дәмін татып та үлгерді. Сонымен, қорқор дегеніміз не? Алдымен соған тоқталып өтейікші. Қорқор – темекі өнімдерін тартуға арналған құрал. Оның тағы бір атауы – кальян. Ол парсы тілінен аударғанда жұтатын түтінді сүзгіден өткізіп, салқындатып шегуге арналған құрал дегенді білдіреді. Үндістанда пайда болып, кейін Азия, Солтүстік Африка арқылы Еуропаға жеткен деген мәлімет бар. Алғашында оның ыдысы түтін жұтуға емес, бағалы тастарды сақтауға арналыпты. Кейін әлдекімдердің басына тың идея келсе керек, қорқорды темекі өнімдерін тартуға пайдаланып көріп, содан бастап осы мақсатта қолданылып кеткен. Оны бастапқыда көңіл көтеру үшін емес, терең ойға шомып отырып тартатын болған. Мұны темекі шегудің экзотикалық түрі деп те айтуға болады. Ал, қазіргі заманда қорқор тарту көңіл көтерудің ерекше бір түріне айналып кетті десек, қателеспейміз. Бүгінде жас-кәрісі демей қорқор тартып түскен суреттерін әлеуметтік желілердегі парақшаларында жариялау сәнге айналды. Бір өкініштісі, осы құмыра тәріздес сиқырлы заттың ұзын түтігінен көк түтінді будақтатып, бактерияға бөгіп отыратындар ағзасы қаншалықты уланып жатқандығын білмейтін сияқты немесе әдейі білгісі келмейді. Әйтпесе, жылдам хабар алғызған қазіргідей заманда тым болмаса ғаламтордың көмегімен шегіп отырған өнімінің не екендігін, қандай «пайдасы» бар екендігін ашып оқып көрулеріне болады ғой. Жалпы, әрбір саналы адам алған тауарының сыртына бір көз жүгіртіп, бұрын көрмеген таңсық дүниесі болса, алдымен оның пайдасы мен зияны туралы мағлұмат білгені дұрыс. Әрине, нарық заңында пайда табу үшін өнім шығарушылар түрлі айла-шарғыға барады. Мәселен, кальян темекісінің сыртындағы «никотині жоқ» деген жазуға мүлдем сенуге болмайды. Бұл, маркетингтік тұзақ қана. Қорқордың түтіні қалың. Сондықтан «шағын самаурынды» ортаға алып көк тұманның ішінде отыратын көңіл көтерушілер өздерін шығыс атмосферасында отырғандай көңіл-күйде сезінуі мүмкін. Тіпті, кальян барлардағы «Кальян – Шығыстың сиқыры мен хош иісі» деген аяр сөздер тұтынушыларының бастарын жадылап тастайды. Кальянға қызығатындар оны – темекі мен ішімдікке қарағанда зияны жоқ деп ойлауы мүмкін. Оның адам ағзасына қаншалықты зиян екендігін бізге тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің облыс бойынша департаменті, тағам объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Махфуза Давилова айтып берді. «Қорқор – бұл улардың, қарамайдың, канцерогендер мен бактериялардың өте зиянды қоспаларын адам ағзасына тез жеткізетін «сәнді» аппарат», – деді ол. Мәселен, оның түтінінің улылығы шылымдікінен бірнеше есе жоғары. Жалпы, қорқордың адам ағзасында қоздырмайтын ауруы жоқ десе де болады. Ол да темекі өнімдері арқылы әзірленетіндіктен, қорқор – өкпе, бауыр, бүйрек, бұлшықет, ми, жүрек-қан тамырлары ауруларын тудырып және қатерлі ісіктің түрлерінің өршуіне әкеліп соқтырады. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласында бірнеше кальянға зерттеу жасап, оның құрамында қауіпті заттардың бар екендігін анықтапты. Зерттеудің алғашқы нәтижесі қазақстандық мамандарды таңғалдырды, алаңдатты да. Себебі, кальяндардан ішек және көк іріңді таяқшалар, зең, ашытқыш саңырауқұлақтары, стафилококк ауреус секілді көптеген бактериялар табылды. Ал, кальян суында бұлардан бөлек, туберкулездің кох таяқшалары, гепатит вирустары бар екендігі анықталды. Кальян құтылары залалсыздандырылмайтындықтан, жұқпалы аурулардың қайнар көзіне айналып кетіпті. «Қорқор құтысындағы су сүзгіш зиянды заттарды сүзіп алады» деген де пайдакүнемдердің бос сөзі екен. «Су сүзгі бола алмайды. Түтінмен келетін бензол, бензпирен, соның ішінде никотин сынды улы органикалық заттар, суда мүлдем ери алмайды. Керісінше, кейбір микроорганизмдер сулы жерде тез дамып, көбейеді. Жоғары температурада олар өкпенің ең терең тұстарына дейін дендеп кіріп алады», – деді сол кезде еліміздің бас эпидемиолог дәрігері. Көз алдыңызға елестетіңізші. Бір түтікті айналдырып бір топ адамның кезегімен ауызға салып шығудың өзі гигиенаға жат емес пе? Сонымен қатар, қорқор тартып отырып, спиртті ішімдік ішу де ағзаны одан бетер құртады. Бұл екеуін қатар қолдану, адамның гені бұзылып, ДНК-сының мутациялануына әкеліп соқтырады екен. Ал, бұл кейінгі ұрпағыңда небір құбыжықтар дүниеге келеді деген сөз. Сонымен, елімізде өткен жылы қоғамдық орындарда, соның ішінде мейрамхана, кинотеатр, клуб секілді көпшілік демалатын жабық орындарда кальян шегуге тыйым салынды. Махфуза Давнилова аталған мерзімде облыста 351 сауда орны мен 41 қоғамдық тамақтандыру орындарында арнайы рейдтер жүргізілгендігін, алайда бұл туралы күні бұрын хабарланып қоятындықтан, рейд кезінде ешқандай кальян табылмағандығын жеткізді. Ал, биыл шағын және орта кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғандықтан, мамандар тексеру жүргізе алмайды. Тек тұтынушы шағым түсірген жағдайда ғана, құзырлы органның оларды тексеруге құқығы бар. Алайда, ешкім қорқордан қорлық көрдім деп жақ ашпапты. Әрине, пенде болған соң, адамдар бұрын сезінбеген жаңа эмоцияларды байқап көргісі келеді. Сондықтан, 1-2 рет дәмін татып көрем деп жүріп, сиқырлы құмыраның қасында сенделіп жүретіндігін де сезбей қалады. Оның көзді арбайтын ыдысынан бөлек, жеміс-жидектің, сүттің, коньяктың дәмін беретін алуан түрлі хош иістері де бар. Бұл кальянның жағымсыз дәмін жасыру үшін пайдаланылады. Бір атап өтерлігі, Франция, Эстония, Финляндия, Бельгия, Испания, Англия, Біріккен Араб Әмірлігі сияқты көптеген елдер зардабын түсінген соң, қорқорды тартуға тыйым салды. Алдағы уақытта, елімізде де оған заң жүзінде мүлдем тыйым салынбақ. Әйтпесе, тұтынушылар ғаламтордағы «ашық-шашық дүкен» арқылы кальянның түр-түрін тапсырыс арқылы сатып алуда. (Онда кальянның бағасы бес мың теңгеден бастап шарықтай береді). Оны үйлеріне алдырып, достар арасында кальян отырыстарын ұйымдастыру да дәстүрге айнала бастады. Жалпы, халқымыздың салтында мұндай нәрсе болмағандықтан өзге елдің ежелгі рәсіміне үйір болмаған жөн. Сондай ғаламтор дүкенінің бірінің жарнамасында: «Курение кальяна – одно из немногих занятий, где удовольствие получаешь от процесса, а не от результата» депті. Бірақ, оның нәтижесінің қандай қорқынышты екендігін көпшіліктің бағамдай бермейтіні өкінішті...

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».